КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛЕДІ

Уақыты: 15.05.2018
Оқылды: 926
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Қапшағай қаласында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл- өңірлік деңгейдегі алғашқы орталық.


   Шара облыстық кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова мен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың, Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков және бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Нариман Әбілшайықовтың сөзінше, Қапшағай қаласындағы КҚКО облыста аудандық және қалалық деңгейде ашылған тұңғыш орталық.
– Орталықтың ашылуы қапшағайлық кәсіпкерлерге қызмет көрсетіп қана қоймай, Балқаш және Кербұлақ аудандарының кәсіпкерлеріне де тиісті қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын Талғар мен Қарасай аудандарында да ашу жоспарда бар. Осылайша біздің қызмет Алматы өңіріндегі кәсіпкерлер үшін қолжетімді және қолайлы болады, – деп атап өтті облыстық палата басшысы.
   Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «Бір терезе» қағидаты бойынша бухгалтерлік, заңгерлік, маркетингтік қызметтер, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер беріледі.
   Тағы бір айтулы жаңалық –Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында мемлекеттік органдар өкілдері кәсіпкерлерді сәулет және қалақұрылысы, жер қатынастары мәселелері бойынша қабылдап, қызмет көрсетеді. Сонымен бірге аталмыш орталық ғимаратында «Бизнес мектеп» компоненті бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен семинарлар жүргізіледі.
   Орталық жанында қалалық кәсіпкерлер кеңесінің бөлмесі мен мемлекеттік органдардың қабылдау жүргізуіне арналған кәсіпкерлерді қабылдау бөлмесі ашылды. Өңірлік кеңес мүшесі, Қапшағай қаласы Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Артур Хачатрян қала әкімдігіне КҚКО құрудағы қолдауы үшін алғысын білдірді.
– Жергілікті биліктің біздің бастамаларымызды белсенді қолдап келе жатқаны атап өтерлік жайт. Кәсіпкерлікті қолдау арқылы қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, өңір болашағына салым жасаймыз. Сондықтан бірлескен жұмыс пен өзара диалог аса маңызды, – дейді кәсіпкер.
Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков кәсіпкерлікті қолдаудың аса маңызды міндет екенін айтып өтті. Қазіргі кезде Қапшағайда 3,6 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісінде 16,5 мыңнан аса адам жұмыс істейді.    
– Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының құрылуы қалада жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге және кәсіпкерлікке ынтасы бар азаматарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Осы орталықта олар оқыту туралы ақпараттан бастап өз жобасын немесе ісін қаржыландыруға дейінгі ең толық, қажетті және шынайы мәлімет ала алады. Сондықтан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының Қапшағайдағы кәсіпкерліктің тиімді дамуына ықпал ететіне сенімдіміз, – деді Талғат Қанатұлы.
   Айта кетейік, биыл кәсіпкерлер палатасының Қапшағай қалалық филиалы кәсіпкерлерге 500-дей сервистік қызмет пен кеңестер берді. Өткен жылы 45 бизнес-жоспар әзірленіп, оның 16-сы жалпы 72 млн. теңгеге Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Қалалық филиалдың қолдауымен былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 28 млн. теңгеге 2 жоба қаржыландырылды және құны 4,5 млн. теңге болатын 3 жоба мемлекеттік грантқа ие болды. «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 36 қапшағайлық кәсіпкер оқудан өтті. Ал «Іскерлік байланыстар» жобасы арқылы 3 кәсіпкер шетелде өз біліктілігін арттыруда.  
   Еске салсақ, облыстағы тұңғыш толық форматты кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жыл басында Талдықорғанда іске қосылған болатын. Талдықорғандағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында сервистік қызметтер және жарық, су, газ және жылуға қосылу бойынша техникалық шарттарды рәсімдеу бойынша қызметтер көрсетіледі.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.
Қапшағай қаласы