НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТЕДІ

Уақыты: 11.08.2024
Оқылды: 362
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Жасым 78-де. Үйімді банк тартып алды. Алматыдан келсем, есікте қызыл лента тұр. Құлпын ауыстырған. Ашылмайды. Әп сәтте-ақ пәтерімнен айырылып, далада қалдым. Тіпті, ішіндегі заттарымды адвокат жалдап жүріп, әрең алдым. Үйім сатылған соң да қарыз толық өтелген жоқ. Зейнетақымнан ұстап отыр. Қазір пәтер жалдап, кім көрінгеннің босағасын тоздырып жүрмін. Қай жерде дүние саларым белгісіз», – деп көз жасына ерік берген кейуананың ащы зарын тыңдау, жүрекке салмақ салады. Қазақ «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегенді тегін айтпаса керек. Бірақ несие аларда банкке кепілдеме ретінде біліп тұрып сол үйді қойды емес пе? Несиені не үшін алған деп сұраңызшы. Әрине, ТОЙ үшін... Біздің түбімізге осы немқұрайдылық, дарақылық, ысырапшылдық, қуыс кеуделік жететін шығар.

Қазір көпшілік несиеге тәуелді. Оны айтпасақ та біліп, көріп жүрміз. Үш адамның басы қосылса «Кредиттің күні жақын қалды. Ақша табу керек» деген диалог еріксіз айтылады.  Ол – ақиқат. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі бойынша, екінші деңгейлі банктердің халыққа берген несиесінің көлемі 17,2 трлн. теңгеден асқан. Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның сөзінше, елдегі тұтынушылық қарызы бар адам саны 8,5 миллионға жетіп отыр. Соңғы 1,5 жылдың ішінде қарыз алушылардың саны 27 пайызға өскен. Олардың 1,6 миллионында 90 күннен асып төленбеген берешек бар. Яғни, қарыздарының өтелмегеніне 90 күннен асып кеткен. Қазір кредит әр отбасыға тікелей қатысты басты проблемаға айналуда. Депутаттың айтуынша, халықтың несие жүктемесінің көбеюіне айтулы екі себеп бар. Бірі – несие алудың тым қолжетімді болып кеткендігі. Екіншісі – халық табысының төмендеуі. Қазіргі уақытта 890 мың борышкердің төленбей тұрған 334 млрд. теңгесімен коллекторлық агенттіктер айналысып жатыр. Бұл – үлкен мәселе.

Несие алғандардың көпшілігінен «Ақшаны қайда құрттыңыз?» деп сұрасаңыз бірден «Балама той жасадым. Ағайын-туыс, дос-жаран бар дегендей. Бәрінің тойына бардық. Енді мен жалғыз балама той жасамай қалай отырамын? Сол тойдан кейін жабамыз деп ойладық. Бірақ жоспар ойдағыдай шықпай қалды. Енді ай сайын аузымыздан жырып, несие төлеп отырмыз» деп көз жасына ерік беретіндер көбейген. Бұл мақсатты алынған несие емес.

Несие аларда банк қызметкерлері міндетті түрде кепілдеме сұрайды. Басты мақсат – банктен қаржы алу болғандықтан несие алушы барлық талапқа қарсылық білдірмейді. Қарсылық білдірмегені былай тұрсын, қарапайым ғана құжатты түсініп те оқымайды. Оның ішінде барлығы да тайға таңба басқандай етіп жазылған. Алайда оған көз жүгіртіп, түсініп қарап жатқандары шамалы. Ал кейін банк қарызы төленбей, кепілдеме алынған жағдайда көз жасына ерік беріп, әкімдік табалдырығын тоздыратындар да жоқ емес. Бірақ ол кезде бәрі кеш. Тым кеш. Себебі о баста жасаған шарт солай.

Борышкер баспанасын кепілге қойып, несие алған болса және келісімшартта несие уақтылы төленбесе, кепілдегі мүліктің тартып алынатыны көрсетілсе, банктің баспананы тартып алу құқығы бар және бұл сот үкімінсіз-ақ шешіледі. Кредитор баспананың шаршы метрі бойынша бағасын белгілеп, саудаға қояды. Көп жағдайда бұл процеске сот орындаушылары қатысады. Мысалы, 14 миллион теңге несиеге пәтер сатып алып, сол қарыздың 8 немесе 9 миллион теңгесі төленсе, кредиторлар да, сот та пәтерді тартып ала алмайды.

Зарина САНАТҚЫЗЫ,
заңгер

Біз осы тақырып бойынша бірнеше заңгердің кеңесіне жүгіндік. Олардың айтуынша, банк қарызын уақтылы төлемей, төлемді үш немесе одан да көп айға дейін кешіктерген борышкердің мүлкін тартып алуға құқылы. Міне, қарыз төленбей қалған жағдайда банк сіздің жағдайыңызға мүлде қарамайды. Өзіне тиесілі мүлікке ие болады.

Жалпы, несие аларда жан-жақты ойланған жөн. Банктен алған несие әрқашан заң бойынша рәсімделетінін ұмытпау керек. Себепсіз қайтармаған я болмаса ұзақ уақытқа «ұмытып» кеткен жағдайда, заң арқылы жауап беруге тура келеді. Заң – баршаға ортақ екенін де естен шығармау керек.

Сіз уақытылы несиеңізді жаппасаңыз, біріншіден, несие тарихыңыз бүлінеді. Сіздің нашар клиент екеніңіз туралы ақпарат барлық банкке жетеді. Екіншіден, несие кепілдікпен болса, сот арқылы немесе сотқа дейін-ақ кепілзатыңыз сатылады. Несиеңіз кепілдіксіз болса, сот арқылы банктердегі есеп-шотыңыз жабылады. Есеп-шоттарыңызға, мысалы жалақы картаңызға түсетін барлық сома бірден сіздің банк алдындағы қарызыңызды жабуға кетеді. Үшіншіден, қарыз алушы шетелге шыға алмайды. Сізді әуежайдан ары қарай аттатпайды. Бұл тек несие төлемеген кезде ғана емес, алиментке де қатысты. Егер несие рәсімдеу кезінде қасыңызда міндеттеме алушы болса, ол да банк алдында сіз сияқты міндеттеме алады. Демек, сіз несие төлемесеңіз міндеттеме алған кісіге де зияныңыз тиеді.  Қарызды қайтармай жүргеніңіз туралы ақпарат жұмыс берушіңізге, кәсіпкер болсаңыз бизнестегі серіктестеріңізге жетіп, ісіңіз алға баспайды. Қысқасы, несие тарихыңыз бұзылады.

Жоғарыда айтқандай үйіңіз болмаса күйіңіздің де болмайтыны анық. Сондықтан да несие аларда мың ойланып, жүз толғанып, дұрыс шешімге келгеніңіз жөн.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: ratel.kz