Өткен жолғы жазбамызда тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан және Қарақалпақстан Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Уахит Хамзаұлының (Шәлекенов) сұхбатынан сыр тартып, «Құмаршық» сөзінің төркіні туралы толғандық. Естеріңізде болса, ғалымның «Көшпенді» сөзіне жаны қас деп қатты қайырымға барған едік. Бәлкім, жаратпайтын, ұнатпайтын сөзі деген де жөн шығар?! Десе де біреуі қатты, біреуі жұмсақтап айтылған сөз болғанымен түпкі төркіні бір емес пе? Ендеше, ғалым не үшін жылдар бойы қазаққа телініп келген «көшпенді» сөзін жаратпайды? «Көшпенділер ұрпағымыз» деп ұрандайтын, аспан асты, жер үстін желіп-жортып жүріп мекендеген елдік сипатымыздың бұл тұсына келгенде демтүйнектей демігіп сөйлейтін болдық па? Ойландырған сауал.
Өркениет көшіне, тарихтың түпкі бастауына көз жіберсек қазақтың қасиеті мен киесін, ұлт ретіндегі ұстынын айшықтайтын бірнеше атау бар. Мәселен, көктүріктің ұрпағы, жылқы мінезді, тұлпардай текті, жауынгер халық, жылқының жалы, түйенің қомында күн кешкен секілді сипаттар мен атауларды қазаққа қосып айтамыз. Соның бірі – «көшпенді халық ұрпағы» деген атау. Алайда мұны кейбір ғалымдар мүлдем қабылдамайтынын, байырғы бабаларымыз көшпенді болмағанын айтады. Ал біздің ойға орам, тебіренісімізге тиек болған Уахит Хамзаұлы: «Қазақтар көшпенді деген сөз дұрыс емес. Қазақтар еш уақытта көшпенді болмады. Олар жайлаған жеріндегі табиғи географиялық жағдайға икемделіп, сол жердің байлығын үнемдеп пайдаланып өмір сүрді. Қыстайтын жерде қыстаған, жайлайтын жерінде жайлаған, шөбін шапқан, егістік егетін жер болса, егін еккен. Жері көп болғаннан кейін малды көбірек баққан, бірақ та сығандар сияқты сандалып, күндіз-түні арбаның үстінде, түйенің қомында көшіп жүрмеген. Сондықтан қазақ, жалпы түркі халқын «Көшпенді халық» деп атау, бұл – еуропалық центризм, ұлтшылдық саясатынан келіп шыққан нәрсе!», – дейді. Сонымен қатар қазақ жер-жерді ру-руға бөліп иемденгенін, өз жеріне өзгенің малы кірсе шу-шұрқан болып, өрісінің байлығын, жер ананың өтеуін сұрағанын айтады. Қазақта екі дау басты мәнге ие болғанын, олар жер мен жесір дауы екенін де айшықтайды. «Егер қазақ өз жерін қорғамаса, жер дауы қайдан шықты?» деген сауал тастайды.
Жер адамның байлығы, мекені, түлігінің тебіндер де отығар, жайылар өрісі екені анық. Шұрайлы жеріне жат ауылдың малы кірсе аттандайтын, ақысын талап ететіні анық. Қарапайым мысал ретінде бүгінгі күнге сәп салсақ, еккен егініне түскен малды қамап, «маңдай тер, табан ақымен өсірген егінімнің ақысын төле» дейтін дала заңдылығы әр ауылда бар. Жоңышқа мен жүгері, бидайға әуес ауылдағы азғантай мал (сауын, сойыс мал) үшін осылайша ақысын өндіріп алады. Бұл байырғы жер дауымен сабақтасып жатқан дүние. Алайда, осыған қарап қазақ отырықшы болды деп айта аламыз ба? Бұл да ойландыратын дүние.
Ғалымдар мен тарихшылардың толғамына қарап отырсақ «көшпенді» сөзін қуаттайтындардың саны басым. Алайда кейбір кесек тұлғалар қазақ деп сөйлегенде, тарихтан сыр тартқанда «көшпенді» деген атауды ауызға алмапты. Соның бірі Әлкей Марғұлан деседі.
