Бүлдіршіндерге тарту

Уақыты: 05.09.2016
Оқылды: 1266
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 

Әр өңірде сырт көзге мақтанышпен көрсететін, тұрғын­да­­­ры­­ның бір­лік – берекесі үстем, азаматтары еңбекқор, өн­­дірісі өр­ге жүзген елді мекендері болады. Ұйғыр ау­да­­нын­­дағы шы­рай­лы Шарын осын­дай айдарлы ауыл­дар­дың бірі. Қазіргі таңда 6200-ден ас­там адам тұратын бұл ауылда екі орта мектеп, бір бүл­­­дір­­шін­­дер ор­талығы, 25 сау­­да оры­ны, тағы көптеген тұр­ғын­­дарға мә­дени, әлеу­мет­тік қызмет көр­се­тетін кәсіпорындар бар. Ауыл тұр­ғын­дары 530 ЖШҚ құрып, 5 мың гектарға жуық жер­ге жыл сайын егін егеді.

Кеңес кезеңінде Еңбек Қызыл Ту орденді Свердлов атындағы ұжымшар жүгері өндірісін өркендетіп, еңбекқор адамдары атақ-даңққа кенелген. Сол кезеңде 1965 жылы осы ауылда балабақша салынып, ол ұзақ жылдар бойы ауыл бүлдіршіндерінің алтын ұясына айналған. Өкінішке орай бұл ба­ла­бақша нарыққа өткен кезеңде жабылып, қараусыз қалған. Ауыл тұрғын­да­­рының сұрау салуының нәтижесінде биыл көне балабақша ғимараты «Ба­лапан» мемлекеттік бағдарламасымен күрделі жөндеуден өткізіліп, Білім күні мерекесінде салтанатты жағдайда пайдалануға берілді.

Шарындағы қазақ тілді бүлдіршіндерге тарту етілген 25 орынды «Бәйтерек» балабақшасының ашылу салтанатында алдымен сөз сөйлеген аудан әкімі Алимжан Тоқтасунов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қар­саңында, ауыл тұрғындарының риясыз қуанышына негіз болған істі, Елбасының саралы саясатының жергілікті жерде орайлы жүзеге асуының көрінісі деп түйіндеді. Жиында округтегі ақсақалдар алқасының төрағасы Мұңдаш Сасиқов, ұлын осы мекемеге тәрбиелеуге берген Гүлжазира Са­тымбекова ауылдастарының ақжарма қуанышын жеткізді. Өздеріне ұсынылған жақсылыққа бүлдіршіндер де балауса өнерімен үн қосты. Көне ғимаратты зманауи үлгіде қайта қалпына келтірген «Құрылыс-индустрия» компаниясының директоры Самат Ахман балабақшаның символдық кілтін мекеме меңгерушісі Саламат Ашимоваға құрметпен ұсынды.Аудан басшысымен бірге ауылдың құрметті қариялары бүлдіршіндер үйінің ашылу лентасын қиып, ақ жаулықты аналар қуанышқа шашу шашып, жиналған жұрт жаңа ғимараттың іші-сыртын аралап тамашалап тарасты.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Ұйғыр ауданы.