МАҚСАТЫ АЙҚЫН МАҚСАТ

Уақыты: 12.01.2025
Оқылды: 230
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастама ел көңілінен шығып, қолдау тапты. Өйткені, ол еңбекқор және нағыз маман иесі болып қалыптасу идеясын ілгерілете түседі.


Мемлекет басшысы: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі! Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деп атап көрсетті. 

Қалай десек те еңбек нарығына қолында дипломы бар ғана емес, экономиканы өрге сүйрейтін сапалы маман қажет. Жалпы, еңбек адамы деген кім? Ол – өз табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам. Өздеріңізге белгілі, қазір елде дәнекерлеуші, сантехник, сылақшы, тракторшы, құрылысшы, электрик, механик, кондитер, тігінші, слесарь, столяр, токарь сынды жұмысшы мамандар тапшы. Сонымен бірге нарықта техникалық мамандық иелеріне де сұраныс артып келеді. Бұл мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауылшаруашылығы сияқты түрлі салада маңызды рөл атқарады. 
Айта кетейік, маман тапшылығы 2030 жылға қарай тіпті үдей түседі деген болжам бар. Мәселен, құрылыс, көлік, сауда, энергетика, ауыл шаруашылығы, тау-кен, өңдеу өнеркәсібі сынды салалар жұмысшыларды көп қажет ететін болады. Осыдан-ақ, жұмысшы мәртебесіне селқос қарауға болмайтыны аңғарылады. Осы ретте Президент жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбектерін лайықты бағалау үшін бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалау қажеттігін, сол себепті инженер, геолог, кен орнын игеруші, ауылшаруашылығы және көлік, су саласы мамандары мен ғалымдар, өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылатынын, еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесін ерекше шабыттандырып, еңбек адамының абырой-беделін көтеретінін айтты. 

– Еліміз жыл сайын дамып келеді. Сондықтан, біз заңгер, экономист, есепші болудан алға шықпаймыз. Шет мемлекеттерден мамандар шақырта беруді де доғару керек. Ол үшін не істейміз?! Әрине, өзіміз оқып, білім алып, сұранысы бар мамандықты игеруіміз қажет. Уақыт талабы – осылай. Алдағы уақытта елімізде өндіріс орындары көбейетін болады. Ал ол жерге өндіріс жұмыстарын жүргізетін түрлі мамандық иесі талап етіледі. Сондықтан, мен де балаларымның болашақта жолымды қуып, инженер-технолог болғанын қалаймын. Өйткені бұл мамандық біздің елде қазір тапшы саналады, – дейді   Мақсат.

Біз де Жұмысшы мамандықтарының жылына орай Талдықорған қаласындағы «Алматы бояулары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде біраз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан инженер-технолог Мақсат Мырзахановпен жолығып, өзі атқаратын жұмысы жайында тілдесіп қайтқан едік. Жоғары технологиялы бұл кәсіпорында негізінен жол белгілерін таңбалайтын бояу түрлері шығарылады. Сонымен бірге темір сырлары мен бетон бояулары да осы жерде өндіріледі. Тұтынушы көңілінен шығатын сапалы өнім қашанда елдегі нарықтық қатынаста бәсекеге қабілетті болатыны сөзсіз. Осылайша, халыққа талапқа сай қызмет көрсететін кәсіпорын өнімдері елдің әр түкпіріне шығарылады әрі көрші мемлекеттерге де экспортталады. Бояулар жаңа, озық технологиялар бойынша өндіріледі. 

Өндіріс орны Қазақстан нарығында 2009 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Сол кезден бері тер төгіп келе жатқан инженер-технолог Мақсат Мырзахановтың бұл істегі еңбегін ерен деуге болады. Өйткені, ол шығарылған өнім сапасына жауап беретін мамандық иесі. Мақсат Мырзахановтың айтуынша, ол Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінен машина жасау мамандығы бойынша білім алып, оқуын тамамдаған. Бастапқыда ол осы өндіріс орнында инженер қызметін атқарыпты. Кейіннен кәсіпорын басшылығының ұсынысымен біліктілікті арттыру мақсатында Германияға оқуға жіберіліп, технолог мамандығын игеріп қайтқан. Мұнымен тоқтап қалмай, Австралияға да оқуға барып, білімін жетілдіріп келген. Қосымша шетелдіктермен де тәжірибе алмасып отырады. Сөйтіп, үнемі ізденісте жүретін маман иесі бүгінде тұтынушы сұранысына жауап беретін сапалы бояу бұйымдарын әзірлеп, технологиялық үдерісті бақылайды. Өзі жасаған өнімдерінің сапасына айрықша мән беріп, сәйкестігін тексереді. 

– Жұмыстың оңайы жоқ. Бәрінің өзіне тән қиындығы болады. Сол сияқты технолог та өте жауапкершілікті талап ететін іс. Мәселен, менің жұмысымда химиялық элементтерді дұрыс қолдана білу керек. Бояу жасауға қажет компоненттерді шатастырып алмай, дәл сәйкестендіру қажет. Бұл жердегі жұмыстың денсаулыққа да зияны бар. Сол себепті бізге сүт, айран сияқты ақ тағамдары уақытылы беріледі. Айта кетейін, қазіргі кезде жұмысшы ретінде еңбек етуге ынталы жастар азайып барады. Тіпті, жоқтың қасы деуге негіз бар. Өкінішке қарай, жас маманның көбі бірден жоғары жалақыны талап етеді, жылы орындықта отыруды және еркіндікті қалайды. Ал маңдай терлетіп, еңбек сіңіруге бас қатырып жатқандары шамалы, – дейді Мақсат Мырзаханов. 

Сондай-ақ, ол қазіргі жастардың технолог мамандығына барғысы келмейтінін, ал оқып, бітіргендеріне жұмыс орындарының табыла бермейтінін және Қазақстандағы өндіріс орындарына жас мамандарды алуға құлшыныстың жоқтығын, керісінше, еңбек өтілі мен тәжірибелі мамандардың талап етілетінін, салдарынан ол маман өзі таңдаған саланың шебері болам деген ойынан айнып, басқа салаға жармасатынын сөз етті. Тәжірибелі технологтың айтуынша, оқуын кеше бітірген жастан еңбек өтілін сұрау ақылға сыймайтын дүние. Жас маманды барынша үйретіп, шыңдау керек. Сонда ол уақыт өте шеберлік жағынан тәжірибелі маманнан оқ бойы озуы мүмкін.  

Мақсат 3 баланың әкесі. Сондықтан, ол өз балаларының болашақта мамандық таңдаудан қателеспей дұрыс шешім қабылдайтындарына сенімді.