«Менің ұстазым, академик Әлкей Марғұланның еңбектерінен де, менің еңбектерімнен де «қазақтар көшпенді» деген сөзді таба алмайсыздар. Көшпенділікке әруақытта біздер қарсымыз, «көшпенді болмаған» деп жазып келе жатырмыз. Соған қарамастан, отаршылдардың маңдайымызға басқан таңбасы сияқты «көшпенді» деген сөзден әлі айырылмай жүрген азаматтар бар», – дей келе бұл сөзден құтылған дұрыс деп өзіндік үнін болашақ ұрпаққа аманаттап айтқандай болады. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар, мұғдары айқын, мұраты анық, мұрадым-мақсаты мұқым елдің «көшпенді» өміріне негізделген қазақтың қасиеті мен тегіне бұл сөздің топшыдай тоқайласып, тиектей ілгек болары бар ма? Мәселен, «елім-айлап» көшкен, етігімен су кешкен кешегі қиын замандағы үркіншілік пен көшу мақсатымыз – «жан сақтау» деген жалғыз сөзге төркін болды. Түлігінің санына қарап дәулетін мөлшерлеген замандағы бабаларымыз жердің шұрайлысын, өрістің құнарлысын таңдап қыс қыстау, жаз жайлауға бет түзеді. «Сонда осыны негіз етіп «көшпенді халық болғанбыз» деуге құқылымыз ба?» деп өзің де ғалым пайымына икемделіп сала береді екенсің.
Алайда, екінші жағынан саябыр тапқан салқын көзқараспен толғансаң, «Көшпенді» деген сөзден ұлтқа тән ерекшелік сезініп, айбарымыз бен сесіміз, рухымыздың кемел екенін де осы атаумен өлшегенімізді мақұлдайсың. Ал кей ғалымның сөзі жоғарғыдай болып шықты ғой. Яғни, көшпенді елміз деудің реті жоқ екен. Кім білсін, бәлкім, солай да шығар?!
Десе де көкейде «көшпенді» деген сөздің түпкі төркіні «қазақ халқы артта қалған ел» деген сөз емес қой деп те толғанасың. Дәл осы толғамды уақытында Қасымхан Бегманов Уахит Шәлекеновқа қойыпты. Ал ғалым болса: «Көшпенді халық адамзат тарихында еш уақытта өркениетке жетпеген. Ал, біздің халық орталық Азияны мекендеген, жалпы түрік халқы өркениетке алғаш болып иелік етті. Батысқа, өзінің көршілеріне оң ықпал тигізген. Өркениеттің ошағы осы біздің Орталық Азиядан Батысқа қарай тараған деген заңдылық бар. Мұны еуроцентристер бұзып, керісінше, айтып жүр», – деп толғанады.
Жалпы ғалымның сөзіне сүйенсек, бүгіндері түркітілдес халықтардың ешқайсысы «көшпенді елміз» деген ұранға бармайды екен. Мұны қазақ қана нақыштап, нақтылап айтып-жазып жүргені баршамызға аян. Бұл тұрғыда да: «Өзбек халқының тарихында бұрын көшпенді өзбек деген бір бөлімше болатын. Қазір оны алып тастады. Өзбек халқы көшпенді болды деген сөзді қазір олардың тарихынан таба алмайсыз. Қырғыз, түрікмен, татар, башқұрт халықтары да көшпендіміз деген сөзді айтпайды. Сондықтан көшпенділік дегенді қою керек, ол шындыққа жатпайтын, отаршылдардың бізге жапсырып кеткен таңбасы ғой. Көшпенділерде тұрақты мекендер мен қалалар болмайды. Бізде 1000-2000 жылды қамтитын қалалар жеткілікті», – деп айшықтайды.
Осылайша толғанған ғалым, тарихшы сөзіне сенсек «көшпенді» сөзінің мәні, салмағы төмен секілді көрінеді. Алайда біз баяғыдан көшпенді халық сипатында рухтанып келдік емес пе? Тіпті, бүгінгі жасалып жатқан көп шара, «Көшпенділер ойыны» секілді ірі жобаларды қайда қоямыз? Ойланатын, ойландыратын сауал-ау.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