Психологтармен бір күндік оқу- әдістемелік жиыны өтті

Уақыты: 05.11.2024
Оқылды: 530
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде штаттан тыс психологтармен бір күндік оқу-әдістемелік жиыны өтті.

Аталған шараға психология ғылымдарының магистрі, клиникалық психолог, нейропсихолог Майа Меркулова және “Жаңғыру өмірі” оңалту орталығының директоры Шүкір Хамит пен құмар ойындарға тәуелділік бойынша кеңесші Алмат Сарғызов қатысты.

Әскери қызметшілермен өткен жиын барысында қазіргі қоғам дертіне айналған “лудомания” яғни құмар ойындарының шығу жолдары және оның адам баласына алып келетін ауыр салдары туралы айтылды. Болашағын қорқынышпен емес, болашағын үмітпен өткізу керектігін шараға қатысушы спикерлер түсіндірді. Мұндай жағдайға түскен адамдар қайтпек керек?! Дер кезінде психологтарға барып кеңес алып, сезімдерді басқарып жүйелі түрде ұзақ ем- шараны қабылдаған жағдайда ғана құмар ойынмен күресуге болатынын жеткізді. Кейінгі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір әрбір екінші отбасының құлдырау екі жаққа ажырау себебінің басты факторларының бірі де дәл осы құмар ойындары екен. Шараны бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Қараев Ұлықбек пен психологиялық қамтамасыз ету бөлімінің психологтары ұйымдастырды.

Жиын соңында әскери бөлім командирінің атынан уақыттарын бөліп, пайдалы сауалнама әрі түсініктеме жұмыстарын жүргізгені үшін келген әр спикерлерге ризашылығын білдіріп, алғыс хат берілді.

«Жетісу-Ақпарат»