"Жетісу" саябағы - Елорда төрінде

Уақыты: 03.07.2018
Оқылды: 2334
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Астана қаласының  20 жылдық мерейтойына орай Алматы облысы бас қалаға тарту жасап, «Жетісу» саябағын жаңғыртты. Бұған дейін «Арай» аталған саябақтың жаңа келбеті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа таныстырылып, саябақта Елорданың 20 жылдығына арналған шаралар ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Амандық Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа саябақта Алматы облысының көрнекті орындарының бәрі көрініс тапқанын айтты. Оның кіреберісінде Жетісуды бейнелейтін жеті арка, одан әрі субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ, тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары, «Тәңірі» алаңы, шаған аллеясы, «Таңбалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.
Ел Президенті мен көрермен үшін сахнада облыстағы танымал әртістер және этномәдени орталықтарының өкілдері өнер көрсетті.  Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев жетісулықтардың Астана мерейтойына керемет саябақ тарту еткенін және оның Елорда тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналатынын атап өтті.
– Бүгінде барлық облыс көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені, Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі. Бас қала құрылысына өңірлердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал, біз салдық! – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында облыс басшылығы мен құрылысшыларға ризашылық білдірді және шараға қатысушылардың бәрін алдағы Елорда күнімен құттықтап, бақ-береке тіледі.
Осы күні жетісулық өнерпаздар астаналықтарды түскі сағат 12-ден бастап түнгі 22.00-ге дейін ән мен күйге бөледі. Олардың қатарында Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары, Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі, «Сүйінбай сазы», «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері және басқа да өнер ұжымдары мен жеке дауыстағы әншілер бар.

    Бұл жобаның жалпы құны 3,05 млрд. теңге. Құрылыс жұмысына бас мердігер мекеме «BI-Industrial» ЖШС жауапты болды

    Жалпы нысан құрылысы 4 аймақтан тұрады. Олардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар

    Ал спорт пен белсенді демалысты жақсы көретіндер үшін саябақтың өн бойын қоршай салынған 1200 метрлік велосипед жолының орны бөлек

Көркемсурет галереясы «Жетісудың 20 қылқалам шебері» атты ашық аспан астындағы көрмесін ұйымдастырып, үздік туындыларды қойды. Суретшілер Х. Қиқымов, Е. Садырбаев, К. Ақашев, М. Нисупов, Н. Қилыбаев, Н. Жошыбаев және басқа да авторлардың шығармаларында Жетісудың тарихы, мәдениеті, табиғаты мен салт-дәстүрлері бейнеленген.
Саябақ – қалалықтардың демалысы үшін аса маңызды саналатын орын. Сондықтан жаңа келбетке ие болған саябақта демалысты мәдени, рухани, сауықтыру, спорттық бағытта ұйымдастыруға назар аударылған.
Бұл жобаның жалпы құны 3,05 млрд. теңге. Құрылыс жұмысына бас мердігер мекеме «BI-Industrial» ЖШС жауапты болды.
– Бұл жобада Алматы облысындағы ең көрнекті жәдігерлерді қамтуға тырыстық. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың сәуір айында басталған болатын. Үш айдың ішінде 700-дей жұмысшы еңбек етіп, саябақтың жаңғырту жұмыстарын толығымен аяқтадық. Аумағы 14,8 гектарды құрап отырған саябақ астаналықтардың сүйікті орнына айналады деп ойлаймын, – деді «BI-Industrial» ЖШС жоба жетекшісі Дәурен Алжасаров.
Жалпы нысан құрылысы 4 аймақтан тұрады. Олардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар.  Жаяу серуендеуді қалайтындар үшін ландшафтық-серуендеу мен тыныш демалу аймағы орналасқан. Мұнда саябақтың орталық кіреберісінен оңтүстігінен солтүстік бағытқа қарай субұрқақты алаңдар, облысымыздың символы болған «Апорт» алаңы, тауды бейнелейтін жоталар алдыңнан шығады.
Аллея бұдан әрі «Тәңірі» алаңымен жалғасады. Жетісудың көрнекті табиғатының көшірмесі іспеттес «Шаған» аллеясы, «Таңбалы тас» петроглифті тастары, «Шарын шатқалы» осы алаңның алты бөлігінің бірінде орналасқан. Мұнда түрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңы, Қазақстанның өңірлерін бейнелейтін түрлі өсімдіктерден, гүлдер мен бұталардан құралған Қазақстан картасы тұр. Алаң арқылы «Балқаш көліне» құйып жатқан жасанды «Іле өзені» өтеді. Осы аумақтың барлығы тыныштықта демалуды қалайтындарға арналған.
Ал спорт пен белсенді демалысты жақсы көретіндер үшін саябақтың өн бойын қоршай салынған 1200 метрлік велосипед жолының орны бөлек. Ол жазда велосипедке арналса, қыста шаңғы жолы ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар, саябақта түрлі спорттық алаңдар бар. Мұнда қыста сырғанақ алаңына айналатын роллердром, сырғанақ жоталар, үстел ойындарына арналған үстелдер және басқа да көптеген қызықты дүниелер қарастырылған. Сондай-ақ, саябақта мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдайлар жасалған.
Жеткіншектер ойнайтын аумақта ойын алаңдарынан басқа түрлі жас мөлшеріндегі және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын кешендері бар. Сонымен қатар алаңда бір жастан асқан бүлдіршіндерге арналған тактильді ойын панельдері орнатылған. Оған қоса 3-тен 14 жасқа дейінгі балақайлар да демалысын қызықты өткізетін алаң жеткілікті.

Саябақта көлік қоятын орын мен тамақтану аймағы да қамтылған.
Қашанда саябақтың көркі – ағаш. Сондықтан мұнда көгалдандыруға да көп көңіл бөлінген. Жобаға жауапты мамандардың айтуынша, бұрыннан бар ағаштарды мейілінше сақтап қалуға тырысып, тек ауырған, шіріген ағаштар мен бұтақтар қырқылып, кесілген. Мұнда 2 мыңнан астам жаңа ағаш отырғызылған. Келушілерге қолайлы болуы үшін саябақта үш қырлы светодиотты стеллалар орнатылып, олар қай бағытта қалай жүруге болатынын көрсетіп тұрады.
Саябақтағы әрбір мүсіндік композицияның өзі жеке дара мағынаға ие болса, барлық композицияны тұтастыра қарағанда Жетісудың табиғи ерекшелігінің, берекесі мен тұтастығының жинақтық көрінісін байқауға болады.
Жетісудың жеті өзенін және облыстағы тауларын, оның ең биік шыңы Хантәңіріні бейнелейтін кіреберіс арка алыстан көз тартады. Демалушыларды алдымен Жібек жолы бойымен жылжып бара жатқан көлікті керуен, яғни, түйелер мен керуенші мүсіндері қарсы алады. Ел тарихында Жетісу өлкесінің Шығыс пен Батысты жалғастырушы Ұлы Жібек жолының негізгі қақпасы болғанын осы «Керуен» мүсіндік композициясы айшықтап тұр. Өткен кезеңдердегі бұл миссия бүгінгі күні де жаңа заман талабына сай қайта жаңғыртылып, еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқанына көпшілік куә. Атап өтсек, Президенттің «Жаңа Жібек жолы» жобасының шеңберінде бүгінде Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік-логистикалық хабтың бір бөлігі Алматы облысының аумағы арқылы өтеді. «Жетісу» саябағындағы композиция арқылы тарихи Ұлы Жібек жолы мен заманауи Жаңа Жібек жолының арасындағы байланыс көрсетілген.
Саябақтың тағы бір ерекшелігі – «Тәңірі» алаңының орталығында Wi-Fi ағашы орнатылған. Бұл ағаш гаджетқұмарлар үшін аса пайдалы. Мұнда мобильді және басқа да құрылғыларды қуаттандыруға, сол сияқты интернет желісіне сымсыз қосылуға болады. Мұндағы құрастырылған күн панельдерінде жарықдиодты шамдар мен аккумуляторлы батареялар, сол сияқты USB жалғанатын дөңгелек орындықтар қойылған. Бүгінгі қоғамды ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан саябақта да демалушылар интернет желісіне еркін кіріп, пайдалануына мүмкіндік жасалған.
«Жетісу» саябағының негізгі идеяларының бірі алмамен тікелей байланысты. Өйткені бұл композиция Қазақстанның, соның ішінде Жетісудың алманың отаны екенін айғақтауды мақсат еткен. Саябақта 400-дей алма ағашы отырғызылған, сол сияқты алма тақырыбымен байланысты декоративтік элементтер шоғыры бар.
Мұнда ең алдымен Апорт ағашының мүсіні көз тартады. Ол – жемісі төгіліп тұрған мәуелі алтын ағаш. Оған жалғаса орналасқан «Молшылық» деп аталатын композицияның идеясы да тереңде жатыр. Аспалы қос қоржыннан төгіліп жатқан алмалар – Жетісу табиғатының жомарттығының, молшылықтың нышаны.
«Апорт» алаңын «Бақыт» композициясы толықтыра түседі. Композицияда саябақ орындығында отырған қазақ ақсақалы мен оның жанында қолына апорт алмасын ұстап, орындықта түрегеп тұрған немересі бейнеленген. Алдыңғы «Апорт» және «Молшылық» мүсіндерінің авторлары         Д. Нұржанов пен К. Гришиненко болса, «Бақыт» композициясын Қ. Жарылғапов пен М. Азмағанбетов дайындаған.
«Апорт» алаңына «Жетісу жүрегі» мүсіні де сән қосып тұр. Жарты алма бейнесіндегі жүрек Астана мен Алматы облысының бірлігі мен рухани сабақтастығын білідіреді. Сондай-ақ бұл мүсіннен ашықтықты, адалдықты, ал алманың дәні бейнесінен өсіп-өркендеуге деген құлшынысты ұғынуға болады. Композиция қоладан жасалған. Диаметрі 1, 4 метр.
Жетісу жері – көпшілікті табиғат тамашасымен таңғалдыратын аймақ. Енді кез келген астаналық және бас қала қонақтары Жетісудың Таңбалы тас жартасын, Балқаш көлін, Есік қорғандары мен Шарын шатқалын қаладан шықпай-ақ тамашалай алады.
Саябақтағы «Тәңір» алаңы Жетісу табиғатына арналған. Мұнда көпшілікке таныс петроглифтері бар тастар үйіндісінен тұратын «Таңбалы тас» мүсіндік композициясы орналасқан. Оны облыстағы киелі петроглифтердің жиынтық образы деуге болады.
Саябақтың бас сахнасы атақты «Шарын шатқалы» бейнесінде жасалған. Бұл Алматыдан шығысқа қарай 195 шақырымдық жерде орналасқан, Шарын ұлттық саябағының аумағына қарайтын атақты Шарын шатқалының шағын «көшірмесі». Ол өз кезегінде қызықты композиция болуымен қатар сахна мен жаңадан ашылған 180 орынды амфитеатрға фон ретінде қызмет етіп тұр. Сонымен қатар «Тәңір» алаңында жасанды «Балқаш көліне» «Іле» өзені құйып жатыр. Декоративті су көзі байтақ Қазақстан жеріндегі Балқаш көлінің символы іспеттес. Заманауи роллердром «Есік қорғандары» түрінде ұсынылған. Сонымен қатар осы алаңда Жетісудың «Шаған сайы» да көрініс тауыпты.
Осылайша, саябақтағы әрбір элемент маңызды мазмұнға ие. Олардың әрқайсысы эстетикалық және танымдық сипатқа ғана емес, сонымен қатар ең бастысы қолданысқа да лайықталған.
Осы көркемдіктің бәрін отбасыларымен бірге тамашалаған астаналықтар бас шаһардың төрінде осындай саялы саябақтың пайда болғанына дән риза.
– Мен өзім Жетісудың тумасымын. Астаналық болғаныма 15 жылға жуықтады. Бұрынғы қарапайым саябақ көрнекті демалыс орнына айналғанына қуаныштымыз. Мұндағы әрбір элементтен Жетісуды көргендей болып тұрмын. Енді елді сағынғанда осында келіп, көзайым боп, сағынышымызды басамыз. Әсіресе, балаларымыздың қуанышында шек жоқ, – дейді астаналық Раушан Иесова.
Осы күні үлкендер саябақта көрмелер мен мазмұнды концерттерді, шағын сәулеттік мүсіндерді тамашаласа, балаларға сабынды көпіршік шоуы, патомима, алып адамдар және басқа да қызықтар молынан болды.
Осылайша, жетісулықтар Астананың 20 жылдығына жаннатты өлкенің шағын көшірмесін тарту етті.

    Мұнда 2 мыңнан астам жаңа ағаш отырғызылған. Келушілерге қолайлы болуы үшін саябақта үш қырлы светодиотты стеллалар орнатылып, олар қай бағытта қалай жүруге болатынын көрсетіп тұрады.

    Жетісудың жеті өзенін және облыстағы тауларын, оның ең биік шыңы Хантәңіріні бейнелейтін кіреберіс арка алыстан көз тартады. Демалушыларды алдымен Жібек жолы бойымен жылжып бара жатқан көлікті керуен, яғни түйелер мен керуенші мүсіндері қарсы алады.

Сағыныш Намазшамова