Кеш түсе ол үлкен шаһарды бетке алып жолға шықты. Тойдың аяқталуын күтпеді. Себебі, қасында 7 жасар қызы бар. Барар жеріне ертерек жетіп, арақашықтығы 300 шақырымдық жолды аман-есен жүріп өтуі тиіс. Жол бойы полиция бекеттері, бағдаршам, камера. Сақтық шаралары жасалған. Яғни екі шаһардың арасы қауіпсіз.
Жолаушы қаннен-қаперсіз Балпық би кентіне кірді. Кенттен шығаберістегі бағдаршамда қасына үлкен көліктің тоқтап, өзіне тесіле қарағанын байқады. Бағдаршамның жасыл жанғанын күтіп тұрған ол ештеңеге көңіл бөлмей жүріп кетті. Бірақ, жаңағы машинаның қайта-қайта жанаса бергені көңіліне селкем түсірді. Терезелері қараңғыланған, көліктің ішіндегі адамның түрі көрінбеді. Ол ауылдан шыға салысымен ілесіп келе жатқан машина жарығын жағып-өшіріп «тоқта» деген белгі берді. Рульдегі қыз машинамда ақау шықты ма, әлде таныс біреу ме деп қауіптенбестен тежегішті басып, жолдың шетіне тоқтады. Қасындағы кішкентай қызының періштесі қақты ма, ол көліктен шығуға асықпады. Соңына келіп тоқтаған көліктің есігі ашылмағанда барып санасына күдік ұялады. Машинаның есігі дұрыс жабылмаса, дөңгелегі жарылса жүргізушілер терезені аш деген белгі беріп, жағдайды ыммен, қолмен түсіндіретін еді ғой. Мына жағдай ерекше. Қыз газды басты да жүріп кетті. Сол кезден бастап «тоқта» деп белгі берген көлік мұның жолын кес-кестей берді. Біресе көлікті жақындатып, біресе алдына тұра қалып тежегішті басып, жол-көлік оқиғасы қаупін тудырды. Қыз енді байқады, өзін қорқытып келе жатқан «Lexus» көлігінің мемлекеттік нөмірі жоқ. Терезесі қараңғыланған. Түн. Жол. Қауіп. Рульдегі нәзік жандыны үрей биледі. Бірден әкесіне телефон соғып, Мұқырының тауынан өткенін, бір белгісіз көліктің Балпық би кентінен бері соңынан қалмай қорқытып келе жатқанын айтты. Қыздың телефонмен сөйлескенін байқаған «Lexus» жүргізушісі жылдамдықты арттырып, алдыға озып кетті. Қауіп сейілді деп ойлаған қыз әкесіне хабарласып, алаңдамауын ескертті. Көп ұзамай жолдың интернет ұстамайтын бөлігіне жеткенде әлгі тоқта деп келе жатқан көліктің жолында көлденең тұрғанын көрді. Ол тежегішті баспай, «Lexus» көлігін айналып өтуге тырысты. Жолдың шетіне бұрылып қалғанда көліктің сол жақтағы екі дөңгелегі көтеріліп, машина бір жағына қисайып, аударылуға шақ қалып орнына түсті. Осы кезде артта отырған 7 жасар қыз орындықтан құлап, шырылдап жылап жіберді. Рульдегі анасының қорқынышы күшейді. Ол өзі үшін емес, бүлдіршіні үшін қорықты... Қарақшының не ойы барын кім білсін?... Жол бойында тұратын полицейлер де көрінбейді. Бірнеше бақылау камерасынан мемлекеттік нөмірсіз өтіп бара жатқан «Lexus»- ті ешкімнің байқамауы мүмкін емес. Әлде олар айыппұл салу үшін ғана қойыла ма? Жол оқиғасының алдын алу үшін қауіпсіздік шаралары жасалмай ма? Міндетті түрде апат орын алғанын күтіп отыру керек пе?! Қорқыныш пен күдік ұялаған қыз ағыл-тегіл жылап келеді. Сол уақытта телефонға әпкесінен жолда қалай бара жатқанын сұраған дыбыстық хабарлама түсті. Қыз интернет ұстамайтын аймақта бағанағы көліктің күтіп алғанын, қауіптің күшейгенін айтып жылап, дыбыстық хабарлама жіберді. Ондағы ойы: «Не де болса хабарлама жіберіп үлгердім. Бір жағдай болса кесірдің «Lexusтан» келгенін білетін болды. Әйтпесе ел-жұрт кінәні өзіме жабуы мүмкін ғой...» деп ойлады. Талай адам жоғалып кетіп, «өзі сүйтіпті» деген атқа қалған жайттарды есіне түсіріп үлгерді. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» деген. Адам өліп бара жатса да абыройын ойлайды екен-ау.
