Бақылау күшейді

Уақыты: 05.09.2016
Оқылды: 1330
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы мәдениет қа­лып­тастыру ең басты міндетіміз екенін тілге тиек етіп келеді. Соған орай «Достық үйі» қоғамдық келісім орталығының мә­жі­ліс залында жаңа жобаның таныс­ты­рылымы өтті.

«Азаматтық бақылау» жобасының таныстырылымына Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы, облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі, облыстық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен жоғары оқу орын­дарының маманы қатысты. Жиын­да Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаментінің бас­шысы –Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Серік­бай Нұрғисаев, облыс әкі­мінің кеңесшісі – әдеп жө­ніндегі уәкілі Талғат Өмірәлиев, «Inno­vation – Koldau» Қоғамдық қорының же­текшісі Әйгерім Молдабаева және Дос­­тық үйінің директоры Тәңірберген Қа­сымберкебаев сөз алып, жобамен егжей-тегжейлі таныстырды.

Серікбай Өрікбайұлы аталмыш жо­баның сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болып, мемлекетіміздің одан әрі қарыштап дамуына ықпал ететіндігін айтты. Ал Әйгерім Молдабаева: «Азаматтық бақы­лау» жобасы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР-ның 2015–2025 жылдарға арналған сыбай­лас жемқорлыққа қарсы страте­гия­сының бір бөлігі. Әсіресе, үкіметтік емес ұйым­дар­мен бірлесе жұмыс жасай­мыз. Себебі, мемлекеттік қызметті көбіне солар пай­да­ла­нады, біз олардың арыз-тілектерін тір­кейміз, мониторинг жүргіземіз», – деді.

Бүгінде Қазақстанда сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күреске мемлекеттік мәртебе бе­рілген, оны жою мен тежеу жөнінде қоғамдық және саяси күштермен бірлесе ауқымды жұмыстар атқарылуда. Барлық іс-әрекет мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып айқындалды. Осыған орай, «Азаматтық бақылау» жобасын іске асыруға бағытталған мем­лекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жоба өз жұмысын бастады. ҚР МҚІМ-нің облыс бойынша департаментінің тап­сырысымен жоба қызметін жария ету, негізгі аудиторияның миссиясы, қызметі және бағыт­тарымен таныстыру, азамат­тармен қоғамдық қабылдау жүргізу мін­деттері жүктелді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәде­ниетті қалып­тастыру, жемқорлықтың алдын алудағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның әріптестігін одан әрі нығайту мақсатында қоғамдық қабылдау жүргізіледі. Онда негізгі қаралатын мә­селелер: мемлекеттік қызмет, оның са­па­сы мен этикалық талаптарының сақталуы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Аза­маттарды қабылдау «Достық үйі» қоғамдық келісім орталығында 9.00-ден 18.30-ға дейін жүргізіледі. Ал департамент бас­шы­сы­ның қабылдау уақыты әр айдың екінші аптасының сәрсенбі күндері 11.00-ден 12.30-ға дейін.

Мәулен Әнербай