ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Уақыты: 22.05.2018
Оқылды: 931
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

    Америка және Канада елдерінің қант қызылшасын өсіретін және өңдейтін, осы сала бойынша техникалар шығаратын бірқатар кәсіпорын өкілдері Жетісу жеріне ат басын бұрды. Алыстан келген қонақтар облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің қабылдауында болып, қант қызылшасын өсіруге қатысты агротехникалық шараларды талқылады. Сондай-ақ, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаровтың бастауымен Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» сенім серіктестігінің қант қызылшасы алқабын аралап техникалық әлеуетін бағамдап қайтты.

 

    БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылығы бөлімінің ақпараты бойынша Ресей, Франция, АҚШ, Германия, Украина, Түркия қант қызылшасының ірі өндірушілері қатарына кіреді. Қант қызылшасының отаны Америка екенін бәріміз білеміз. Кейінгі жылдары Канада мемлекеті де осы дақылды өсіруге барынша ден қоюда. Демек, қант қызылшасын өсірудегі тәжірибесі мол екі ел өкілдерінің өңіріміздің осы саладағы жетістігін көруге ынта танытқаны жай емес.
    Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровпен кездесуде америкалық «Amity Tehnologu» компаниясының өкілдері жетісулықтар өндірген таза қанттың сапасын жоғары бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ, кездесу барысында Елбасының қант қызылшасын өркендетуге орай берілген тапсырмасы бойынша елде, әсіресе, облыста атқарылып жатқан игілікті істер сөз болды. Серікжан Іслямұлының айтуынша, соңғы жылдары елдің жаңа әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдарына байланысты ауылшаруашылығы, оның ішінде қант қызылшасы өнеркәсібінде күрделі өзгеріс болды. Өңірде қант қызылшасы егілетін аумақты жыл сайын ұлғайтып, тәтті түбірдің өнімділігі артып келеді. Облыстағы екі зауытта өндірілген қант сапасы жағынан тұтынушыларды қызықтырып отыр. Ал «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ-ның қант қызылшасы жөніндегі сарапшысы Әбілқайыр Бексұлтанов өңірдің қант қызылшасын өсірудегі жетістігі мен шаруа қожалықтарының техникалық қамтамасыз етілу аясындағы тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, осыдан 3 жыл бұрын небәрі 4 мың гектар жерге қызылша еккен жетісулықтар биыл 11 мың гектардан астам жерге тәтті түбір септі.
   Алдағы жоспар да ауқымды. Жыл соңына дейін облыстағы қант қызылшасын өңдейтін екі зауыт 400 мың тоннадан астам қант қызылшасы шикізатын қабылдайды деп күтілуде. Сонымен қатар, осы сала бойынша сервистік қызмет орталығы 25-ке жетіп, «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ арқылы лизингке техника сатып алғандардың саны артқан. «ҚазЕжӨШҒЗИ» және «Қамқорлық» ЖШС өндірген отандық тұқымдарға деген жұрт ықыласы артып келеді. Осындай қолдау арқылы бұл дақылдың егіс көлемін 2021 жылға қарай 15,0 мың гектарға жеткізіп, 580 мың тоннаға дейін өнім алу жоспарланып отыр. Бұл жетістік шетелдік қызылшашыларды қатты таңғалдырды.
   Қант қызылшасының өнімділігі туралы да сөз болды. Өткен жылы жетісулық қызылшашылар гектарынан орташа 380 центнерден өнім жинаса, Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» сенім серіктестігі гектар берекелілігін 600-700 центнерге жеткізді. Сондықтан шетелдік қонақтар «Хильниченко және К» сенім серіктестігінің қант қызылшасы алқабын көру үшін арнайы келді. Атшаптырым аумаққа өсіп шыққан жасыл желек самал желмен тербеліп, тиянақты еңбектің нәтижесін аңғартып тұр. Аудан тұрғындарының көбін тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған серіктестікке деген елдің сенімі арта түскен. Жыл сайын қыруар алқапты игеріп, аудан бюджетіне қомақты қаржы құйып отырған серіктестіктің алдағы жоспарлары да ауқымды.
– Гектарынан 600-700 центнерлік көрсеткішті бағындырып келеміз. Бұл табысымыз Жетісудың төл өнімі болып саналатын стратегиялық маңызы бар техникалық дақылдың даңқын қайта оралтуға серпін береді, – дейді «Хильниченко және К» сенім серіктестігі төрағасы Виктор Хильниченко.
   Серіктестіктің ауылшаруашылығы техникалары да сақадай сай. Ондағы заманауи техникаларды көрген шетелдіктер таңданысын жасыра алмады. Әрбір техниканың мүмкіндігімен танысып, облыс қызылшашыларының қант қызылшасын өсіру мен өңдеудегі алдағы табысына сенім білдірді. Жарты күндік жұмыс сапары барысында шетелдік қонақтар жетісулық әріптестермен селбесе жұмыс істеуге болатынын біліп қайтты.

Қажет АНДАС.