Көпсалалы аурухана ашылды

Уақыты: 20.08.2016
Оқылды: 2051
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жер жаннаты Жетісудың жүрегіне айналған Талдықорған қаласында көпсалалы аурухана ашылды. Өңір басшысы Амандық БАТАЛОВ күн санап тотыдайын таранып, көркем келбетке еніп, дамудың жарқын жолына түскен облыс орталығының тұрғындарын жайдарман жаңалықпен құттықтап, көпсалалы аурухананың ашылу салтанатына қатысты.

Халық денсаулығы – ел байлығы. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде бой көтерген нысан облыс халқының игілігі жолында қызмет көрсетпек.

 – Ел Тәуелсіздігінің 25 жылды­ғы қарсаңында бой көтерген көпсалалы аурухана бәріміздің ортақ игілігіміз үшін есігін айқара ашты. Жаңа ғимарат тек қалалықтар үшін ғана емес, облыс халқы үшін аса маңызды. Аталған нысан салынып жатқан кезінде бірнеше рет келіп, құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көріп қайттым. Бүгін, міне, мемлекет тарапынан қолдау тапқандығының нәтижесінде жоспарымыздың орындалғанына барлығымыз бірдей куә болып тұрмыз. Жетісудың еңкейген қария­сынан, еңбектеген баласына дейін енді заманауи ауруханада емделетін болады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында әрбір азаматтың денсаулығын нығайтуға, қорғауға барынша жағдай жасалып отыр. Құрметті медицина қызметкерлері, мұндағы ең озық медициналық құрал-жабдықтарды күтіп- ұстап, халықтың игілігіне жаратуды негізгі міндет деп түсініңіздер. Ұлт көшбасшысының бізге артқан сенімін ақтап, халық үшін еңбек етейік. Жаңа нысан үнемі жақсылықтың жаршысы болсын деп тілеймін, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада алдына келген әрбір науқастың еміне шипа бола білген бірнеше маманға өңір басшысы пәтер кілтін тапсырды. Денсаулық сақтау саласының ардагері Шәймерден Садықов жетісулықтарға ақ жарма тілегін білдіріп, жас мамандарға өзінің ақыл-кеңесін айтты. Жиында «Астана Құрылыс» компаниясының бірінші вице-президенті Қайрат Тандықбаев аурухананың бас дәрігері Сәуле Құсмолдановаға ғимараттың кілтін тапсырды. Жақсылыққа жиылған ел ағалары көпсалалы аурухананың лентасын салтанатты түрде қиды.

Атап өтейік, барлығы 300 төсектік Талдықорған көпсалалы ауруханасының құрылысына 9 371, 0 млн. теңге, оның ішінде жергілікті бюджеттен 1 887, 0 млн. теңге бөлінген. Аурухана жалпы құны 4 094 млн. теңге болатын заманауи медициналық құралдармен, техникалармен жабдықталған. Халыққа қызмет көрсететін 676 кадрлық бірлік болса, оның 143-і білікті дәрігерлер. Ғимараттың жалпы алаңы 33 885, 6 шаршы метрді құрайды. Ауруханада станционарлық жоғары кәсіби медициналық көмек көрсетіледі. Оның құрылымында терапия, хирургия, политравма және қалпына келтіру ортохирургиясы, нейрохирургия, миниинвазивті хирургия, оториноларингология және жақ-бет сүйек хирургиясы, урология және офтальмология бөлімдері жұмыс істейді. Құрал-жабдықтардың ішінде магнитно-резонанстық томография, эксимерлік лазер, барокамера, эндобейнехирургиялық құрылғы бар. Аты аталған кейбір медициналық құрылғылар еліміздегі санаулы мекемелерде ғана қолданылады. Осындай мүмкіндікке талдықорғандық дәрігерлердің қол жеткізуі әрине, үлкен жетістік.

Кең әрі жарық заманауи үлгіде жасалған ғимараттың кіре берісіндегі анықтама бөлімі толығымен компьютермен жабдықталған. Электронды жүйе арқылы жұмыс істейді. Бұл – ауруханаға келген науқасты дер кезінде тізімге тіркеп, жедел қызмет көрсету үшін мол мүмкіндік. Қонақтар бірінші қабаттағы терапия бөлімін аралап, онда орнатылған құрал-жабдықтардың сапасы мен жатын бөлмелердің жайлылығына көңіл бөлді. Сонымен қатар, дәрігерлерге арнайы келелі кеңес, түрлі басқосу өткізу үшін арнайы жасалған мәжіліс залы да назардан тыс қалмады. Хирургия мен операциялық бөлімдерді шолып өткен облыс басшысы қажетті медициналық аппараттармен танысып шықты. Сондай-ақ, емделушілермен тілдесіп, оларға саулық тіледі.

Шәймерден САДЫҚОВ,

денсаулық сақтау

саласының ардагері:

– Ақ халат – денсаулық сақтаудың символы. Жауапкершіліктің ауыр салмағын арқалаған абзал жандардың көңілдерін ешқашан кір шалмаса екен деп тілеймін. Ең бастысы адамгершілік деген ардың туын төмен түсірмесеңіздер болғаны. Өйткені, сіздер адам жанының санитарысыздар. Ал ертеңгі күннің тізгінін ұстайтын жастарға айтарым, оқудан, үйренуден жалықпаңыздар. Сонда ғана сіздер елге, халыққа адал әрі сапалы қызмет көрсете аласыздар.

Асқар МАРАТҰЛЫ,

урология бөлімінің

меңгерушісі:

– Облыс орталығында жаңадан ашылған ауруханада қызмет істейтінімді зор мақтанышпен айтамын. Әрбір саланың өзіндік қиыншылығы бар. Сол секілді біздің саланың да өзіндік меңгеретін қыры мен сыры көп-ақ. Дегенмен, адам өзі таңдаған мамандықтың биік шыңын бағындыруы тиіс. Осы жолда біз аянып жатқан жоқпыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, облыс әкімі Амандық Баталов мүмкіндік беріп, барлық жағдайды жасап, зор сенім артуда. Соның нәтижесінде пәтер кілтіне ие болдым. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Ендігі біздің міндет – халық денсаулығын жақсарту. Бұл – біздің азаматтық парызымыз.

Еңлік КЕНЕБАЕВА