Дені саудың – жаны сау. Осы тұрғыда спорттың адам өміріне тигізер пайдасы орасан. Жеткіншектердің тынбай шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанғаны маңызды.
Волейбол оқушылардың физикалық және әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқарады. Үйірмені ұйымдастыру оқушылардың физикалық төзімділік пен үйлестіру қабілетін шыңдайды. Сонымен қатар, жастардың әлеуметтік дағдыларын қалыптастыру үшін де маңызды. Топпен жұмыс істеуге машықтандырады десек қателеспегеніміз.
Волейбол үйірмесінің сабақтарын жоспарлап, тұрақты жаттығулар жүргізіп отырған мұғалімнің ұпайы түгел болмақ. Балалардың мектеп және мектепаралық жарыстарға қатысуын үнемі қадағалап, тәжірибелі жаттықтырушылармен шеберлік сабақтарын өткізіп отырса жүлделі орындардан көріну оңай болатыны сөзсіз. Оған мектеп іс-шараларындағы презентациялар мен қатысушылардың оң пікірлері арқылы да қол жеткізуге болатынын айта кеткеніміз дұрыс.
Балалардың сабақтан тыс уақытта волейболмен айналысқан тиімді болатыны ақиқат. Себебі оларға ашық ауада демалуға мүмкіндік береді. Бұл физикалық денсаулықты нығайтып қана қоймай, жалпы тәртіп пен оқу үлгерімін жақсартады.
Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте бірнеше жылдан бері осы волейбол үйірмесі жұмыс істеп келеді. Оқушыларым аудандық, облыстық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары. Осы жетістіктің бәрі жүйелі жұмыстың нәтижесі деп ойлаймын.
Қорыта келе, мектепте волейбол үйірмелерін ұйымдастыру оқушылардың жан-жақты дамуына, олардың белсенділігін арттыруға және командалық рухты қалыптастыруға ықпал етеді. Дұрыс жоспарлау, әртүрлі жаттығулар және жаттықтырушының қолдауы жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығы мен ерік-жігерін қамтамасыз етеді.
Дастан ДАЛАБАЕВ,
Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің
дене шынықтыру пәні мұғалімі
Шоқан ауылы,
Кербұлақ ауданы