КҮРМЕУЛЕР ШЕШІЛЕТІН КҮН ЖАҚЫН

Уақыты: 15.06.2024
Оқылды: 299
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Текелі – өңірдегі жалғыз өндірістік қала. 31 мыңнан астам тұрғыны бар шаһарды таза ауыз сумен қамтуды Мемлекет басшысының өзі тапсырған еді. Тапсырманың аты тапсырма. Орындалуы керек. Шаһар басшысы Алмас Әділ екі жылға таяу уақыттан бері текеліліктерге таза су беруге тырысып бағуда. Бірақ, қанша жылдан қордаланған мәселе бірден шешілмейтін сықылды. 


Рас, былтыр бұрын салынған ұңғымалардан қалаға дейін 15,5 шақырым су желілерін тартты. Ұңғымаларға сорғы стансысы  орнатылды, су сақтайтын 2 дана резервуар салынды, бактерицидтік құрылғылар қойылды. Сол жобаның құны  994 млн. теңге еді. Бірақ, текеліліктердің бөркін аспанға ататындай шаруа шешілмепті. Алмас Әділ қаладағы су құбырлары ауыспай тұрғындар толық таза су тұтынбайтынын алға тартып отыр.

Себеп неде? Текелі қаласы әкімінің сөзінше, осы уақытқа дейін лайсаң су құбыр біткенді батпаққа толтырыпты. Ал сол батпақ құбырды жаңаламайынша кетпейді екен. Алмас Әділ желілерді қазып, көзбен көргенін, 100 милиметрлік құбырдың ішкі қабырғасына жабысқан лай қалыңдығы адам шошырлық деңгейде екенін жеткізді. Әкімнің түсіндіруінше, құбырдың ішкі бөлігіндегі су жүру мүмкіндігі жартысына жетпейді. Әбден ескірген құбырлар істен шыққанда тұтас Текелі сусыз қалады екен. Себебі, тесілген құбырды жөндеу үшін су тартқыш насостарды уақытша тоқтатуға тура келеді. Қаладағы желіні бөлшектеп, ажырату мүмкін емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті бюджеттен 168 млн. теңге қаралыпты. Одан өзге «Қора» фильтрлеу стансысы да биыл                 

300 млн. теңгеге ағымдық жөндеуден өтеді екен. Қала әкімі Алмас Әділ жылдар бойы қордаланған мәселені сатылай шешпек.

Айтпақшы, Текелі қаласы әкімін де, халқын да көп сұрақтың астында қалдырған мәселе шешілетін күн жақын. «Green House – зеленый дом» жылыжайы 2019 жылдан қара құлыппен тұрған еді. Сол құлыпты ашу «Зеттекнолоджи» ЖШС-на бұйыратын түрі бар.

– 80 адамды жұмыспен қамтыған жылыжай  5,6 гектар жерді алып жатыр. «Зеттекнолоджи» ЖШС-нің директоры Сергей Чайжунусовпен келістік. Жылыжай аумағындағы 10,5 гектар жерге жаңа жылыжай да салады. Ал, тұралаған жылыжайдың «ҚазАгроФинанс» АҚ алдындағы қарызын жауып, ескірген құрылғыларды жаңартуды да қолға алады, – деді Алмас Әділ. 

Жыл басында газетімізде Текелі қаласындағы қорғасын-мырыш комбинатынан шыққан қалдықтар алқабы туралы жазғанбыз. Базыналап қала әкіміне де жолықтық. Мәселені шешу жайын сұрағанбыз. Сонда Алмас Әділ қоқыс тінін тарқатуды алысқа ұзатпайтынын жеткізген. Әкім мәрт пе, әлде берген уәдесін орындауды құп көрді ме, қаупі бес елі қоқыс алаңын тазартуға бел шеше кіріскендей. Қанша жылдан жинақталған бұл қоқыс – жай қоқыс емес. Астына талай пайдалы қазбаны бүккен кен орны десек, жаңсақ болмас. Текелілік әкімнің сөзінше, қазір осы орында жұмыс жүргізуге 2 компания құлықты екен. Әзірге біреуі министрліктен барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсат алыпты. Миллиондаған тонна қоқысты әрі кәдеге жаратуды, әрі қоршаған ортаға зиянын азайтуды қолға алмас бұрын зерделеу жұмыстары жуық арада басталатын көрінеді. 

Текелі қаласы бұрынғыдай моно қала емес, өндірісі өрісті қалаға айналды. Қазір мұнда 49 кәсіпорын бар. Дейтұрғанмен, қаланың тынысын ашуда туризмді дамыту маңызды. Табиғаты келісті, маңайы көрікті қаланың ажарын Д. Қонаев атындағы көше қашырып тұр. Көше атауы емес, көшенің нақ өзі. Еліміздегі ең ұзын көше саналатын осы даңғыл әлі күнге іргесі бүтінделмей келеді. Қалаға келгеннің ығырын шығаратын осы мәселе де шешілетінін жеткізді Алмас Әділ. Бірақ, қаланы газдандыру жұмыстары аяқталмай іс басталмайтын секілді. Әкім Қонаев көшесінің қалаға кіреберісінен Гагарин көшесіндегі көпірге дейінгі аралық қайта жаңғыртылатынына сендірді. Оған бюджеттен 1,9 млрд. теңге қаржы бөлінбек. Ал әрмен қарайғы бөлігін орташа жөндеуге екі жоба жасақталып, біріне 899,4 млн. теңге, екіншісіне 163,4 млн. теңге қаралатынын тілге тиек етті. Алайда, бұл 2025 жылға жоспарланған жұмыс.

Сонымен, Алмас Әділ Текелі қаласының басты мәселелерін шешуге білек сыбана кіріскендей. Жыл басында «Jetisý» газетінің тілшілері «Нысана» айдары негізінде қала әкіміне осы үш мәселенің шешілу жолын сұрай барған. Текелілік әкім түйіндерді шешуге кірісетінін, жылыжайға инвестор тартатынын, комбинат қоқысын қалыпқа келтіретінін, Д. Қонаев көшесін жөндейтінін айтып, уәдесін берген. Сол уәдесін орындауға кіріскендей. Бастысы, журналистер қауымы елдің еңсесін тіктейтін бұл жобалардың жүзеге асқанын назарда ұстайтын болады.

Дастанбек САДЫҚ