КЕМШІЛІКТЕР ТҮЗЕТІЛУГЕ ТИІС

Уақыты: 22.05.2018
Оқылды: 984
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

    Облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасарлары мен аудан, қала әкімдерінің қатысуымен алқалы жиын өтті. Жетісу жерінің жетістіктері мен көрсеткіштері туралы сөз қозғалған жиында атқарылуы тиіс міндеттерге орай аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырма берген облыс әкімі Амандық Баталов алдымен өз орынбасарларын тыңдап, сала бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты.

 

    Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов өңірде жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының жай-күйін баяндап, пайдалануға берілуі тиіс ғимараттардың дайындығын әңгімеледі. Оның айтуынша, салынып жатқан 459 нысанның 19-ы мектеп. Олардың бәрі де биылғы жаңа оқу жылы басталғанға дейін  пайдалануға берілуі тиіс. Одан бөлек, биыл қызметтік үй бірге салынатын 111 полиция бекеті пайдалануға беріледі. Қысқасы, құрылыс саласындағы жоспар толығымен орындалады деген сенім бар. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Атап айтқанда, жекеменшік үй салушылар құрылыс нысандарын ретсіз орналастырып, үлкен жолдардың бойындағы қызыл сызықты басып өтетін сұрықсыз ғимараттар салуын тоқтатпай келеді. Осыған байланысты барлық аудандарда облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары тексерулер жүргізіп, заңсыз салынған нысандардың мәліметтерін жинауда. Аудан әкімінің орынбасары, сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандарынан құралған комиссияның шешімі ретсіз немесе заңсыз салынған нысандардың қиратылып, қайта салынуына апарады. Ондай болмау үшін дайындықты ерте бастап, салынатын құрылысты талаптарға сай жүргізу керек.
   Ауылшаруашылық саласындағы жұмыстардың барысын көпшілік назарына ұсынған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің сөзіне қарағанда, Жетісу жерінің диқандары шаруашылықтарға және егістік алқаптарға, шабындықтарға, жайылымдарға қатысты мәліметтер мен деректерді электронды нұсқада дайындап, нақты көрсеткішті цифрландыру бойынша семинарларларға қатысып, білімдерін жетілдіруде. Бұл шаруашылық иелерінің мемлекеттен берілетін субсидияны оңай алуына септігін тигізеді. Осы бағыттағы жұмыстардың жедел жүруіне аудан, қала әкімдерінің ықпал етуін сұраған Бескемпіров егістіктер мен шабындықтарға зиянын тигізетін шегірткенің таралуын болдырмауға күш салу керектігін ескертті.
   Одан соң сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов өңірді газдандыру жұмыстарына қатысты мәліметтерді таныстырды. Оның айтуынша, халықты табиғи газбен қамтамасыз ету ең алдымен Жетісу жерінің ауасының ластануын болдырмай, қыстың қақаған суығында ағаш, көмір секілді қатты отын іздемеуіне көмектеседі. Сондықтан газдандыру жұмыстарын жеделдете жүргізу бүгінгі күннің басты талабының біріне айналып отыр. Сонымен қатар, аудан, қалалардағы санитарлық тазалыққа қатысты деректерді көпшілік назарына ұсынған Байжанов Талғар, Кербұлақ, Ақсу, Іле аудандарында тұрмыстық қалдықты тазалау бойынша жұмыстардың сылбыр жүретіндігін, Талдықорған, Текелі қалаларындағы жолаушы тасымалын жүзеге асыратын такси, автобус парктерін субсидиялау жұмыстарын сынға алды.
   Өңірдегі индустриалды-инновациялық жобалардың атқарылуына жауапты облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов әртүрлі салаларда қаржының мақсатты жұмсалуына қатысты мәліметтерге сын айтып, аудандар мен қалаларда өндірістік алаңдар салу бойынша жұмыстардың сылбыр жүріп отырғанын, ашылуы биылға жоспарланған шағын және орта кәсіпкерліктің 100 нысанының бар-жоғы 12-сі ғана ашылғанын атап өтті. Бұл бағытта Ақсу, Панфилов, Іле, Кербұлақ аудандары мен Қапшағай қаласының белсенді жұмыс істейтінін, басқа аудандар мен қалалардың белсенділігін арттырып, жұмысты ширатуы тиістігін, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жұмыстың тиянақты атқарылуы қажеттігін және индустриалды аймақтар мен өнеркәсіптік алаңдарды дамыту мәселесі қашанда басым бағыттардың қатарында болуы керектігін ескерткен Тұяқов қадағалау жұмыстары жүйелі жалғасатынын жеткізді.
   Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын халық арасында түсіндіру жұмыстарының барлық аудандар мен қалаларда баяу жүріп жатқанын тілге тиек етіп, жоғары оқу орнына түсетін 100 талапкерге берілетін облыс әкімінің грантын алатындарды іріктеу жұмыстарын ертерек қолға алу керектігін ескертті. Сондай-ақ, Елбасының бес әлеуметтік бастамасында айтылған студенттерге жатақхана салу жоспары бойынша Алматы облысында 10 жатақхана Талдықорған қаласында, Талғар, Есік, Қаратал аудандарында салынатынын жеткізді. Оның қаржысын әрбір оқу орны республикалық бюджеттен алады. Одан бөлек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастау алған жұмыстарды жалғастыру керектігін алға тартқан баяндамашы «Туған жер» бағдарламасын халыққа кеңінен таныстыру көрсеткіші Іле, Еңбекшіқазақ, Ақсу, Кербұлақ, Көксу, Ұйғыр аудандары мен Қапшағай, Текелі қалаларында төмен екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, Орбұлақ шайқасына 375 жыл толуына арналған іс-шараны Панфилов ауданында өткізу мен Талғар ауданындағы Жаңалық ауылына Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей салу басты міндеттің бірі болып отыр. Сонымен қатар, биылғы бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындық жұмыстарын пысықтау керектігін алға тартқан Жақсылық Омар мектеп оқушыларын жаздық лагерьлерге жіберу шараларын да ескерусіз қалдырмауды жеткізді.
   «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев партия межелеген жұмыстарды мерзімінде атқаруға байланысты аудан, қала әкімдеріне тапсырмаларды атап өтті. Олардың қатарында жастарды, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерін партия мүшелігіне алу, партиялық кадрлық резервті қайта бір тексеріп шығу, аудандық, қалалық партия филиалдарында қоғамдық қабылдау жұмыстарын жүргізу, «Нұр Отан» партиясының жаңадан қабылданған 22 жобасын халыққа таныстыру сынды маңызды іс-шаралар бар.
   Әңгіме өзегіне айналған жайттарға қатысты өз ойын ортаға салған облыс әкімі Амандық Баталов барлық аудан, қала әкімдеріне межеленген жобалардың толық атқарылуын қадағалауды тапсырды. Әсіресе, құрылыс, ауылшаруашылық, білім, денсаулық, шағын және орта кәсіпкерлік сынды салалардың жұмысының жүруі мен аймаққа инвестиция тарту ісін жеделдетуді өзі қадағалайтынын ескертті. Осыған байланысты аттарына сын айтылған аудандар мен қала әкімдерін орындарынан тұрғызып, кеткен кемшілікті жедел түзетуге тапсырма берді.

Мәди АЛЖАНБАЙ.