Қырман толды астыққа

Уақыты: 16.08.2016
Оқылды: 1445
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 

Қаскелең тәжірибе шаруашылығы Қарасай ауданындағы ірі ұжымдардың бірі саналады. Бүгінде шаруа­шылық диқандары жаз бойы жаңбырдан бітік шыққан астықты ысырапсыз жинап алудың қамына кірісті.

Жер-ана биыл несібесін жерден теретін жұртшылыққа мейірін төгіп-ақ тұр. Топырақтағы ылғалдың мол болуы, тоғандарда судың толассыз ағуы нәтижесінде астық пен көкөніс, бақшалық өнімдердің шығымы көз қуантады. Қаскелең тәжірибе шаруашылығы 1840 гектар алқапқа егін еккен болатын. Оның 850 гектары күздік бидай болса, 400 гектар жерге арпа себілген. Сонымен қатар 200 гектарды майбұршақ, 100 гектарды көпжылдық шөп алқабы алып жатыр.

– Жаңбырдың пайдасы­мен қатар қажет емес кезде жауса – зияны да бар, – дейді шаруашылықтың агрономы Марат Несіпбеков. – Мысалы, сол жауынның кесірінен орақ науқанын бір айға жуық кешігіп бастадық. Бұл пісіп тұрған масақ дәнінің шашылуына соқтыруы мүмкін. Сондықтан ауа райының қолайлы сәтін пайдаланып, егінді жинап алуға қауырт кірістік. Әзірге әр гектар алқаптан 30 центнер бидай, 25 центнер арпа алынуда. Бұл, былтырғымен салыстырғанда, жаман көрсеткіш емес.

Алқаптардағы шаруашы­лық еңбеккерлерінің қимылы да олардың жұмысқа деген жауапкершілігін аңғартады. Жол жиегінде орналасқан егіс­тік төсінде жер ризығын жинап жүрген комбайндар, алынған астықты қырмандарға тасыған «КамАЗ», сабанды тайлап, қоймаларға жөнелтіп жатқан техникалар бір сәт толастар емес. Атап айтқанда 5 комбайн, 2 «КамАЗ» бен 2 «ГАЗ-53» автокөліктері астық оруға жұмылдырылса, қыстық мал азығын жинауға кіріскен техникалар бір бөлек әрекет жасауда. Жоңышқа алқаптарының бірінші шабындығын аяқтаған шөпшілер бүгінде­рі табиғи шабындықтардың төсін дүбірге бөлеп жүр. Олар жоспардағы 60 тонна мал азы­ғын артығымен жинап алатындарына сенімді. Қашанда сапалы астығымен, көкөніс, бақша өнімдерімен алып мегаполис Алматының тұрғындарын қамтамасыз етіп келе жатқан қарасайлық шаруалар биыл да жұртшылық көңілінен шықпақ.

Қуат Қайранбаев

 

Қарасай ауданы.