ЭКРАН түзелмей ҰЛТ түзелмейді

Уақыты: 05.09.2016
Оқылды: 1627
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚАРУ

Кино дегеніңіз кәдімгі магнит іс­пет­ті. Жалпы, адамзат жыбырлаған құ­былысқа, жанды бейнеге, шынайы­лық­­қа қызыққыш. Сондықтан да көп­шілік кітап оқығаннан кино көрген әл­деқайда көңілге қонымды әрі әсерлі екендігін айтады. Бірақ бұл пікірді бір жақты қарауға болмайды. Дегенмен, асыл қазынаның көшін бастап тұ­ра­тын кітап деген құндылықтың қоғам­нан алар орны тым зор. Кітап – кез кел­ген адамның өміріне оң өзгеріс беретіндігін ерекше атағанымыз жөн.

Адамның санасын бір-ақ минутта жүз сексен градусқа бұрып жіберу тек телеарналардың қолынан келетін іс. Оған сонша шырылдаудың қажеті жоқ. Жай ғана ұрпақ тәрбиесіне қа­жет­сіз, арзанқол дүниелерді жиырма төрт сағат бойы ызыңдатып қой­саңыз болды. Елімізде отандық теле­ар­налар күн санап көбейіп келеді. Олардың атауы ғана отандық. Заты өзге мемлекеттің мүддесіне жұмыс істейді. Ол – ақиқат. Өкінішке қарай, қазір әр телеарна рейтинг көрсет­кіш­терін қууда алдына жан салар емес. Соның салдарынан еліміздің жаста­рына патриоттық тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, қазақтық қалпымыздың құндылықтарын кеңі­нен насихаттау, елдік және мемле­кет­тік рухты өрлету секілді маңызды мә­селелер сол рейтингтердің тасасында қалып қойды. Ұлтқа керек дүние біз­дің арналарда көп ұлықталмайды. Бірақ ел Тәуелсіздігін баянды етуге қызмет етпеген телеарналар толы­ғы­мен мемлекет тарапынан қаржы­лан­­дырылады. Бір қолмен беріп, бір қолмен алу саясаты әлсіреп тұрғанын осыдан-ақ байқаймыз. Бір кездері телеарналарда түрік сериалдары қаптағанда, ондағы интрига, мелан­хо­лия және трагедияның мөлшерден асып кеткендігін айтып, қайраткерлер Мәжілісте мәселе көтерген. Мұның бәрі халықтың рухани дамуына кері әсерін тигізетінін, келешек үшін үлкен қауіп туғанын айтып, шырылдаған еді. Қоғам қайраткерлерінің байбаламы түрік сериалдарына тыйым жасаға­ны­мен, оның орнын үнді сериалдары басты. Неге десеңіз түріктің, кәріс­тің, үндінің арзан киноларын алу әлдеқайда оңай әрі жеңіл. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, үнді фильм­дерін тамашалайтын негізгі аудито­рия – осы елдегі миллиондаған кедей адам болғандықтан, барлық дерлік кинотуындылардың сценарийі бірізді бағытта өрбиді: төменгі әлеуметтік таптан шыққан қарапайым адам әді­лет­сіздік пен зұлымдыққа қарсы кү­ре­сіп, түбінде жеңіп шығады. Әлбет­те, бұған көптеген музыка мен бидің түр-түрі, ұлттық киімдер қосылып, нә­ти­жесінде тек үнді фильмдеріне тән ат­мосфера жасалады. Үнді режис­сер­лерінің тағы бір ұтқырлығы – ки­ноға сән әлемінде табысқа жеткен сұлу қыздарды көптеп тарту. Айта­лық, әр жылдарда әлем аруы атағын иеленген Айшвария Рай, Лара Датта, Приянка Чопра секілді танымалдар арқылы көрерменді өздеріне баурап алады.

