Бекзат өнердің бесігі

Уақыты: 01.06.2016
Оқылды: 1830
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халқымыз ғасырлар бойы мәдениеті мен өнерін, дәстүрі мен асыл мұрасын алтын бесігінде тербетіп келеді. Қай заманда да біздің еліміз ертеңгі күнге зор сеніммен қарап, рухын жоғары ұстаған. «Мәдениет – мәңгілік қазына, өнер – өшпес мұра» десек, қатарынан бірнеше жыл тойланып келе жатқан мәдениет және өнер қызметкерлері күнінің басты мақсаты – мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу. Әрине, басын тауға, аяғын шөлге, арқасын құмға төсеген берекелі жерді мекен еткен Жетісу өңірі бекзат өнерден кенде емес. Айтулы күнге орай І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында түрлі өнердің тізгінін ұстап, жұлдыздай жарқыраған бір топ жан мен рухтың қызметкерлері марапатталды. Шараға қатысқан облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ алдымен көрмені толық аралап шығып, өнер ұжымдарының жай-күйімен танысты.Осыдан кейін облыс әкімі жи­налған көпшілікті төл мере­ке­ле­рімен құттықтап, сөз сөйледі.

– Қадірменді мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай оты­рып, еңбектеріңізге табыс, отба­сыла­рыңызға бақ-береке тілей­мін. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты да­мы­са, сол елдің еңсесі де биік бо­лады», – деп атап өтіп: «Еура­зия­ның ең бір бай да бірегей мә­дениеті – қазақ мәдениеті», – де­­ген еді. «Өнер – ұлттың жаны», – дейді халық даналығы. Өр­ке­ниетті ұлт, ең алдымен, тарихы­мен, өнерімен, әлемдік мәде­ниет­тің алтын қо­рына қосқан үле­сімен танылып, бағаланады. Ұлт­тық мәдениеттің бір бөлігі, Же­тісу өлкесі – қасиетті өнердің кие­­лі бесігі, дарынды тұлға­лар­дың мекені, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Әкімнің айтуынша, облысы­мыз­дың мәдениет саласы қыз­мет­керлері елдігімізді, ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны – ұрпаққа жеткізу жолында ау­қымды жұмыстар атқаруда. Өз сө­зінде Амандық Ғаббасұлы өнер­ді құрметтеп, мәдениетті өр­кендету – баршамыздың ор­тақ мақсатымыз екенін атап көрсетті. Басқасын айтпағанда, биылғы қаң­тар айында «Әлем талант­та­ры» қорының арнайы шақыр­туы­мен Мұқан Төлебаев атындағы ұлт аспаптары оркестрі Мәскеу қала­сына барып, ұлттық өнерімізді дә­ріптеп қайтса, Сүйінбай атын­дағы облыстық филармонияның бір­не­ше өнер иелері Қытай Халық Рес­публикасының Үрімжі қаласында болып, ел алғысына бөленді. Ас­тана қаласында өткен «Ақ көгер­шін» халықаралық балалар шығар­машылық фестивалінде «Солныш­ко» балалар хореографиялық ансамблі Гран-при иегері атанған.

Сондай-ақ, өңірімізде өнермен ұлы із қалдырған дарындарға құрмет көрсетілді. Осыған орай, биыл Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышевтың 90 жылды­ғына арналған шаралар, Қаза­қ­станның Халық әртісі, әнші Зейнеп Қойшыбаева атындағы «Жауқа­зын­дай жайдарлы үн», Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Жырлайды жүрек» облыстық байқауы өтті. Облыс бойынша Жамбыл Жабаевтың 170, мемле­кет қайраткері Әлихан Бөкей­ха­нов­тың 150, Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына орай түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Облыс әкімі осы ретте бар өмірін мәдениет саласына арнап, тал­май еңбек етіп келе жатқан өнер саңлақтарына тоқталды. Қазақстанның Халық әртісі, «Құр­мет» орденінің иегері Алмахан Кенжебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» ор­де­ні­нің иегері Өмірсерік Қалиев, Қа­зақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Ұлжан Айнақұлова, Қа­нат, Айткүл Құдайбергеновтер, Тұр­сын­хан Қарақожаева, Қазақ­стан Рес­публикасының еңбек сіңірген қай­раткері, «Құрмет» орденінің иегері Әли Ал­пы­с­баев­тың есімдері ерек­ше аталды. Сондай-ақ, облыс бас­шысы биыл­ғы жыл өңіріміздің мә­де­ниет са­ласы үшін табысты болғанын да тілге тиек етті.

Оның айтуынша, өңіріміздің мәдени дамуын, жаңа жетістік­те­рін көрсету, саланың материал­дық-техникалық базасын нығайту, әншілердің, өнер ұжымдарының шеберліктерін шыңдау, дарынды жастарға қолдау білдіру облы­сымызда мықты қолға алынған. Алыптар туған мекеннің мәдение­тін өрлету үшін облыстық мәде­ниет саласына бөлінетін қаржы жыл сайын артып, бүгінде бюджеті 4,5 млрд. теңгені құрап отыр. Соның нәтижесінде ұлттық құнды­лықтарды түгендеуге бағытталған «Мәдени мұра» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылды. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен мәде­ниет мекемелеріне күрделі жөн­деу жұмысы жасалып, материалдық-техникалық базасы ретке кел­ті­ріл­ді. Облыс басшысы шарада бірқа­тар өнер адамдарына Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ, мәдениет саласы ұжымдары мен қызметкерлері арасында 16 ата­лым бойынша жүргізілген бай­қауда жеңімпаз атанған ұжым­дар мен өнерпаздарды мара­пат­тады. Сол қатарда «Үздік мә­де­ниет мекемесі» аталымының жеңім­пазы М. Тынышпаев атын­дағы облыстық өлкетану музейі­не жеңіл авто­көліктің және облыс әкімі атынан алыс-жақын шетел­ге шығып, Же­тісудың, тіпті тұтас қазақ елінің ме­рейін асырып жүрген Жамбыл аудандық «Сүйін­­бай сазы» фоль­клор­лы-этнографиялық ан­сам­бліне су жаңа шағын автобустың кілті берілді. Осыдан кейін мін­берге көтерілген мәдениет сала­сының ардагері Надежда Луш­никова өз ойын өлеңмен өрнек­теп, өнер қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаса, Алакөл аудандық мәдениет және тіл­дерді дамыту бө­лімінің басшысы Арнұр Са­ды­қов мәдениет пен өнер саласына жасалып жатқан жақсылық­тар­ды тілге тиек етіп, әріптестерін ал­­дағы уақытта биік белестер­ден көрінуге шақырды.

Шара «Өнер – өшпес мұра» атты кон­церттік бағдарламамен жал­ғасты. Әнмен әрленіп, бимен көмкерілген шара көптің көңілінен шығып, жұрттың алғысына бө­ленді.

Қажет АНДАС