Қазақтың өмірі, әр күні дәстүрмен астасып жатыр. Сергек санамен тірлік кешіп жатқан бүгінгі жас буын біле бермейтін дәстүрдің бәрін тұтастыра қарасаңыз, қазақтың қаршадай баласы да ата-салттан аттамай жетіліп келе жатқанын байқайсың. Мәселен, есіктен оң аяғымен мектебіне жол алған немереме, үйге кіріп келіп амандықты білер ұл-қызыма қарап, «осыларға салт-сана туралы жеткілікті айтпаған едім, қалайша бәрін танымына сіңірген» деп таңырқаймын.
Рас, босағаны кермеу, оң аяқпен сапарға аттану секілді өзегі ырым-тиыммен, ізгілікпен қабысып кеткен жоралғыларымыз, дәстүрлеріміз сәт сайын орындалады екен. Сәлемдескен адамға жауап қату – діни міндеттен бұрын, біздің бабаларымыз қалыптастырған салтымызда бар адамдықтың алғышарты.
Қазақ әз Наурызды жылдың басы деп біледі. Көктемнің алғашқы айында Жер-Анаға, табиғатқа байла- нысты түрлі жоралғыны жолға қойып, дәстүрін жаңғыртады. Соның бірі ерте көктемде орындалар – бұлақ көзін ашу дәстүрі.
Бұл дәстүр Ұлыстың ұлы күні қарсаңында орындалып жүр. Бұл күні біз секілді ауылдың қарттары немерелерін жетектеп ауыл-аймақтың айналасындағы бұлақ көзін қара күзде құлаған жапырақтардан, қурайлардан тазартып, ерімей жатқан мұздақтарды аршып алып тастайды. Бұл өмір мен табиғаттың тылсымынан туындаған дәстүр екеніне алайда көп адам мән бере бермейді. Бұлақтың көзін ашу – көкіректің көзін ашып, тұтас әлемді танудың, оны гүлдендірудің ишарасы секілді. Мәселен, перзентіңе жасынан білім мен тәрбиені қатар беріп, көкірегінің көзін, жанының бұлағын ашсаң, талантын шыңдасаң ертең ол адамзатқа болмаса да өз халқына, қала берді өскен ортасына пайдасын тигізер тұлғаға айналады. Қарапайым бұлақтың көзін ашсаң ол жетер жеріне дейін сылдырап ағып барып, айналасын жасыл шөпке, жайқалтып мақпалға айналдырады. Міне, осындайдан қазақтың «Бұлақ көрсең көзін аш» деген даналығы туындаған. Бұл дәстүр меніңше ықылымнан бері парасаттылықпен жалғасып келе жатқан жыл басындағы ең ғажап өнегелі дүние. Біз Жер-Ананың да, адамзаттың да бұлақ көзін жыл сайын ашып, жаңартып отыруға міндеттіміз. Өйткені, тіршіліктің нәрі болған су мен адамзаттың жалғасы болған перзенттің көзін ашу – дүниені гүлдендірудің, заманды жалғаудың ең ұлы жолы. Сондықтан да бұлақ көзі ашусыз қалмаса екен деп тілеймін!
Ақынбек АХМЕТОВ, зейнеткер
Фото: aqmeshit-aptalygy.kz