Жаңашылдыққа бет бұруда

Уақыты: 23.03.2025
Оқылды: 425
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазір кәсіпкер шығарған көптеген өнімге сұраныс бар. Мұны заманауи тауар өндірушілер жақсы біледі. Сол себепті өнім сапасына мән беріп, бәсекеге қабілеттілікті арттыруды мақсат тұтады.

Біз бұған «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ұйымдастырылатын жыл сайынғы көрме-жәрмеңкеде көз жеткіземіз. Жоба биыл да жалғасуда. Осы ретте облыстық кәсіпкерлер палатасында аталған жоба бойынша тренинг өтті. 

Оған түрлі салада қызмет ететін 30-ға жуық отандық тауар өндірушілер қатысып, өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Шараға Жапон елінен келген JICA-ның Қазақстандағы жергілікті кеңсесінің жобаларды қалыптастыру жөніндегі кеңесшісі Цудзи Сатоси мырза шақырылып, жетісулық кәсіпкерлердің өнімдерін тамашалады. Сондай-ақ, ол бизнес өкілдерімен тілдесіп, ақыл-кеңесімен бөлісті.    

Шарада, сондай-ақ, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Римма Салықова сөз сөйледі. Аймақ кәсіпкерлерінің бұл шараға мұқият дайындалғаны аңғарылды. Көрме сөрелеріне қойылған ауылшаруашылығы тауарлары көз тартып, қолмен жасалған бұйымдар көпшіліктің таңданысын туғызды. Әсіресе, қыз-келіншектерге арнап алтын, күмістен дайындалған әшекей бұйымдарға қызығушылар көп болды. Сақина, білезік, алқа сияқты заманауи үлгідегі зергерлік заттар ұлттық нақышта жасалыпты. Осындай қолөнер туындыларымен «Жания» жеке кәсіпкерлігі айналысады. 

Тренинг барысында күнделікті тұрмыста тұтынылатын ет, сүт, ұн, жұмыртқа өнімдеріне, ұлттық тағам түрлеріне, ара балы мен әртүрлі жеміс шырынына, шөл басатын суық көжеге тапсырыс берушілер де табылды. Мәселен, Талдықорған қаласындағы «Ахмедова» ЖК нанның небір түрін дайындап әкеліпті. Олар болашақта өндірісті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Ал Панфилов ауданынан келген «Бота» ЖК иесі Ақбота Тимурқызы қонақтарға құрт, ірімшік, сүзбе, кілегей, айран, қатық сияқты сүттен жасалған табиғи таза өнімдерін ұсынып, сапалы қызмет көрсетті. 

Алакөлдік Динара Әділбаева химиялық қоспасыз, таза еттен шұжық түрлерін әзірлейді. Айтуына қарағанда, сапасы жоғары болғандықтан тұтынушылары да көп. Көрме кезінде тамашалаушылар тауар түрлерімен танысып қана қоймай, өнімдерді өз бағасында сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры  Дәурен Оңалбаев Жетісу жерінде осындай кереметтердің бар екенін мақтан тұтып, тілшілерге сұхбат берді. 

 – Тренингне қатысқан кәсіпкерлер іріктеледі. Сөйтіп олар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ұйымдастырылатын алдағы көрме-жәрмеңкеде бас қосады. Шараға соңғы 3 жылда 93 кәсіпкер қатысса, биыл 13 жаңа кәсіпкер қосылып отыр. Бұл сан одан әрі өседі деп сенеміз. Жоба кәсіпкерлердің жаңашылдыққа бет бұра бастағанын байқатты. Мәселен, бір кәсіпкер кофе сияқты дайын күйде тары қосылған шай әкепті. Яғни, бұл ұлттық нақыштағы ас. Ал бұрын мұндай болмаған. Яғни, кәсіпкерлер заман ағымынан қалмай, жаңа дүниелерге әуестенген. Әрине, біз бұған қуанамыз. Жобаға қатысып, жеңімпаз атанғандар 5 миллионға дейін мемлекеттік грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Өткен жылы 9 финалистің 8-і осындай грантқа ие болды. Қаражат кәсіптерін кеңейтіп, басқа да керек-жарақтарын сатып алуға жұмсалады, – деді Дәурен Барлықбекұлы.   

Мұндай жақсы пікірге «Бір ауыл– бір өнім» жобасы бойынша жетекші сарапшы Маржан Аманжолқызы, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының тәлімгері Светлана Серікбайқызы қосылып, өздерінің ойларымен бөлісті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА