Ел мен жердің еркіндігі, мемлекет әлеуетінің артуы, әлеуметтік-экономикалық саланың қарқынды дамуы, мәдениет пен әдебиеттің сұранысқа ие болуы, бәрі-бәрі тәуелсіздіктің жемісі. Осыдан 25 жыл бұрын егемендікке қол жеткізген еліміз бүгінде әлем жұртшылығына жақсы жағынан танылып, дамушы елдердің арасында межелеген биігіне қол жеткізіп отыр.
Осындай көз қуанар, көңіл марқаяр жетістіктің бәрі Қазақстан Республикасының болашағы үшін. Мұның негізі еліміздің Конституциясы – Ата Заңында көрсетілген бұлжымас қағидалар. Адам және оның құқықтары мен бостандықтарын алдыңғы орынға қоятын Конституция әрбір азаматтың білім алуына, жұмыс істеуіне, өзі қалаған саланы меңгеруіне мүмкіндіктер береді.
Мерейлі мереке – ҚР Конституциясы күнін Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтары жоғары деңгейде атап өтті. Пайдалануға биыл берілген «Жастар» саябағында көпшіліктің назарына еліміздің ширек ғасыр ішіндегі жетістіктерін паш еткен театрландырылған көріністер, спорттық ойындар, жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламалары ұсынылды.
Атшаптырым аумақты алып жатқан саябақтың қақ ортасындағы сахнаны жағалай Қазақстан Республикасының Көк байрағын көтере жүріп өткен жас жігіттерден соң елімізді мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың ұлттық киімдерін киген биші қыздар отаншылдықты, патриоттықты әйгілеген әсем әуеннің ырғағымен мың бұрала билеп, әнші жігіттердің шырқата салған әніне әр берді. Ақсақалды қарт, көп балалы ана, бастауыш сынып пен жоғары сынып оқушылары, ұстаз, қызметкер кейпінде көпшіліктің назарын аудартқан мереке кейіпкерлері еліміз жеткен жетістіктер мен табыстарды әйгіледі. Бұдан соң мерекелік шараға орай көпшілікті құттықтаған Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.
– Тәуелсіздігіміздің кемел келешегін қамтамасыз еткен Ата Заңымыз осыдан 21 жыл бұрын барша қазақстандықтың қалауымен қабылданды. Халқымыз болашағымызды айқындайтын сын сағатта өзінің тарихи таңдауын жасады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол жылдарды еске ала келе: «Бүгін біз 1995 жылдың ұлы оқиғаларын біздің халқымыздың тарихи тағдырын таңдауы ретінде атап көрсете аламыз», – деп атап өтті, – деген шаһар басшысы Талдықорған қаласының жетістіктеріне тоқталып өтті. – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы бүгінде жетістіктер шежіресіне айналуда. Оңды үрдіс Жетісудың кіндік қаласы – Талдықорғанның өзінде де көрініс тапты. Бүгінгі салтанатты шарамыз өтіп жатқан «Жастар» саябағы осының бір мысалы. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен биыл жаңа жағалау, 300 орынды көпсалалы аурухана, «Қаратал», «Көктем» аллеялары сынды бірнеше әлеуметтік-мәдени нысандар ашылуда. Сонымен қатар, күре жолдар күрделі жөндеуден өтіп, қала инфрақұрылымының дамуына серпін беруде. Бүгінде өзендер өрнектеген Жетісу өңірінің бас қаласы Талдықорғанның қарқынды даму динамикасы тұтас облысымыздың өрлеуіне жол ашуда. Оңды өзгерістердің өзегі болған заңнамалардың түп тамыры – Ата Заңнан қуат алады. Қоғамның өркендеуіне жол ашып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген конституциялық нормалар, айтары не, өміршеңдігін дәлелдеді. Бүгінде Негізгі Заңның қағидаттарына сүйене отырып, еліміздің тұрақты дамып, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруын қамтамасыз ету жолында еңбек етудеміз. Елбасы біздің алдымызға индустриалды-инновациялық дамуға және жаңа әлеуметтік саясатты баянды етуге бағытталған ауқымды істерді жүзеге асыру міндетін қойып отыр. Жер жаннаты Жетісудың зор әлеуеті осы тапсырмаларды толық іске асыруға қабілетті.
Қала әкімінің айтуынша, жаңа ғасырға қадам басқалы бері облыс орталығының индустриалды-инновациялық даму көрсеткіші қомақтанып, өндірістік өнім мөлшері 10 есеге ұлғайған. Бүгінгі күні өндіріс көлемі жылына 21 миллиард теңгеге жетіп отыр. Одан бөлек, мектепке дейінгі мекемелер саны айтарлықтай өсіп, тұрғындардың саны 167 мыңға жеткен. Мұндай жетістіктерді көптеп келтіре беруге болады. 2000 жылдан бері қарай қалада 48 мың бала дүниеге келген.
Мерекелік шара соңы «Талдықорған әуендері» ансамблінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Мәди АЛЖАНБАЙ