КӨШ КЕРУЕНІ КЕРБҰЛАҚТА

Уақыты: 22.03.2025
Оқылды: 535
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Наурыз мерекесі аясында еліміздің түкпір-түкіпірінде ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді.

Соның бірі – көне заманның керуен көшін бейнелейтін «Көш керуені» мерекелік шеруі. 21 наурыз күні Кербұлақ ауданынының Сарыөзек ауылында ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті дәріптеуге бағытталған «Көш керуені» атты ауқымды іс-шара өтті.

Шараны салтанатты түрде аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбеков ашып, өз батасын берді. Ақсақалдардың батасы мен игі тілектерінен кейін керуен өз жолын бастады. Жалпы шеру Сарыөзек ауылының оңтүстік-батыс аймағындағы айналма жолдан басталып, орталық алаңға дейін жалғасты. Шараға ауылымыздан 400-ден астам адам қатысты. Керуенге ауданымыздың спортшылары, өнерпаздары және өзге де белсенді азаматтар қатысты. Аттылы жігіттер мен ұлттық киім киген қыз келіншектер көштің сәнін келтіріп, ауыл тұрғындары мен қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Жол бойындағы жолаушылар керуенді жылы қарсы алып, көне заманның бейнесін көргендей әсер алды. Бұл шара ауылдың үлкен-кішісін бір ортаға жинап, қазақтың көшпелі өмірін еске түсірді

Көш керуені ауылдың орталық одан әрі жалғасын тапты. Ақсақалдар мен аналар жас ұрпаққа бұрыңғы көшпелі тіршіліктің қыр-сыры туралы әңгімелеп, қазақтың салт-дәстүрін паш етті. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін көрермендерге ұсынып, қазақтың ұлттық әндері мен билерін орындады. Сонымен қатар, көрермендер назарына түрлі мәдени бағдарламалар, ұлттық ойындар мен қойылымдар ұсынылды. Шара барысында аудан тұрғындары ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын таныстырып, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеді.

«Көш керуені» - қазақ халқының мәдәниетін, салт-дәстүрін, насихаттайтын ерекше шара. Сарыөзек ауылындағы өткен бұл мерекелік көш барша қауымға тарих пен дәстүрдің сабақтастығын сезінуге мүмкіндік берді. Бұл іс-шара аудан тұрғындары мен қонақтарына нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлап, ел арасында бірлік пен ынтымақты нығайтты. Осындай шаралар халқымыздың рухани жаңғыруына серпін беріп, ұлттық дәстүрдің ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына ықпал етеді. Көш жалғаса береді, дәстүр жаңғыра береді!

Бауыржан ҚАСЫМХАН,

ЖУ-дің студенті