Айта кететін жайт, өткен жылы облысқа қарасты жолда 700 жол-көлік оқиғасы орын алып, 138 адам қаза тапқан. Мына оқиғадан кейін кейбіреулер жаңағыдай жол қарақшыларының қолынан қаза таппады ма екен деген ой туады. Бұл жағдай биыл да қайталануда. Жыл басынан бері 50-ден аса жол-көлік оқиғасы болып, адам шығыны орын алған.
Мұның хабарламасын алған әпкесі бірден 102-ге телефон шалды. Талдықорған – Алматы бағытындағы республикалық жолда кетіп бара жатқан мемлекеттік нөмірі жоқ, терезелері қараңғыланған темір тұлпар сіңілісінің көлігін күшпен тоқтатуға ниеттеніп бара жатқанын айтып, тезірек көмектесуін сұрады. Сонда телефон тұтқасын көтерген кезекші: «Өзінің танысы шығар... Көргісі келген жігіттер ғой» деп қауіпті жағдайды күлкіге айналдырған. Полицияға телефон шалған адам ашу шақырып, жауапты міндет атқарып отырып сөзді қылжаққа айналдырғаны үшін ертең жұмыс орнына хабарласып, үстінен шағым түсіретінін айтқаннан кейін барып, қылжақ күлкісін тыйған. Осындайда шетелдегі 911 қызметін еске аламыз. Олар сол кезде қыздың ұялы телефонына қоңырау шалып, машинаның нөмірін алып, қай жерде бара жатқанын біліп, тездетіп көмек жіберетін еді. Біздің жауапты пультта отырған мамандардың сөзін қараңыз. Күлейін бе, жылайын ба?! Бұл полиция басшылығының мамандарға міндетін дұрыс түсіндіріп, талап қоймағанынан. Маманның біліктілігі де жетіспейді. Жұмыс орнын ойын-күлкіге айналдыратындарының белгісі. Полицияның үстінен арыз-шағымның көптеп түсетіні де осыдан. Хош делік, бұл бөлек әңгіме.
Сонымен түскен арыз бойынша Кербұлақ ауданының шегарасында жол полициясы қызды тоқтатады. Бірақ, сонымен қатар өтіп бара жатқан «Lexus-ты» тоқтатпайды. Немесе алдағы бекеттерге қауіпті машинаны тоқтату туралы бұйрық берілмейді. Полиция қызға арыз жазасыз ба деп сұрақ қояды. «Иә, жазамын» деген жүргізушіге полиция инспекторы: «Сізді қуған «Lexus -570» көлігі ғой. Арыз жазғаныңызбен көліктің иесіне ештеңе істемейді. Себебі, сіз қорқытқанын дәлелдей алмайсыз. Көлік иесін де танымайсыз. Әрбірден соң ол қазір Алматыға кіріп кетті» деп кекетіп, мысқылдайды. Міне, біздің полиция қызметкерінің сиқы. Шара қолдансын деп арызданған запа шегушінің өзін күлкіге айналдырып тұр. Осыдан кейін полицияны кім сыйлайды?! Жауапсыздығымен қоса білімсіз, бейпіл, қызметтік әдепті білмейтін сауатсыз маман деуіміз әбден мүмкін.
«Lexus» ішіндегі адам полицияның танысы ма деген күдік туады. Себебі, бірден «Сізді қуған «Lexus 570» көлігі ғой» деп тайға таңба басқандай айтып тұр. Олар көліктің иесін де біледі. Әлде қымбат, нөмірсіз, терезесі қараңғыланған «блатной» машиналарды тоқтатуға қорқып, «ләппай тақсыр!» деп өткізіп жібереді ме ?
Бұл жағдайды естіген журналистер мәселенің мән-жайын білу үшін Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанар Қалықоваға телефон соғып, арыз түсірілген «Lexus» автокөлігіне шара қолдану барысында қандай іс-шаралардың жүргізіліп жатқаны жайлы айтып беруін сұрадық. Ол жедел іздестіру шарасының қолға алынғанын айтып, күтуімізді өтінді. Соңынан Жанар Темірханқызы сырғақтатып, жауап бермеуге көшті. Бірақ, біз журналиспіз. Мамандығымызға сай халық алдында табандылық танытуға міндеттіміз. Себебі, бұл жайт әлеуметтік желіде жарияланғандықтан ел-жұрттан 30-дан аса пікір түсті. Бәрі полицияның салғырттығына реніш білдіріп, қылмыскердің ұсталуын талап ететінін жазған. Оның ішінде Жетісу облысы әкімінің Әдеп жөніндегі өкілі Ғабит Тұрсынбай да бар. Ол «Lexus-ты» іздеудің әдістері жайлы айта келіп, жедел-іздестіруді дұрыс жүргізе алмаған лауазымды тұлғаны жауапқа тарту керегін айтқан. Ай бойы істің қалай өрбитінін қадағалап отырған желі қолданушылардың полицейлердің жауапсыздығына реніштерінің арта түскенін айта кеткеніміз жөн. Ресми газет өкіліне жауап бере алмаған маман көп алдында не айтсын?! Сонымен сұрағымызға полицияның мардымды жауап бермейтінін түсіндік. Журналистер «Egov» порталы арқылы Е-өтінішпен Жетісу облыстық ішкі істер департаментінің Кербұлақ аудандық бөлімшесіне арыз жолдадық. Жауап келді. Ресми жауапты Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің басшысы Рүстем Әбілханұлы жазыпты. «Сіздің 14.01.2025 жылы №ЖТ-2025-00114016 санды өтінішіңіз бойынша. 14.12.2024 жылы белгісіз жүргізуші мемлекеттік нөмірі анықталмаған «Lexus» маркалы автокөлікпен Жетісу облысы, Алматы – Өскемен тас жолында Ж. А. Ташкенбаеваның басқаруындағы м/н «ххххххх Toyota Rav4» автокөлігіне авариялық жағдай туғызған. Осы оқиғаға байланысты белгісіз тұлғаға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 60- бабының 1-бөлігі негізінде №243340030006480 санды әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта аталған «Lexus» автокөлігінің жүргізушісін анықтау бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта құқық қорғау органдары барлық қажетті шараларды қабылдап, оқиғаға қатысы бар тұлғаларды анықтау үшін қосымша тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деп екіұшты жауап қайтарыпты.
Балпық би кенті мен Алматы шаһарының арасында бәленбай камера бар. Күрежолда «Қазавтожолдың» да бірнеше камерасы тұр. Жол полицейлері «Toyota Rav4» көлігін тоқтатқан кезде алдағы полиция бекеттеріне «Lexus»-ты тоқтату туралы неге тапсырма бермеген? Алматыға кіріп кеткенде де камералармен тауып алуға болады ғой. Таудай «Lexus»-ты ұстай алмаған жол полициясынан не үміт, не қайыр?!
Қымбат көлік мініп есірген есіріктер заң алдында жауапқа тартылмаған соң басқаларға да қиянат жасайтыны сөзсіз. Оның терезелерін қараңғылап, нөмірін алып тастауының өзі заңға қайшы әрекет. Осы әрекетінен-ақ қылмысқа дайындалғанын байқауға болады. Шындаса бір сағатқа жеткізбей құрықтайтын қылмыскерді полиция неге ұстамай созбақтатып отырғаны белгісіз. Осында бір сыр бар-ау. Неге заң бұзушы құрықталмайды? Жауырды жаба тоқимыз деп ел ренішін арттырып алмайсыздар ма, полициядағы шекпен киіп, шен таққандар?
Гүлжан ТҰРСЫН
Фото: https://lexus-kuntsevo.ru/news/info