ӨҢІР ЖЕТІСТІКТЕРІНЕ КӨҢІЛІМ ТОЛАДЫ

Уақыты: 20.08.2016
Оқылды: 1436
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу жеріне жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бі­рінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед өңір шаруа­шылықтарының жұмысы­мен танысып, «Нұр Отан» партиясының бақылауына алынған нысандардың құрылысын көрді. Алдымен Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігінің еңбек ұжымымен кездескен Мұхтар Абрарұлын облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, Ескелді ау­данының әкімі Жұбаныш Ноғайбеков және «Хильниченко и К» коммандиттік се­ріктестігінің басшысы Виктор Хильниченко қарсы алып, осы өңірдегі ауылшаруашылық саласының өркендеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан серіктестіктің жеткен жетістіктерімен таныстырды.

1998 жылы құрылған коммандиттік серіктестік негізінен дәнді дақылдар және мал өсірумен айналысады. Шаруа­шылық меншігіндегі 39 мың гектар жердің 33 мың гектары ауылшаруашылық мақсатында қолданылады. Ауыл тұрғындарының нәпақасын айыруына осылай көмек беріп отыр­ған коммандиттік серіктестік ұжымына табыс тілеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед көпшілікке сұрақтар қойып, жұмыскерлердің хал-ахуалын білді.

– Елбасымыз Алматы облысына келген сапарында осы өңірдегі қант қызылшасының көлемін арттыру жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл өңір ежелден қант қызылшасы, жүгері, соя сияқты дақылдар өсіруден республика бойынша алдыңғы орында. Мінеки, өткен жылдың өзінде 120 мың тонна қант қызылшасы жиналып, содан 10 мың тонна қант шығарылған екен. Ал, биылдың өзінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге дейін ұлғаймақ, яғни, 240 мың тоннаға дейін тәтті түбір жиналып, 20 мың тонна шекер өндірілейін деп отыр, – деген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед қант қызылшасының тиімділігіне тоқталды. – Қантқа деген сұраныс әр заманда болған және бола береді де. Оның үстіне қант бағасы жыл өткен сайын өсуде. Сондықтан Алматы облысында қант қызылшасын өсіру, оны өңдеу өңірдің халқына да, фермерлерге де пайдалы. Мұның өзі аймақтың ауылшаруашылығын, экономикасын дамытуға септігін тигізеді деп есептейміз.

Осыдан екі жыл бұрын, 2014 жылы Жетісу жерінде 30 мың тонна ғана қант қызылшасы жиналған, өткен жылы осы көрсеткіштің төрт есеге артқаны белгілі. Енді биыл 240 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Ауылшаруашылық саласында 2-5 пайыздық өсімнің өзі үлкен нәтиже ретінде бағаланатын тұста қант қызылшасының өнімділігін осыншама ұлғайту өзге аймақтардың бірде-бірінде болмаған жайт. Сондықтан қант қызылшасы осы өңірге береке әкеледі. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырмасының орындалуын бақылау­ға алады. Біздің келген сапарымыз да соған негізделген.

Егістік басына жиналған диқандардың жұмысына сәттілік, табыс тілеген Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған топ бұдан соң көршілес Көксу ауданына бет алды. Онда аудан әкімі Алмас Әділ мен Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов қарсы алып, елімізге белгілі зауыт жұмысымен таныстыр­ды. 1934 жылы іргетасы қаланған зауыттың меншігіндегі 28 гектар жерге орналасқан қызылша өңдеу цехында 9 адам, дайын өнім цехында 7 адам, шырын сығу цехында 7 адам, ремонт цехында 7 адам, электр цехында 11 адам, механизация цехында 31 адам, транспорт цехында 7 адам, күзет қызметінде 22 адам жұмыс істейді. Одан бөлек, автотрактор паркі, құрылыс алаңы, сүт блогы, қаптау цехы, қоймалар сынды аса маңызды нысандары бар зауыт биылғы 7 айдың ішінде 10,8 мың тонна қант өндірген. Қазіргі күні жаңа технологиямен қамтамасыз ету жұмыстарына зауыт 420 миллион теңге жұмсап отыр. Зауыт орта есеппен тәулігіне 1 800 тонна қант қызылшасын өңдей алады. Қант өндіру тәсілімен, зауыттың жұмыс істеу технологиясымен танысқан Мұхтар Абрарұлы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді сұрап білді.

Ел мен елді, жер мен жерді жалғайтын жол. Жолы жақсының табысы жоғары, ісі ілгері екендігі белгілі. Осынау қарапайым қағиданы ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол» бағдарламасының алғашқы кезеңінде Алматы – Өскемен күрежолының құрылысы жүретінін жариялаған болатын. Міне, ел игілігі үшін қолға алынған бағдарламаның нәтижесін бүгінгі күні көріп отырмыз. Жолаушылар тақтайдай тегіс жолдың тиімді екендігін сезініп, жол құрылысын қолға алғандарға ризашылығын білдіруде. Осыған байланысты өңірдің жетістігімен танысуды мақсат еткен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед республикалық маңызы бар магистральдың жай-күйін сұрап білді. Арнайы орнатылған көрменің алдында облыстық мәслихаттағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комиссиясының жетекшісі, депутат Қанат Қожабеков, «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының жетекшісі Батыр Дадамурзаев күрежолдың 235-259 километріндегі құрылыс жұмыстарымен таныстырып, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың және бюджеттік қаражаттың қалай жұмсалып жатқандығын жан-жақты баяндап берді. Жалпы осы жобаға бөлінген 7,592 миллиард теңгенің 2,8 миллиард теңгесі 2013–2016 жылдар аралығында игерілсе, биыл 3,1 миллиард теңгені игеру қарастырылған. Бүгінгі күні осы соманың 0,7 миллиард теңгесі іске жаратылып, жол құрылысына 120 адам және 52 дана жол-құрылыс техникасы жұмылдырылған. Биылғы желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс жолдың құрылысы межелеген мерзімнен 3 айға кешігіп отыр. Онда да алғашқы кезең қаржының жетіспеуіне байланыс­ты биылғы желтоқсанға дейін ұзартылған. Сонымен қатар, Балпық би және Бақтыбай ауылдарының тұсында жол құрылысы мүлде тоқтап қалды. Себебі, жолға қажетті жер телімдерін алу жайы толық шешілмей отыр. Оның үстіне жол бойында жобада ескерілмеген көпірлер мен құбырлар кездесіп, жол құрылысын кешеуілдетуде. Қазіргі күні осындай өзекті мәселелер мемлекеттік сараптаманың қарауында жатыр. Мәселе толықтай шешімін тапқан соң ғана құрылыс жұмыстары жалғасады. Осындай өзекті мәселелер жайына қаныққан «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының жетекшісі Батыр Дадамурзаевқа жоба жұмысының тоқталмауы керектігін қатаң ескертті.

– Егер қараша айына дейін жолдың бір бағыты толықтай пайдалануға берілмесе, жолдың сапасы және Ұлттық қордан бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы тексерілетін болады, – деген ол «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлініп отырған қаржының қомақты екендігіне тоқталды. – Алматы – Өскемен автожолы құрылысына биыл 20 миллиард теңге бөлініп отыр. Оның ішінде сіздің игеретін мөлшеріңіз 9,5 миллиард теңге. Бүгінде оның бар-жоғы 52 пайызы ғана игерілген. Міне, қыркүйек айы келіп қалды. Нағыз жол салатын шілде, тамыз айларында жасалмаған жол қашан жасалады? Мемлекеттен осындай мол қаржы бөлініп отырғанда есеп пен бақылаудың болуы шарт. Мұның бәрі халықтың игілігіне жасалып отырған дүние. Ондай жол сапалы болуы керек. Ертең ойдым-ойдым болып қалмауы тиіс. Ұлттық қордан бөлінген қаржы жолды жамау үшін емес, түгелдей жаңадан салынуы үшін берілуде. Бұл Президенттің тапсырмасы, тапсырманың орындалуы партиялық бақылауда.

