Ұсыныстар ескеріледі

Уақыты: 11.02.2025
Оқылды: 275
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Газеттің №10 (19437) сейсенбі, 28 қаңтар 2025 жылғы санының 3-бетінде жарияланған «Ақын Сара рухы ардақталса»» атты мақалада (https://7-su.kz/news/cat-1/27046/) көтерілген ұсыныстар бойынша Ескелді аудандық әкімдігіне хат жолдап едік. Міне, әкімдіктен жауабын алып, оны оқырмандармен бөліскелі отырмыз.  Алдымен аудан әкімдігі облыстық «Jetіsý» газетінің еліміздің өркениет жолындағы үлесіне айрықша тоқтала келіп, мақалада көтерілген ұсыныстарды тиісті мекемелерге жолдай отырып, төмендегідей шешім қабылданғанын жеткізіпті. 

Мақалада: «Біржанның інілері, Сараның сіңлілері» атты айтыс ақындарының сөз сайысы «Біржан сал мен Ақын Сараның айтысы өткен Тоғызқұмалақта ұйымдастырылса» деген сұрағымызға: «Ауданда мұндай іс-шараға қаражат қарастырылмаған. Алайда, біздің тарапымыздан басқа ұйымдастырушылық жұмыстарына қолдау көрсетілетін болады» деп жауап беріліпті. Ақын Сараға қатысты  республикалық, облыстық, аудандық конференция, еске алу кештеріне, тағы басқы шараларға ауыл әкімінің мамандарын және де ауыл ақсақалдырын жіберу туралы өтінішіміз ауыл әкіміне жеткізіліпті. Мұндай шараларға Ақын Сара ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы  мектеп ұжымының оқытушыларын Жетісу облысы білім басқармасының Ескелді ауданы бойынша білім бөлімі бұйрық арқылы жіберетін болады. Бұл алдағы уақытта назарға алынады.  Ал «Талдықорған – Өскемен күрежолында орналасқан Ақын Сара кесенесіндегі бүлінген QR код туралы Жетісу облысының тарихи-мәдени мұрасын қорғау орталығына хабарланып, жақын арада QR код қайтадан жаңартылады» деген хабарды естідік. 

Әрине, мақсатымыз – тырнақ астынан кір іздеу емес, тұрғындардың тілегін  қаз-қалпында көрсетіп, қордаланған мәселе болса оң шешім табуына басылым арқылы ықпал ету болатын. Осы тұрғыдан келгенде басылым көтерген ұсыныстар өз деңгейінде шешімін тапты дей аламыз.
 

Қажет АНДАС
Ескелді ауданы