Батыр атағы берілмеген

Уақыты: 12.01.2025
Оқылды: 246
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл өтсе де анықталмаған ақиқаттар әлі көп. Адамзат тарихындағы 5 жылдық қан майданда қазақтың миллиондаған сайыпқыраны жауға қарсы жан аямай шайқасып: «Отан үшін, келешек ұрпақ үшін!» деген зор сеніммен мұздай темір құрсанып, от шайнап, қан түкірді. Кейбірі еліне аман-есен оралса, боздақтар майдан даласында шейіт болды. Ең өкініштісі, сол ерлердің көбіне жасаған ерлігіне сай құрмет көрсетілмеді.


Әсіресе, Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатындағы құжаттардың ашылуы ерлігі ескерусіз қалған ерлердің есімін елге танытуға мол мүмкіндік беруде. Аталған мұрағатта бірнеше жыл алтын уақытын сарп еткен әскери тарихшы Қайрат Қарамандаев «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылып, берілмей қалған 161 қазақ жауынгерінің тарихын түгендеп «Баһадүрлер» деген кітапқа енгізді.

Жалпы, 332 беттен тұратын кітапқа кірген 161 қазақтың аты-жөні, өмір дерегі, әскер қатарына шақырылған жері, батыр атағына ұсынылған құжаттарының көшірмесі, кейбірінің фотосуреті қоса берілген.

– Батыр атағына ұсынылған 161 жанның 44-і майданда қаза тапқан. Оның 43-і офицер, 7 майор, 8 капитан, 11 аға лейтенант, 10 лейтенант, 8 кіші лейтенант, қалғаны қатардағы қызыл әскер. Олардың ішінде 11-і Ресей, жетеуі Өзбекстан, екеуі Тәжік- стан, біреуі Әзербайжан қазақтары, қалғаны Қазақстанның әр облысынан барған қаракөздер. Оның ішінде қазіргі Жетісу облысындағы 8 аудан, 2 қаладан майданға аттанып, ерлігі елге мұра болатын 9 ардагер бар. Олардың кейбірі соғыс майданында қаза тапса, кейбірі елге аман-есен оралған, – дейді кітап авторы Қайрат Қарамандаев.

Елге аман келгендер сол тұстағы саясаттың қысымымен өз ерлігін ашып айтып, жан күйзелісін айналасына жеткізе алмады. Ұрпақ үшін ұрандатқан ерлердің қызыл қанымен келген бүгінгі тәуелсіздік тұғырында тұрған біздер сол ақтаңдақты қайта ақтарып, ерлердің ерлік істерін ақтай алмасақ, азаматтыққа сын емес пе?!

«Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмеген ерлер
1. Ахметжанов Мұхаметқали – Алакөл ауданы.
2. Бәкіров Оразиман – Ақсу ауданы.
3. Бұтбаев Әбдібек – Талдықорған ауданы.
4. Есіркепов (Есеркепов) Байтұрсын – Талдықорған ауданы.
5. Қабдолов Әбдіқалық – Қаратал ауданы.
6. Қашқынов (Кашкенов) Исағали – Сарқан ауданы.
7. Садықов Ахметбек – Алакөл ауданы, Қабанбай ауылы.
8. Шажабаев Өмірбай (Умербай) – Қаратал ауданы.
9. Сағындықов Мінайқұл – Алакөл ауданы.

– Олар шайқас алаңындағы ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғанымен белгілі-белгісіз себептермен бір не бірнеше сатыға төмендетіліп, «Алтын жұлдыздың» орнына «Ленин», көбінесе жауынгерлік «Қызыл ту», ­І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен алмастырылған. Арасында ІІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий», «Александр Невский», «Қызыл Жұлдыз», ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алғандар бар. Талайының ерлігі еленбей, лайықты бағаланбай, іштарлықтың кесірінен қасақана кемсітілген. Олардың қаһармандығы көрсетілген ұсыныстарға қолдау берілмей кейбір бригада, дивизия командирі, армия, майдан қолбасшысы, әскери кеңес өз бұйрықтарын жөн санап, білгенін істеген. Сөйтіп атүсті шешім қабылдай салған. Сол себепті тиісті атақты ала алмаған. Өз өмірін қатерге тігіп, өзіне төнген қауіпке қарамастан қан майданда жан алып, жан берісіп шайқасқан олардың ерлігін сұрапыл соғыста бірге болған қатарластары мен командирлері ғана мойындаған, – дейді тарихшы.

«Батыр» деп жарлықпен батыр болғандарды айтпау керек. Ел үшін жауған оқтың астында ерен ерлікпен шайқасқандардың бәрі батыр. Ерлігі нақты мұрағат құжаттарымен дәлелденген ерлердің қайсарлығы қанша жыл, ғасыр өтсе де ұмытылмауы тиіс.

Өкініштісі, есімдері не көшеге, не мектепке берілмеген есіл ерлерді туыстарынан басқа ешкім білмейді. Тіпті туыстары да аталарының қан майданда ерлік көрсеткенін білгенімен «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылып, қағылып қалғанынан хабарсыз. Сондықтан көбінің есімі бүгінге дейін жалпы жұртқа беймәлім болып келді. Сол тарихи әділетсіздікті ашу біздің еншімізге тиіп отыр.

Түйін:
Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмге қарсы күрескен аталарымыз елдің еркіндігі, болашақтың бүтіндігі үшін жан қиды. Сұм соғыста қазақ сарбаздары ерліктің өшпес үлгісін көрсеткенін бізге жеткен естеліктерден білуге болады. Алдағы уақытта осы айдармен «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілмеген беймәлім батырлардың ұрпақтарын, туыстарын, жақындарын іздестіріп, пікір алмасып, тарихи ақтаңдақты анықтап, ескерусіз қалған есімдерді қайта жаңғыртуды мақсат еттік. Құрметті оқырман, боздақтардың туыстары, ұрпақтары туралы білетін болсаңыздар мақала авторына хабарласып, жәрдемші болуларыңызды сұраймыз.