Елімізде жүргізілген сауалнама нәтижесінде үнді фильмдеріне біздің жас­тарымыз тез ұйитындығы дәлел­ден­ген. Тез еліктейтін де біздің елдің жастары болғандығы да анықталған. Қазіргі таңда кришнаизмге кіріп кет­кен жастар аз емес. Үнді сериал­да­рын ұдайы көру адамның, әсіресе буы­ны бекімеген, бұғанасы қатпаған жас ұрпақтың санасын жаулап алаты­ны белгілі. Сонда біз өзге елдің діні мен ділін өз ұрпағымыздың бойына мықтап сіңіріп жатқан жоқпыз ба? Осыны ойлаған телеарна басшылары бар ма екен? Күні ертең Қазақстан жастарының белгілі бір буыны криш­наизм­ге топырлап кіріп жатса кімді кінәлаймыз? Болары болып, бояуы сіңген соң ғана айналып келіп ата-ана­дан одан қалды мектептің жүре­гіне айналған ұстаздар қауымына кінә ар­тудан тайынбасымыз анық. Алысқа бар­май-ақ, кәрістерді алайық. Оң­түс­­тік Корея бұл күнде протестанттық ағымға толық ден қойды. Олар өзде­рі­нің ежелгі діни ұстанымынан тез айы­рылып қалды. Ал осыған сол ел­дегі телеарналар тікелей ықпал етпеді деп айта аламыз ба? Сол кәріс се­риал­дарын қызыға тамашалап отыр­ған қазақ жастары діни ұстаным­да­рын өзгертіп жатса қайтеміз? Сол се­кілді қазіргі үнді фильмдері елі­міздің рейтінгін бастап тұр. «ҚАЗАҚСТАН» ұлттық арнасында жүріп жатқан «Ке­лін» фильмін айтудың өзі ұят. Бір ғана ұлттық арна осы туынды арқылы қаншама ұрпақты улап жатыр де­сеңізші? Соңында ұлттығымыздан айырылып қалмасақ игі. Сол фильм бас­талғалы бүлдіршіндер «Ананди», «Жагдишия» болса, үлкендеріміз «Ка­ляни» атануда. Соған еліктеп, өздерін дәл солай тәрбиелеп алды. Осы төңі­ректе біраз ойланайық. Жоғарғы жақ­тан баяу әрекет болып жатса да әрбір ата-ана балаларын тіпті, ең алдымен өздерін осы «киномания» дертінен арылтса деген ойымыз бар.

 

БАЛАҢЫЗ

КІМ БОЛЫП ЖҮР?

«Мен – Ананди, сен – Ганга, Бекжан – Жаг­дишия болады. Мен сенен Жаг­дишті яғни, өз махаббатымды тартып аламын», – деген бес жасар Жадыра басына ұзын матаны байлап, Ананди­дің жүрісіне салып көпшілікті қыран-топан күлкіге қалдырды. Айтып отыр­ға­нымыз «Келін» телесериалының кейіп­керлері. Бұл – қазіргі балалардың ойыны, яғни теледидар арқылы мықты идеологиялық құралдың міндетін атқа­рып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын ғаламтор бетінде қазақ отбасының үш қызы үнді елінің ұлттық киімін киіп, табаққа от жағып, қолдарына ұстап, бірінің басынан бірі айналдырып, үй ішіне гүл шашып ойнап жүргендерін көпшілік көрді. Оны байқап отырған ата-ана үнсіз күліп отырды. «Тәйт» де­ген сөз ауыздарынан шықпады. Ға­лам­торға тарағасын бұл оқиғаға әркім әр­түрлі пікір айтты. Бірі мақ­тады, екін­шісі даттады. Нәтижесі еш өзгеріс­сіз қалды. Бұл бір ғана отба­сында орын алған оқиға. Ал елімізде қаншама үйлі-баранды жан бар. Әрбір бала өз үйінде осылай ойнаса біздің «үнділеніп» бара жатқанымыз белгілі болады. Ұлтқа төнген нағыз фобия осы.

Студенттік кезімізде жатақханада тұрған қыздардың басы қосыла қалса бә­рі тыпырлап бір ноутбуктың ішіне еніп кетердей корей фильмдерін тама­ша­лайтын. Таңды таңға ұрып, солар­мен бірге жылап-сықтаған қыздардың қуанышы мен қайғысын бір кісідей-ақ көрдік. Тіпті, бір құрбымыз өзіне сол ак­терлерге ұқсайтын жігіт табыл­майын­ша тұрмысқа шықпаймын деп жүріп, түбінде кәріс жігітінің аяулы жа­ры атанды. Тен деген текті алып, өмірге шекесі торсықтай, көзі сығыр кәрістің ұрпағын алып келді. Анасының қаны қазақ болса да ұрпақтың бол­мы­сы, жаны, қаны басқа. Ол жеті атасын жаттап, ұлт үшін қайғыратын ұрпақ емес. Бізді алаңдататыны да осы. Студенттік жылдарының тәтті кезін ки­ноға арнаған тағы да бір бикеш тіпті, са­бақтан қалып тұрып, орнынан тап­жыл­май солардың өмірлерімен таны­са­тын. Қалта телефонын ала қалсақ, қаптаған сығыркөздердің суретте­рі­нен шатасатынбыз. Оқу бітірісімен Кореяға кетемін деген арманы алға жетелеп, корей курсына жазылды. Сол елдің мәдениетін біліп, ұлттық тағам­дарын дайындап, талай мәрте таяқ­ша­мен тамақ жеген кездері де болған. Алайда ол уақытта бұл оқиғаға осын­ша­ма қабырғам қайысқан емес. Ол мен үшін жай ғана күлкі болған.

Бұл – қыздар­дың басынан кешірген оқи­ғасының бір парасы ғана. Ал Отан қор­ғау жолында сап түзеп, әскер қа­та­рында тұруға тиіс­ті сайдың тасын­дай біздің айбын­ды, намысшыл, жігер­лі жігіттерімізге де бұл кино айтар­лық­тай әсер етті. Мәселен, олар шашын қы­­зыл-ала қы­лып бояды. Бір жағын қыр­қып, екінші жағын ұзартты. Желпіл­деп жүру үшін «кекілді жігіттер» қап­та­ды. Үстіне кең көлемді жейделер мен жем­пірлер ілді. Тырысқақ, жыртық кел­ген шалбар­ларға құмартты. Бетіне опа, далабын жағып, құлағын тесіп на­ғыз корей жігіттерінің рөлін айныт­пай сомдады. Сом­дап қойса жақсы ғой олар дәл сондай образды қа­лып­тас­тыр­ды. Оны нақты мысалмен келтіретін бол­сақ, осыдан 4-5 жыл бұрын отан­дық теле­ар­налардан «F4» атты корей фильмі көрсетілді. Сонда басты рөл­дегі актер Ку Джун Пхё бастаған төрт жігітке бесіктен белі шықпаған қыз­да­рымыз ғашық болып, естері кетті. Тіп­ті, олар­дың үлкен форматтағы су­рет­тері әр шаңырақта орын алғаны да рас. Оны сан мәрте көзбен көрдік. Жас­тарымыз соларға қарап еліктеп, киіну­ді, шаш­тарын түзеуді шығарды. Сөй­леу мәне­рінен бастап, іс-қимылына дейін көші­ріп алды. Кәріс актерлері кумирларына айналды. Жоғары сы­нып­та оқитын қыздардың арасында кәріс жігіттеріне тұрмысқа шығуды ойлап, корей елінде тұрақтап қалуды мақсат еткендері де бол­ды. Сол кезде мұның теріс екенін оқушы қыздарға түсіндіріп жеткізу, са­насына құю мүмкін емес еді. Өйт­кені олар өмірді кинодағыдай елес­те­тіп, тәтті қиялға берілді. Бұл бір қара­ғанда, өткінші нәрседей болып көрінуі мүмкін, бірақ мұның аста­рында жас адамның психикасын өз­гертіп, өзге елдің мәдениетіне бой­ұрып кетушілік қалыптастыратын идеология жатқа­нын түсіну қиын емес.

 

ҮЛГІ БОЛАР

ҮЛКЕНДЕР ҚАЙДА?

Алдыңғы арба қалай жүрсе, арт­қысы да солай жүреді. Қазекем айт­қан әрбір сөз өмірге ауадай қажет. Айтылған философиялық ойды сәл ғана қопсытып көрсек, тарам-тарам жол ашылады. Бірақ ол жолмен көбісі жүргісі келмейді. Айтылған сөзге құ­лақ асатындар саны тым аз. Біз өзі­мізді кейінгі дөңгелек деп есеп­тесек, жол көрсетер, бағыт-бағдар беретін алдыңғы буын өкілдері қайда? Осы сұрақ төңірегінде бір мезгіл ойланып, өзімізге-өзіміз қойып көрейікші. Бізді яғни, бүгінгі елдің саналы ұрпағын тәр­биелейтін үлкендеріміздің өзі таң­ның атысынан күннің батысына дейін телміріп теледидардың пультін қо­лынан бір минутқа түсіргілері кел­мей отырады. Егер өтірік десеңіз, мұны тә­жірибелік жолмен тексеріп көріңіз. Ерте тұрып, балаларына, немере­ле­ріне дене жаттығуын жаса­тып, кеште ертегі айтқылары келмейді. Мұндай том-том кітаптың көлеміндей көп жұ­мысты істеуге олардың уақыты жоқ. Бі­рақ теледидарға телміруге уақыт бар. Кей сәтте үлкендерге айтар наз­дың да ара-тұра бас көтеретін тұсы бо­ла­ды екен. Бірақ барлық ағай мен апай­ды осы санатқа қосып отыр­ға­нымыз жоқ.

Көбіне үлкендер жағы жастарға көңілі толмай жатады. «Қазіргінің жас­тары сөз ұқпайды. Тәрбиеден жұрдай. Үлкенді сыйламайды. Айтқан тілді алмайды. «Не істейсің маған?» дегендей бажырайып бетіңе сескен­бей тік қарайды» дегендей сөздерді жиі айтады. Мүмкін мұндай жас шы­бық­қа бағдаршам болып, оның бола­шақта тік әрі жайқалып өсуіне жағдай жасап жіберу де керек шығар? Міне, осы тұста үлгі болар үлкендердің кө­ме­гіне зәру екеніміз байқалады. Мә­селен, кешкі уақытта малын жайғап бол­ған соң, емін-еркін шайын ішіп оты­рып, кино­ның қызығы мен шыжы­ғына беріледі. Тіпті, қорасынан қойы ұрланып, сиы­рын айдап кетіп, жылқы­сы­нан айы­рыл­ған кезеңді де бастан кешірді. Елге белгілі бір журналист өзі­нің жеке па­рақшасында: «Өткенде бір құда­ғиы­­мыз қан қысымы кенеттен көте­рі­ліп, құлап қалыпты деп естідік. Тіпті, қан қысымы ми тамырларын зақым­дап, бір қолы жансыз болып қалыпты. «Ойбай-ау, дені сау, кеше ғана шауып жүрген кісі емес пе еді? Бұған аяқ асты не боп қалды?» деп таң­данып, қал-жағдайын сұрастық. Сөйтсек, құ­дағиымыздың қан қысы­мы­ның кө­те­рілуіне сериал себеп болыпты. Құдағи әдеттегідей «Қыз ғұ­мырын» тамаша­лап отырған («Ас­тана» арнасында болған үнді фильмі). Ича көлік апатына ұшыраған сәтте, құда­ғиымыз да бірге құлап бара жатыр дейді. Сериалға қат­ты беріліп кетсе керек» деп жаза­ды. «Естімеген елде көп», демекші жуырда ғана ғаламтор­дан бір әженің Ичаны (әлгі кейіпкерді) жоқтап, «бей­шара, бала-шағасының қызығын көре алмай кетті» деп жыла­ға­нының да куәсі болғанбыз. Бірін құ­латып, мүге­дек етсе, бірін зар жылат­қан бұл се­риал­дың құдіреті не? Айда­ла­дағы үнді қызының (оның өзі се­риал­дың кейіп­кері) мұңына қайғырған көңілшек әже­лердің бұл тірлігіне бас шай­қаудан басқа ештеңе істей ал­май­тынымыз анық. Мүмкін, жүйке жұ­қартудың жаңа тәсілі шығар. Деген­мен кино­дағы кейіпкерлердің жылап-сық­та­ға­нына бола жүректерін қан жылат­қанша, ер жетіп, күн санап құлпырып келе жатқан бойжет­кен­дердің ойнап жү­ріп от басуына жол бермеуді ой­лағаны жөн еді.

Ұрқия НҰРЛЫБАЙҚЫЗЫ, зейнеткер:

– Келінім ақ босағамды оң аяғымен аттағаннан-ақ «Ананди» деп ат қойдым. Үйде де солай атап, шақырамын. Айтқаныңды екі етпейді. Үлкенге құрметін, кішіге ізетін көрсетіп, бәріміздің жағдайымызды ойлап отырады. Ешқайсымыздың бетімізге тіке қарап сөйлемейді. Келінді солай ұстау керек. Үнді фильмдерінің ішіндегі ең жақсысы осы болып тұр ғой бізге. О бастан-ақ келінге қалай қарау, оны дұрыс тәрбиелеу, атаны «аташым», енені «апашым» деп айтқызуды да осы киноң үйретіп жатқанын қанша жасырсақ та ақиқаты менмұндалап айғайлап тұрғанын жасыру әсте қиын. Ондай қаталдық танытпасаң біздің жақтың келіндері өз дегендерін істеуден тайынбайды. Сәл еркіндік берсең білгенін істеп, сені сыйлаудан қалады. Оларға дәл Каляни сияқты ене керек. Міне, сол себепті де мен отбасылық өмірімнің негізгі қағидаттарын осы кино арқылы орнаттым десем асыра айтқаным емес.

 

Бағила ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ, қала тұрғыны:

 – Өзінде жоқтың өзгеге телмірумен күні өтеді. Түрік, корей сериалда­рынан құтылған сәттегі қуаныш көп өтпей-ақ су сепкендей басылды. Экранда – үнді сериалдары. Байқауымша, бұл сериалдар біздің қоғамның санасын 15-20 жылға кері сүйреп тастады. Қыз-келіншектер кемсеңдеп отырып көретін «Изаура күң», «Байлар да жылайды», «Қарапайым Мария» деңгейіндегі сериалдардың заманы қайта туды. Дәл сондай сүреңсіз, шұбалаңқы, сиырқұйымшақ сюжеттер. Бірақ «Қарапайым Мария» қазіргі «Келінге» қарағанда жақсы, сапалы. Өткенде балаларым 31-арнадан «Уәде бе­ремінді» көріп отыр. Жандарына жайғасып мен де қарадым. Бес-ақ ми­нутқа шыдадым. Бұл сериал – микрокөріністер жиынтығы екен. Жарқ-жұрқ, жылт-жылт... Көзім ауырды. Егер осы сериалдарды біраздан бері көріп жүргендер болса, көз дәрігеріне қаралуға кеңес беремін. Өзім үйдегі­лер­ге үнді сериалдарын көруге тыйым салдым. Өз сериалдарымызды түсі­руі­міз керек. Сценарийлерге ашық байқау жарияланса деймін. Туындыны тү­сіру таныс-тамырға емес, қолынан іс келетін азаматтарға тапсырылса. Сон­да «қазақ сериал түсіре алмайды» деп өзгелерді сағалағанды жақсы кө­ретін, экранды қазақшасы шала дүниелермен толтырып жүрген керауыз­дардың әуселесі байқалар.

