АУЫЗСУ ЖАЙЫ ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 24.05.2018
Оқылды: 1350
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың Индустриялық-инновациялық, энергетикалық инфрақұрылымдарды, туризмді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері бойынша және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту мәселелері бойынша тұрақты комиссияларының жұмыс жоспарының негізінде көшпелі отырыс өтті.

 

    Халық қалаулылары бас қосқан жиынның күн тәртібінде бір ғана мәселе – ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысымен бекітілген Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес «Халықты ауызсумен және су бұрудың көрсетілетін қызметтерімен тиімді және ұтымды қамтамасыз ету» мәселесі қаралды.
   Комиссияның отырысына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту мәселері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Ызғарбек Бектұрсынов және тұрақты комиссияның бірқатар мүшесі, яғни облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Комиссия жұмысын облыстық мәслихаттың индустриялдық-инновациялық, энергетикалық инфрақұрлымдарды, туризмді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Асқар Сүлейменов тізгіндеп отырды.
Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге өзектілігін жойған емес. Алайда жеті өзеннен тұратын Жетісу жұртшылығы ауызсудан таршылық көрмеуде. Оған ауызсумен қамтамасыз ету бойынша Алматы облысының республикада бірінші орыннан көрінуі дәлел болса керек. Аталған мәселе бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл жөнінде облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Қанағатов баяндама жасады.
– Облыс елді мекендерін сумен қамту 2002 жылдан бастап 2010 жылға дейін «Ауыз су» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама бойынша 13,9 млрд. теңгеге 325 нысан іске қосылды. Ал 2011 жылдан бастап «Ақбұлақ» бағдарламасы бекітілді. Алайда, 2014 жылы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бекітіліп, елді мекендерді сумен қамту осы бағдарлама аясында жүзеге асырылып келеді, – деді Әсет Серікұлы. Әрі бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету екендігін баса айтты.
2014-2017 жылдары облыста аталған бағдарлама бойынша жалпы сомасы 31,2 млрд. теңгеге 250-ден астам сумен жабдықтау және су бұру нысандары іске қосылған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстың 137 елді мекені, яғни 338 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізген. Сумен жабдықталмаған елді мекендердің саны 222-ден 85-ке дейін қысқарғанын айтқан Әсет Қанағатов елді мекендерді сумен қамту үлесі осы жылы 83,7 пайызға өскенін атады.
   Қазірде аталған бағыт аясында жалпы ұзындығы 600 шақырым су құбыры салынып және қайта жаңғыртылған. Сонымен бірге, 216 жаңа ұңғымалар бұрғыланып, 212 сорғы стансысы, 121 жаңа су қоймасы, 158 дезинфекциялық хлор сатуратор қондырғылары орнатылған.
– Ағымдағы жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салу бойынша 51 жобаны іске асыруға 8,7 млрд. теңге бөлінді. Жыл соңына дейін орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне 17 елді мекен қосымша қосылады. Сөйтіп, сумен жабдықтау үлесі 90 пайызды немесе 664 елді мекенді құрайтын болады, – деген басқарма басшысы өткен жылғы 4 жобаның іске асырылуына 2,1 млрд. теңге бөлініп, нәтижесінде 60,1 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынатындығын тілге тиек етті. Әрі үстіміздегі жылы Қарасай ауданында 2 жобаның іске асырылуына 743,7 млн. теңге бөлініп, байқау шаралары жүріп жатқанын жеткізді.
   Ауызсудың тиімділігі мен ұтымдылығын саралаған жиында облыстың әр ауданында әлі де болса түйткілді мәселелердің бар екендігі айтылды. Соның ең өзектілері – Қаракемер, Боралдай мен Панфилов ауданындағы Алмалы, Педжим елді мекендерінің су құбырлары сынды  5 проблемалық жобаның бар екендігі баяндалды. Әсіресе, кенжелеп қалған кәріз жұмыстарын жүргізуде де шатқаяқтап тұрған жайттар аз емес көрінеді. Бұл жайтты комиссия мүшелері ашып айтты. Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйдібек, Асысаға ауылдарында да ауызсу мен су бұру жұмыстары кезек күттірмес мәселеге айналған.
   Жасыратыны жоқ, жаз келсе Талғар ауданының бірқатар елді мекені ауызсу тапшылығын тартады. Ал бұл проблеманы шешуге бөлініп жатқан қаржы да қыруар болғанымен нәтиже аз. Айталық, Кеңдала, Өстемір елді мекендері мен жаңа ықшамаудандарға қомақты қаржы бөлініп, игерілуде. Соған қарамастан халық су тапшылығын тартып отыр.
   Талғарлықтардың бұл проблемасын аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебаев сөз етті.
– Талғардағы 17,5 шақырымдық топтық су жүйесі 12 елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін жасалған жоба. Алайда, бұған 571 млн. теңге несие алып, Қызылқайрат ауылы ғана қосылды. Енді 161 млн. теңгеге Белбұлақ ауылдық округін қосу көзделуде. Бір айта кетерлік жайт – судың қолдан қолға өтуі салдарынан оған төленетін тариф екі еселеніп, халықтың қалтасын қағуда. Көше-көшенің тарифі әр бөлек. Осыны бір іздендіру керек. «Шамның жарығы түбіне түспейді» демекші, жаз бойғы жауын-шашынды күндері 200 мың халқы бар талғарлықтар топырақ татыған су ішеді. Ал бұдан халықтың денсаулығы құрымай, қайтсін?, – деген өзекті сауалын комиссия назарына ұсынды.
   Аталған мәселеге орай комиссияның төрағасы Ызғарбек Бектұрсынов кей жерлерде судың сапасы өз деңгейінде емес екенін, ал кейбір елді мекендерде су құбырларының әлі күнге дейін иесі жоқ екенін жеткізе келіп:
– Жалпы, осы мәселелердің бәрін бір жүйеге түсірсек деген ой бар. Біздің пайымдауымызша, аудандардағы су жүйелері, суды бұрумен айналысатын мекеме және оны басқару құзыреті аудан әкімдігінде болса деген ұсыныстар айтылуда. Өйткені, бұл әркімнің қолында болғандықтан халық кімге барып, не айтарын білмейді. Сондықтан осыны бір жүйеге көшіретін кез келді, – деді ол. – Жалпы, аудандағы басқаруды күшейтпей, мұны шашыратып жіберсек онда су пайдаланудың тиімділігі мен ұтымдылығын арттырудан еш нәтиже шықпайды. Келешекте аудан әкімдігі осының бәрін бір қолда ұстаса дұрыс болар еді. Екінші мәселе, елді мекендердегі суға да біреу ие болу керек. Осыған орай,  оны жекеменшікке беру мәселесі көтерілуде. Бұлай ету дұрыс па, бұрыс па? Осыны да сараптау қажет. Үшіншіден, суды басқаратын мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту. Себебі, су құбыры үлкен нысан. Ертең оның бір жері бүлінсе оны қалыпқа келтіретін маман мен техника керек. Бұл мәселе де бір жүйеге келтіруді қажет етеді. Сонда су тапшылығы да, халықтың наразылығы да болмайды, – деп жұмысты қорытындылады.
   Жиын соңында бір елді мекендегі су проблемасын шешу 5-6 жылға созылатын үлкен мәселе екендігі айтылып, халық қалаулылары «Осы уақыт аралығын қысқартуға болмас па еді?» деген ұсыныс жасады.

Ұлбосын ИСАБЕК.