Эстафета табысталды

Уақыты: 05.09.2016
Оқылды: 1254
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мағжан Жұмабаев атындағы мектептегі Білім күні мерекесі халқымыздың мерейін өсіретін, кеудеге мақтаныш сезімін ұялатып, жүректі тебірентетін Қазақстан Республикасының Гимнімен басталды. Еңкейген қарт пен тұлымшағы желбіреген бүлдіршін алақанын жүрегіне қойып, ел мен жерге құрмет танытты. Салтанатты шараға Талдықорған қалалық мәслихатының аппарат басшысы Тимур Биғожанов қатысып, ұстаздар мен ата-аналарды және оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

 – Білім мен талап егіз ұғым. Заман көшіне ілесу үшін жан-жақты болу керек. Үкімет сендердің оқып, ізденіп, мамандық алуларың үшін барлық жағдайды жасап отыр. Қатарларыңның алды болыңдар! Мектептің дәрежесін арттыра беріңіздер, – деді аппарат басшысы.

Жаңа оқу жылының салтанатына 1220 оқушы және 85 ұстаз қатысты. Биыл мектеп табалдырығын аттаған 170 оқушы қатар түзеп шыққанда ауланың сәні бұрынғыдан де әдеміленіп кетті. Орта мектепте барлығы 43 сынып бар. Ата-аналар балаларының оқушы қатарына қосылғанына қуанып, бүлдіршіндер арасынан өз перзентін іздеп, төбесін көргенде шаттанып, көздерімен барар жеріне дейін шығарып салып жатты. Құлыншақтарының қоғам мүшесі болғанын көрген ата-апалардың да жүзі жайнап сала берді. Алғашқы қоңырауды соққан бірінші сынып оқушысы Әлриза Тұрлыхан. Әлризаның апасы білім саласында 40 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Гүлнар Кәрімова. Ол биылғы бірінші сыныпқа өзінің екі немересін алып келіпті. Еркежан Құдайберген де салтанатты шарада өлең оқып, зеректігін танытты. Балалардың ұстазы Қарлығаш Шеңгелбаева биыл сыныпқа 30 бала келгенін, бүлдіршіндердің білім алып, тынығып, көрнекі құралдарын пайдалануына барлық жағдайдың жасалғандығын айтты. «Бұл орайда мектепті бірнеше жылдан бері басқарып келе жатқан Шалқар Құдайбергеновтың оқушыларға деген қамқорлығын, ұстаздарды игілікті іске ұйымдастыра білетін біліктілігін ерекше атау керек», – дейді ұлағатты жан.

Ал мектеп бітіретін түлектер есейіп, бойларын тіктеп, бозбала мен бойжеткен кейпіне еніпті. Сынаққа түсіп, үлкен өмірге аттағалы тұрған он бірінші сынып оқушыларына құрмет көрсетілді. Биыл барлығы 70 бала оқу бітіреді. Олар мектептің кілтін өзінен кейінгілерге ұсынды. Салтанатты шарада ұстаздар балалардың көп-көрім өсіп қалғандығына қуанып, сыныптастар бір-бірін құшақтап, қауышып жатты. Ата-аналар ұстаздар қауымына өрістерін табыстап, алдағы күндерде бала тәрбиесі үшін бірлесе жұмыс істеу жайлы ұсыныс білдіріп жатқандығының куәсі болдық.

Гүлжан Мұқашқызы.