Дуальды оқыту кәсіптік білім беру ұйымдары мен кәсіпорындардың ынтымақтастығын қамтиды. «Атамекен» ҰКП өңірлік палаталары олардың арасында серіктестік қатынастарды орнатуға жағдай жасайды.
Мұндай ынтымақтастықтың қаншалықты нәтижесі бар? Оны облыстық кәсіпкерлер палатасы мысал ретінде көрсетті. Өңірде дуальды оқыту бағдарламасына 336 кәсіпорын қатысады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаевтың айтуынша, оқыту 14 колледж базасында жүргізіледі. Аталған бағдарламамен 18 сала, 35 мамандық және 55 біліктілік қамтылған. 9 жыл ішінде кәсіпкерлер тапсырысымен облыс колледждері 3,5 мыңнан аса адамды оқытқан. Дуальды оқыту тиімділігіне көбіне кәсіпкерлердің жұмыс берушілер ретінде оқу бағдарламасын жасауға қатысуынан қол жеткізіледі.
Кәсіпорындағы студенттік тәжірибе өндірістен қол үзбей ұйымдастырылған, әрбір студентке тәлімгер бекітілген. Олар тәжірибелі қызметкерлер қатарынан анықталады. Мысал ретінде кәсіпорында тәжірибеден өткен колледж түлектері мансабын жалғастыруға мүмкіндік алған «Темірбетон» зауытымен ынтымақтастықты келтіруге болады.
– Темірмен жұмыс істеу бала кезімнен ұнайтын. Мектеп бітіре салып колледжге оқуға түстім. Оны тамамдағаннан кейін «Темірбетон» зауытында өндірістік тәжірибеден өттім. Сөйтіп, теорияны тәжірибе жүзінде жүзеге асырып, нәтижесінде жұмыс істеуге қызығушылығым артты. Тәжірибелі тәлімгердің арқасында өндіріске тез бейімделдім. Ендігі кезекте жоғары білім алып, осы зауытта инженер болып еңбек жолымды жалғастыру жоспарда бар,– дейді 4-разрядты токарь Виктор Радюк.
Қазіргі кезде «Темірбетон» зауытында 12 колледж оқушысы тәжірибеден өтуде. Атап айтқанда, олар бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика бойынша болашақ слесарь, токарь, фрезерлеуші және дәнекерлеушілер. Кәсіпорын жетекшілерінің сөзінше, колледж оқушылары шын ниетпен өндірістік тәжірибеден өтуге келеді. Олар еңбек тәртібіне бағынып, өздерін шыңдайды.
– Тәжірибеден өтіп жатқан балалар өздеріне жүктелген міндетті мінсіз орындауға тырысады. Тәлімгерлер оларға кәсіби білім беріп, барынша тәжірибеден өткізеді. Сондай-ақ, олардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеледі. Кәсіпорын мамандары сертификат пен диплом иегерлерін ғана емес, сондай-ақ, дайын маман алуға да қызығушылық танытады, – дейді «Темірбетон» зауытында 20 жылдық жұмыс өтілі бар 5-разрядты дәнекерлеуші Олег Окольский.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев бұл жұмыс «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жалғасатынын, кәсіпорындарда оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерін қысқамерзімді оқытуға, тағылымдамадан өткізуге, оқу орындарында бизнеске қамқорлық танытуға, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуге және кәсіпорындардан тәлімгерлерді даярлауға ерекше назар аударылатынын айтты. Мұның бәрі білім беру жүйесін дамытуға және жоғары білікті мамандарды даярлауға елеулі үлес қосуы тиіс.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА