Қызылша өсірудің қыр-сыры көп

Уақыты: 18.08.2016
Оқылды: 2304
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қант қызылшасы Жетісу жерінің төл дақылы. Респуб­лика бойынша өндірілетін тәтті түбірдің басым бөлігі біздің облысқа тиесілі. Сондықтан бұл дақылды молынан өсіруге баса мән беріле бастады. Оның дұрыс өсіп-жетілуіне сала мамандары да ерекше көңіл аударып отыр. Осы ретте, Ескелді ауданы Абай ауылында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Агроқұзыр орталығы «Хильниченко и К» коммандиттік серіктес­тігінің оқу залында «Қант қызылшасы өнімділігін арттырудың озық технологиясы» атты тақырыпта семинар-кеңес өтті. Оған аудандық, қалалық деңгейдегі сала қызметкерлері мен ауылшаруашылығы кәсіпорындарының, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтардың басшылары қатысты.

Алдымен басқосудың мақсат-міндеттері мен мән-маңызы түсіндіріліп, шаруашылықтар үшін оның тигізер пайдасы әңгімеленді. Бұдан соң аталған тақырып аясында ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қант қызылшасы агротехнологиясы бойынша сарапшысы Абулхайр Бексұлтанов, қазақ агрокешен экономикасының ғылыми-зерттеу институтының бас маманы, экономика ғылымдарының докторы Асқар Шарипов, қант қызылшасы селекциясы және тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Талдықорған қалалық филиалының басшысы Бақытжан Қалибаев, қызметкері Керімқұл Қонысбеков, тәжірибелі ғалым-агроном, экономист Тамара Черданцева дәріс оқып, қызылша өндірісін жандандыру бағытында тәжірибелерімен бөлісті.

Олар тәтті түбір өсірудің жаңа технологиялары, оның тиімділігі, мол өнім алу жолдары, өнімнің дұрыс өсіп-жетілуіне қолайлы жағдайлар жасау, талапқа сай күтіп-баптау, жерді өңдеу, топырақ құнарлылығын арттыру, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді дер кезінде беру және оның әдіс-тәсілдерін білу, зиянкестермен күрес жүргізу, өсімдіктерді қоректендіру, оларды әртүрлі аурулар мен арамшөптерден қорғау, сапалы тұқымдармен қамтамасыз ету туралы айтылды. Сондай-ақ, «Ауылшаруашылығы кооперативі туралы» Заңы түсіндіріліп, ұсақ және орта шаруашылықтарды ірілендіру негізінде ауыспалы егістік жүйесін енгізу мәселелері сөз болды. Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауларға да ден қойылды. Осыған байланысты жиналғандар көкейлерінде жүрген сауалдары мен ұсыныстарын, ой-пікірлерін ортаға тастап, тәжірибелі мамандардан тұщымды жауаптар алды.

Семинарға қатысушылар «Хильниченко и К» командиттік серіктестігінің ауылшаруашылығы техникаларын көріп, қант қызылшасы алқабында да болды. Бұл жерде олар жайқала өскен тәтті түбірге назар аударып, өзара тәжірибе алмасты. Аталған шаруашылық ауыспалы егістік жүйесін сақтауға ерекше мән берген. Мәселен, қант қызылшасы егілген жерге арпа, жүгері, майбұршақ, көпжылдық шөп, күздік бидай сияқты дақылдар алмастыры­лып отырады. Яғни, бұл жер құнарын арттыруға ықпал етуде. Соңғы үлгідегі заманауи шетелдік техникалары да қызылша өнімін арттыруға үл­кен септігін тигізген. Осындай үрдісті сақтап отырған аталмыш серіктестіктің қант қызылшасын өсірудегі еңбектері көпке үлгі болды. Алдағы уақытта мұндай семинарлар қызылша өсірумен айналысып жатқан басқа да аудандарда жалғасады.

Ескелді ауданы.

Айгүл

Байбосынова