Бектау ата тауы

Уақыты: 05.09.2016
Оқылды: 3407
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әлемде таралымы мен танымалдығы жағынан үздіктер қатарында топ жарған басылымның бірі National Geographic журналы десек, тым қателеспегеніміз болар. Аты айтып тұрғанындай, жер-дүниенің географиялық түзілісіндегі ең көрікті деген жерлерді елеп-екшейді де қалың оқырманына оның сипаты, сыры, санаты туралы ақпарат береді. Мұны неге айтамыз? Себебі, біз дәу де болса Ұлы Дала жауһарының бірі осы деп біліп, қал-қадірімізше дендете, індете зерттеген Бектау ата тауы сол журналда жарты әлемге жарқырапты. Қазақстанның 5 көрікті жерінің бірі ретінде. Сосын да таңдаған нысанамыздың даусыз жауһар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік те ол туралы көсіліп, шешіліп жазуға бет қойдық.

Әдетте аталған тау сырт тұлғасынан қарағанда алыстан мұнартып ақ қаладай көз тартады. Бұл Балқаш қаласының оңтүстік шығысында 60 шақырым жерде орын тепкен тау. Оңтүстік-шығыстан солтүстік батысқа қарай созылып жатыр. Әуелі Бектау ата тауы туралы аз-кем дерек келтіре кетсек, Бектау ата тау желісі Балқаш көлі бойында орналасқан табиғи ескерткіштердің бірі. Бұл таудың шыңы 1000 метрден асып жығылады. Оның аумағында түрлі шатқалдар мен құздар орналасқан. Мұнда өсімдіктердің жүзге тарта түрі кең таралып, олардың 45-і сирек кездесетін болса, 8-і Қызыл кітапқа енгізілген.

Осы ретте Балқаш өңірін зерттеп, ол туралы құнды мәліметтер қалдырған ғалым П. Сарычевтың еңбегіне жүгіне кеткеніміз артық болмас. Ол: «Бектау ата – оңтүстік пен солтүстікті жалғас­тыратын нысана іспетті керуен жолдың бойында тұрған «шамшырақ». Оның сүйір төбесі Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан көзге ілінеді. Көлдің астынан жарып шыққандай сұстиып тұрады және «бері тарт» дегендей ишарат береді. Сол таудың астында үлкен үңгір бар. Ол мөп-мөлдір тұщы суға толы. Су бетінің деңгейі әрдайым бір қалыпты: жоғары көтерілмейді, төмен түспейді. Табиғаттың осы жұмбағының көріністері дала жұртының сезімін билейді», – деп жазады. Шынымен де, бүгінде жергілікті жұрт бұл тауды осы аймақтың шамшырағы деп атап кеткен.

Ғалымдардың айтуынша, оның ғажайып көрінісінің өзіндік ғылыми себебі бар. Ол биотитті гранит пен аплит тау жыныс­тарының жапсарындағы жіктің үгіліп, еріп бұзылуынан пайда болған деседі. Бұл ғылымның тілі деңіз, ал сол өңірдің тұрғылықты халқы не дейді дейсіз ғой? Алдымен арғы тарихқа ептеп өткел салып көрелік. Онда «Жерұйықты» іздеп, жаһанды кезген жиһангер Асан Қайғы Арқа жерінің бір тауының маңына келіп, желмаясын шөгеріп, сол жерге қонғаны айтылады. Әрине, құйқалы Жетісу топырағына келіп, құнарлы сөз айтқан абыздың бұл далаға да бұрылмауы мүмкін болмаса керек. Ең ғажабы – таң алакеуімдеп ата бастағанда шырт ұйқыдан оянған Асан баба жұмбақ екі бәйтерек өсіп тұрғанын көреді. Сол екі жұмбақ бәйтерек өсіп тұрған тауды «Бектау ата» деп атапты дейді. Осы бір қысқа аңызда қасиетті таудың неге «Бектау ата» деп аталғаны айтылмайды қазір. Бұл бір зерттеуді, зерделеуді қажет ететін тақырып болса керек...

Ал бергі тарихтан сыр шертетін екінші бір аңыз алғашқы бірінші нұсқасы бойынша, бұл өңірде жоңғар шапқыншылығы кезінде Атабек атты әулие өмір сүріпті. Ол бірде шапқыншылық кезінде жаудан қашып келіп, осындағы ең үлкен үңгірге тығылады. Таудың 80 метр биіктігіндегі үңгірде тығылып жатқан атабекті шапқыншылар таба алмапты. Әрі сол кезде Алланың құдіретімен үңгір ішінде су қайнары пайда болыпты. Әулие осы тұщы судың арқасында жан сақтап, жау көзіне шалынбай қалыпты. Содан бұл жерді Әулие деп атайды делінеді. Ал келесі бір нұсқасына зер салсаңыз, Бектау ата және Беғазы деген екі әулие болған. Олар қашып келіп, осы тауды пайдаланған деп болжанады. Осы себепті де бұл таудың аты «Әулие тау», «Бектау», «Бектау ата тауы» болып ел аузында әртүрлі айтылып келеді.

Үңгір демекші, Бектау ата тауының күн батыс тұсында етегінен 80-100 м. биіктікте туристер назарын өзіне жиі аударған нән үңгір бар. Үңгірінің жалпы ұзындығы – 45-48 метрдей. Оған тас қорымы арқылы көтерілуге болады. Алдында тегіс ашық алаң бар. Үңгірге кірер қуыстың биіктігі – 3, ені бір жарым метр болып, мұнда еш қиындықсыз кіріп-шығуға мүмкіндік туған. Одан әрі ені недәуір кеңи түсетіндіктен, табанының тегістігі 15-16 метрге дейін сақталады. Ең кереметі сол – түпсіз түнекті қақ жарып келе жатқандай толқынысты сезіммен ары қалай ілгерлегеніңізде, нақтырақ айтқанда, 29 метрден ары үңгір түбін терең көлшік алып жатыр. Бажайлап қарасаңыз, қараңғы түнекте жатқанына қарамастан еш борықсыз, суы мөлдір. Түбі тұнбалы. Осыдан соң бір сәт аңтарылып қалатыныңыз шүбәсіз: тау қуысы бірте-бірте жоғарылап, мұржа тәрізді дөңгелек тар тесікке айналып жер бетіне шығады.

Тағы айталық. Үңгірден төмен түскеніңізде сайдың жадағай жазығында әулие шошаласының орыны бар. Осы өңірдің көненің көзін көрген ақсақалдары «Бұл шошала осы ғасырдың басында да болған, тамақ ішетін ыдыс-аяқтары да қаз қалпында тұратын», – дейді. Ең өкініштісі, Кеңес үкіметі орнағаннан соң әулие мекендеген үңгір мен шошаласы адам танымастай күйге түседі. Шошаласы құлатылып, ыдыс-аяқтары жоғалды. Тіпті, үңгірдің аузын үлкейтеміз деп геологтар кеп әуреге түскен дейді мұндағы жұрт.

P.S. Әлгі тау бірде сізді күтіп, махаббат теңізі атанған Көкшеден жағалай барып, жол тосып тұрғандай көрінеді. Енді бірде Балқаш арудың көкке ұмсынған аппақ арманындай ақ маңдайы жарқырап сүйіндіре түскісі келетіндей. Бәлкім, оның бүкіл жұртқа менмұндалап «маяк» беруінің біз білмейтін тарихи тылсым сыры бар шығар. Өйтпесе, ол ел сүйінген, сүйген, шын мәніндегі Ұлы Дала жауһарына айналар ма еді, айналмас па еді, кім біліпті?!

Қозыбай Құрман