Ашық мемлекет құрудың алғышарты

Уақыты: 17.07.2018
Оқылды: 1293
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келіп, Талдықорған қаласындағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Бірінші кезекте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыс бойынша филиалының салтанатты ашылуына қатысты.

Онда облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге ғимарат алдына қойылған ескерткіш тақтаға қолтаңбасын қалдырды. Жаңадан ашылған ғимараттағы оқыту кабинеттерін аралап, олардың жабдықталуымен танысты. Филиалдың ашылуынан кейін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпованың жүргізуімен «Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің заманауи трендтері: өңірлік аспект» атты семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңеске республикамыздың өзге облыстарындағы академия филиалдарының директорлары қатысып, ой бөлісті. Жиында сөз алған өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы:
– Құрметті қонақтар, қадірменді әріптестер, жер жаннаты Жетісу жеріне қош келдіңіздер! Өздеріңізге белгілі, Алматы облысы аграрлық өңір. Республика бойынша өңдірілген өнімнің 17 пайызы осы аймақтан шығады. Барлық саладағы көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Жергілікті бюджеттің 43 пайызын кіші және орта бизнес құрайды. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы тұрғын үйден бөлек әлеуметтік нысандар да бой көтеруде. Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету     86 %-ға жетті. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткішке ие. Көп жастарға қолдау көрсетіліп,  қызметке тұрып жатыр. Солар осындай ғимараттан сабақ алып, деңгейлерін көтерсе, халыққа жақсы қызмет ететініне сенімдімін, – деп өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталды. Ал Алик Жатқамбайұлы болса бүгінгі таңда заманауи құқықтық мемлекетке айналғанымызды айтты. Бұл үшін Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы, «ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң әзірленіп, өз нәтижесін беріп жатқанын жеткізді. 
– Бәріміз бірігіп мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруге тиіспіз. Қазір инвесторларды қолдау және қорғау туралы мәселе көтерілуде. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы елімізді өркендетеміз. Ол үшін барлық жағынан ашық мемлекет болуымыз керек. Істелген жұмыс халыққа көрініп тұруы қажет. Осы орайда электронды үкіметтің алатын орны ерекше, – деген ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттің бес әлеуметтік бастамасы атты халыққа Үндеуінің орындалуы, барлық саланы жаппай цифрландыру мен автоматтандыру тұрғысында баяндады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Әли Көмекбаев пен Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Роза Мағрупова мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігі мен халыққа қызмет көрсету туралы ойларын ортаға салды.
Жиыннан соң Алик Шпекбаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің ғимаратына бас сұғып, сондағы ұжыммен емен-жарқын әңгіме өрбітті. Қызметкерлермен сөйлесу кезінде жоғары кәсіби білікті маман ғана нәтижеге қол жеткізіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға үлес қосатынын алға тартты. Әрмен қарай Көрме кешеніндегі кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын аралады. Арнайы әзірленген стендтерден өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне көз жүгіртті. Және де «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларының орындалуы мен трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобалармен  танысты. Көрме кешенінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев шетелдік ірі 6 компания өкілдерінің қатысуымен Алматы облысындағы шетел инвесторларының жобаларын жемқорлыққа қарсы қолдау келісіміне қол қойды.
Алик Жатқамбайұлы жұмыс сапары барысында Салтанат сарайы мен Жастарға қызмет көрсету орталығында да болды. Орталықта «Цифрлық болашақ» тақырыбында балалар көркемөнер мектебінің оқушылары салған суреттер көрмесін тамашалап, «Жастар жолы» пікірсайыс клубының отырысына қатысты. Онда жастар арасында жемқорлыққа нөлдік төзімділік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту мәселелері талқыланды. 
Жұмыс сапарының соңында Алик Шпекбаев облыс орталығы ретінде Талдықорған қаласының гүлденіп, көптеген нысандардардың салынып, қолданысқа беріліп жатқанын айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, өзге өңірлерге де үлгі қылып көрсету керектігін назарға ұсынды.

Мәулен Әнербай