 

Ескермес АҚАНОВА, қала тұрғыны:

– Қырық жылға жуық мектепте қызметте болдым. О тұста теледидар қол жеткеннің үйінде ғана болды. Қаншама тағылымды дүниелер көр­се­тілді. Қа­зір сол уақытты сағынамын. Мәселен, мультфильм дегеніңіздің өзі ап­тасына бір-ақ күн болатын. Балаларымыз келесі мультфильмді көру үшін за­рығып күн санайтын. Сонысымен ол бүгінгі аға, кешегі баланың есінде мәң­гі сақталып қалды. Құндылық дегеніңіз осы. Ал қазір ше? Іздегеніңнің бәрі бар. Ол жаман емес. Бірақ тым көп дүние қолжетімді болған сайын оның са­пасы, мазмұны, мәні құнсызданады. Сол секілді қазіргі телеарна­ларда то­лассыз жүріп жатқан телехикаяларды айтуға болады. Кез келген теле­ар­наны аша қалсаңыз шүлдірлеп кәрісіңіз, былдырлап үндіңіз, одан қалды өз ағайындарымыз шыға келеді. Амал жоқ көреміз. Кейінгі уақытта өзіміздің туындылар да арагідік менмұндалап жүр. Бірақ біз үшін әлі талай жұмыс жа­сау керектігі көрініп тұратынын жасыру қиын. Бірақ тоқтаусыз еңбек ету керек. Жақсы дүние болса көруге дайынбыз. Жақсымыз аз болғандықтан өз­генің қаңсығын таңсық қылып отырғаннан басқа амал жоқ бізге.

 

P.S: Қазір екінің бірі еліміздің тарихын, тіпті Мемлекеттік рәміздердің авторларын білмеуі мүмкін. Есесіне, үнді, түрік, тіпті корей ұлтының пайдасынан көрі зияны басымырақ фильміндегі әрбір актердің тұқым-тұқиясын жеті атасын білгендей біледі. Күнделікті ас-суын айыра алмай отырса да сериалға телміруге, әсіресе, нәзікжандылар құмар.

Имам Бухариден жеткен хадисте: «Адамдардың көбісі қолдан жіберіп алған екі нығмет бар: бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт» деп бекер айтылмаса керек. Сол сериал көруден мүйіз шықса ендігі шығар еді-ау. Ең алдымен, ұлттық идеологияға әсері. Үнді сериалдары үнді мүддесін көздейтіні белгілі. Болливудтың кез келген фильмі өз ұлтының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен алыс кетпейді. Ұлттық бояуы қанық киімдері мен дәстүрлі музыкасын, ұлттық биін, салтын насихаттауды бірінші кезекке қояды. Бізде қалай? Үнді сериалдары көрсетіле бастағалы бері қазақ көрермендері, керісінше, үнді болуға айналды. Үндінің киімдерін иыққа іле бастадық. Өкінішті-ақ.

Сериалдағы қандай факторлар адамдарға қаншалықты әсер етеді деген сауалға жауап іздегендер мынадай қорытынды шығарыпты: 21 пайыз адамдар қастандық жасауды үйренсе, 14 пайызы меланхолияға шалдығады. Сериалдың музыкасының адамдарға әсер етуі 26 пайыз болса, сценарийдің әсер етуі 6 пайыз ғана екен. Ұшы-қиыры жоқ киномен жанымыз ауырғанша ұлтымыздың ертеңіне алаңдайықшы.

Еңлік КЕНЕБАЕВА