Бұдан соң өңірдің өндірістік орындарын аралаған жұмыс тобын өзі қарсы алған облыс әкімі Амандық Баталов қонақтарды Қаратал өзенінің жағасындағы жаңа демалыс аллеясына апарып, халықтың демалуына арналған орындармен таныстырды. Мұхтар Абрарұлы құрылыс жұмыстары басталған индустриялық аймақта жалғасқан қызу еңбекке де куә болды. Оны қарсы алған қала әкімі Бағдат Қарасаев облыс орталығы үшін аса маңызды нысанның жұмысымен таныстырып шықты. Арнайы стендке орнатылған жоба көрмесінде индус­триалды аймаққа автомобиль және теміржолдың қалай келетіндігі анық көрсетілген. Жергілікті және респуб­ликалық бюджеттен бөлінген қомақты қаржының индустриалды аймақ көлеміндегі нысандардың құрылысына қалай жұмсалып жатқанын әңгімелеген қала әкімі индустриалды аймаққа тән мәліметтерді ұсынды. Оның айтуынша, барлығы 549,9 гектар жерге орналасуы тиіс индустриалды аймақтың инфрақұрылымы нысандарының құны 4,2 миллиард теңге. Аймақта барлығы 72 нысан орналасады. Оның 11-і бүгінгі күні жұмысын жүргізіп жатқан кәсіпорындар. Олардың қатарында бетон өндіретін «ЕLD Global» ЖШС, базальт тақта өндіруші «ST-Best» ЖШС, құрылысқа қажетті қиыршық тас шығаратын «Талдықорған жолдары» ЖШС бар. Одан бөлек, келешекте майлы дақылдар өндіретін зауытты «Агрокомплекс Жетісу Мажико» ЖШС, табиғи газбен қамтамасыз ететін бекетті «ГазСпецСнаб-Юг» ЖШС, өсімдік майын өндіретін зауытты «Саркан Май» ЖШС салады. Құрылысына 13,4 миллиард теңге бөлінген осынау жобалар өңір жұртшылығын жұмыспен қамтып, барлығы 1276 адамға жұмыс тауып береді. Осындай көңіл қуантатын мәліметтерге қаныққан Мұхтар Абрарұлы еліміздің жетістіктерін тілге тиек етті.

– Бүгінгі күні дүниежүзінде үлкен жаһандық, экономикалық дағдарыс орын алып отыр. Дәл осындай жағдайда Қазақстанда «Нұрлы Жол» бағдарламасымен былтыр 700 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалса, биыл 770 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарлануда, – деген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Жетісу жерінің жетістіктерін де назардан тыс қалдырмады. – Соның ішінде тек Алматы облысының өзіне осы бағдарлама бойынша 70 миллиард теңгеден астам қаржы «Қорғас – Шығыс қақпасы» атты жобаға жұмсалып отыр. Одан бөлек, «Алматы – Өскемен» автожолына да қомақты қаржы бөлінуде. Оның үстіне, биыл Елбасының Қазақстанды индустрияландыруға арналған бағдарламасының екінші кезеңі басталады. Сол екінші кезеңнің аясында өңірлерде индустрия­лық аймақтар құрылуда. Соның бірі Талдықорған қаласында құрылған. Бұл қағаз жүзінде ғана емес, нақты жүзеге аса бастаған жо­ба. Міне, майлы дақылдарды неміс технологиясымен өңдейтін зауыттың құрылысы салынып жатыр. Биылғы желтоқсан айында алғашқы кезеңі іске қосылады. Себебі, Алматы облысы көкөніс, қызылша, соя өсіруден Қазақстандағы ең үлкен аймақ саналады. Ауыл еңбеккерлері табанақы, маңдай терімен тапқан табысының зейнетін көру үшін өнімдерін өткізуі керек. Оған жаңа зауыттар салу керек. Сол зауыттар Талдықорғанда салына бастаған. Жалпы, бүгін осы өңірден көрген жетістіктерге көңілім толып отыр. Қала керемет өзгерген. Көшелері жарқырап тұр. Қаратал өзенінің бойындағы жұрт демалатын аллея қандай тамаша?! Осының бәрін Елбасының Талдықорғанға, Алматы облысына жасап жатқан қамқорлығы деп қабылдауларыңыз керек.

