ОТ ПЕН СУ ТІЛСІЗ ЖАУ

Уақыты: 18.08.2016
Оқылды: 2346
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жыл басынан облыс аумағында 38 адам суға кетіп, жедел құтқару жасағының арқасында 120 демалушы ажалдан арашаланған. Бұған қоса, биыл облыста 396 өрт тіркелген. Оның салдарынан 9 адам қаза тауып, 15-і жарақат алған.

Бұл ақпарды өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз отырысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының жетекшісі Сайлаубек Чарапиев пен облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бас­тығының міндетін атқарушы Александр Пархоменко мәлім етті.

Ал өткен жылғы статистикалық көрсеткішке сүйенсек, жедел құтқару жасағымен күзетілмейтін су айдындарында 70 адам суға кетіп, 229-ы құтқарылған. Бұл дерекке қарап демалушылардың қауіпсіздігі шын мәнісінде құтқарушыларға байланысты екендігіне көз жетеді. Сондықтан мамандар жаздың ыстығында көл жағалауына барып тыныққанды ұнататын көпшілікке толқынға қарсы шықпауға, мас күйінде суға түспеуге, тау өзендеріне шомылмауға кеңес береді. Сондай-ақ, тек рұқсат етілген, яғни төтенше жағдай кезінде көмекке адам келе алатындай жерде ғана шомылу қажет және балаларды қадағалаусыз суға жібермеу де өте маңызды. Өйткені судағы төтенше жағдайлардың басты себебінің бірі – азаматтардың құтқарушылармен күзетілмейтін су айдындарында демалуы. Суда жүзе алмайтын баланы тіптен ағын суға жақындатпау керек.

Ал көбіне өрт шығатын жер тұрғын үй секторы болып табылады. Оның себебі – электр жабдықтарын дұрыс орнатпау мен техниканы дұрыс пайдаланбау, тұрмыстық техникамен жұмыс кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау, балалардың отпен ойнауы.

Бүгінгі таңда облыс аумағында құрғақ шөптің 158 жану оқиғасы тіркелген, оның ауданы 265 гектарды құраған. 80,9 гектар орман алқабында екі орман өрті орын алған. Мұның барлығы облыстың өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің тұрғын үй секторының, дала, орман және саябақ пен бағбандық серіктестіктер аумағындағы өрттерді және тұтануларды сөндіруге шығу санымен расталған.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, орман-дала алқаптарындағы өртті болдырмас үшін жыл сайын департамент қызметкерлері тұрғын үй секторын әр аула бойынша қарап шығып, жедел автомобильдерінің дыбыс күшейткіштері арқылы тұрғындармен алдын алу жұмыстарын жүргізеді.

Меруерт

МОЛДАҒАЛИЕВА