Жалпы «ұят» деген ұғым қазақтың қанына сіңген ұлы қасиеттердің бірі. Себебі, дана халқымыз ұятсыздықтың түбі жақсылыққа апармайтынын білген. Осы бір 3 әріптен тұратын сөздің мән-мағынасына үңіліп, түсіне алсақ, ұлт басындағы талай кемшіліктің алдын алар ма едік. Шынында ұят ұғымы ақырындап азайып, ұялудан ұялатын жаңа буын өсіп келеді. Қазақ үшін ұяттың шегі тым кең еді.
Бүгінгінің баласы бұл ұғымды түсінсе де түсінбеген кейіп танытып жүре береді. Неліктен?! Мүмкін үйде «ұят болады» деген сөздің айтылмауынан да болар. Сонда кінә ата-анаға ма?! Жоқ, әрине.
Қазіргі заман адамдарының бойына құдды арсыздық, ұятсыздық деген нәрселер сіңіп қалғандай. Расында қазір небір сұмдық ақпараттарды естіп, көрудеміз. Ал көзге көрінбей, құлаққа естілмей қалатындарды айтсақ, жаға ұстар жағдайға түспесімізге кім кепіл?!
Түрлі адам сенгісіз сұмдықтың барлығы мектеп оқушыларынан, жастардан шығуда. Ұрлық та, зорлық-зомбылық та, ерте жүктілік те, тіпті десеңіз адам өлтіретін де осы жастар. Мүмкін, қазір ақпарат көздерінде дәл осы жан түршігерлік жаңалықтар оларға насихаттың бір түрі болып көрінер. Мүмкін үйдегі ата-ананың «ұялмасаң өзің біл» деген провокацияға апарар сөзі ме, қалай дегенмен бүгінгі ұл мен қыздан ұят кеткені өтірік емес.
Ата-әжелеріміз «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен балаларды әдепсіз қылықтардан бойын алшақ ұстап өсіруге тәрбиеледі. Себебі, ұяты мол адам жамандыққа бармайтындығын білетін. Ұят жоқ жерде береке-бірлік, әдеп-инабаттылық болмайтынын білді. Ал қазір бұл сөздің аясы тарылып, ұрпақ дәстүрінен жаңылды. Үйге ата мен әже де, әке мен шеше де бала тәрбиесінде «ұят болады» дегенді жиі айтуды ұмытты. Ұят деген үлкеннің алдын кеспеу, әке-шешеге дауыс көтермеу, сіз деп сыйлау, қысқа кимеу сынды қарапайым түсініктермен ұштасатын ұғым еді. Алайда, қазір бұл сөзді жастардың жетер жеріне жеткізіп айтпаса, балам «бетімен кетті» деп айтудың өзі бекер-ақ.
Одан бөлек, ата-анасына дауыс көтеріп, сыйламайтындар немесе кей кездері үлкендерді аттап өтіп, төрге озатын жастар бар. Көшеде қымсынбай құшақтасып, жартылай тәнін көрсетіп жүруді арсынбайтын қаракөздердің қатары артқаны қашан. Онымен қоймай, ұл-қыз демей ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқанда олардың сыртынан қарап тұрған адамның өзі жерге кіріп кетердей-ақ болады. Осының барлығы дерлік бір ғана «ұят» сөзіне келіп тіреліп тұр.
Балалық шақ, жасөспірім кезең – адам өміріндегі мінез сынды басты негіздер қалыптасатын мезгіл. Тіпті, болашағы да осы кезеңдегі берілген тәрбиеге орай өрбуі әбден мүмкін. Сондықтан бала тәрбиесінде «ұят болады» деген сөзді айтудан еш жалықпау керек.
Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: kazislam.kz