Индустриялық аймақтағы қызу тіршілікке куә болған топ бұдан соң «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратына бет алды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

 

 

Атқарылған жұмыс ауқымды

Өңірімізге қызметтік іссапармен ат басын бұрған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед түстен кейін партияның облыстық филиалының активімен кездесті.

Алқалы жиынды жүргізген өңір басшысы Амандық Баталов жиналған қауымды партия активінің күн тәртібімен таныстырды. Онда «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының 2016 жылдың I жартыжылдығында атқарған жұмыстары қаралды.

Облыстық саяси кеңес мүшелері, мәслихат хатшылары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, аумақтық партия филиалдарының төрағалары, бастауыш партия ұйымының төрағалары, өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес және партиялық бақылау комиссиясының төрағалары мен облыстық басқарма, департамент басшылары қатысқан жиында негізгі баяндама жасаған облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев партия жұмысының маңыздылығына тоқталып, атқарылып жатқан бірқатар істі ерекше атап өтті.

– «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын орындау мақсатында облыста 2014-2017 жылдарға 400 нысан-пандус салуға 266 200,0 мың тенге қарастырылған. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында бүгінгі күні 267 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері толығымен баспанамен, электрондық медициналық белгі – дабылды түймемен қамтамасыз етіліп, диагностикалық зерттеу, медициналық тексеруден өткен, – деді ол.

Бұдан бөлек, «Бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында «Нұр Отан» балаларға» республикалық акциясы барысында барлығы 119 шара ұйымдастырылып, қайырымдылық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, партия тарапынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек беру жұмыстары өз жалғасын табуда. Қазіргі таңда аталған игі шара «Мектепке жол» акциясымен толығуда. «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы да жұмыссыздық деңгейін біршама төмендетіп отыр.

Жиында облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Ермек Келемсейіт, Текелі қалалық партия филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Константин Нестеров пен Талғар аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамкүл Ермағамбетова партияның бүгінгі жетістігі турасында жан-жақты мәлімет берді.

Кездесу барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед облыстың жетістігі мен кейбір кемшіліктерді ашып айтты.

– Сіздерге ата-бабаларыңыз «ұрпағым ырыздықсыз қалмасын» деп бәрін үйіп-төгіп берген. Мүмкіндік мол. Тек еңбек етіп, соны халық игілігіне жарата білу керек. Тек қана асыл тұқымды мал ұстауға ұмтылсақ жаман болмаймыз. Жетісу секілді жердің жаннатында шаруашылықты дөңгелетпегенде, басқа қай жерде оны дамытуға болады?! Сондай-ақ, Алматының атын шығарған апортты қалпына келтіру де Елбасы тапсырмасының бірі. Өйткені, әлем ғалымдарының мойындауы бойынша алманың отаны Қазақстан болып саналады екен. Елбасының осы тапсырмалары орындалса, өңірлеріңіз одан жаман болмайды. Бұдан бөлек, алтын құрсақты аналардың арқасында бала саны артып келеді, сондықтан жаңа мектептер салуда әлі де болса артта қалушылық бар. Мәселен, Мемлекет басшысы «үш ауысымды мектептерді болдырмау керек» деген тапсырма берген болатын. Алайда, қазір облыста үш ауысымды бірнеше мектеп әлі күнге дейін жұмыс істеуде. Бұл проблеманы алдағы уақытта жою керек, – деп қатаң тапсырды.

«Тіл-көзіміз тасқа, бұл қарқынды дамып келе жатқан өңір», – деп сөзін жалғаған Мұхтар Құл-Мұхаммед Жетісу жастарын өндіріс орындарына жұмысқа жұмылдыру қажеттігін және студенттерді жатақхана мен қамтамасыз ету мәселесін де қолға алу керектігін баса айтты. Өйткені, жұмыссыз жүрген жастар «қарыны тоқтық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын» дегендей, жат діни ағымдарға ұрынатындығын ескерген жөн деген тұжырымын да ортаға салды.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА