Батылдар бақ сынады

Уақыты: 09.08.2018
Оқылды: 1202
Бөлім: КҮЛТӨБЕ
Дәстүрлі түрде өткізілетін өрт сөндіру-құтқару спортынан жарыс биыл да жаңа рәуіште көрініс тапты. Талдықорғанда ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының VIII жазғы чемпионатына республиканың түкпір-түкпірінен саңлақтар жиналды. Айтулы додада бақ сынамақ 16 команда жарыс шымылдығын орталық «Жетісу» стадионында ашты.
 
Жыл сайын өткізіліп келе жатқан аталмыш шараның биылғы ерекшелігі  – жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен үміткерлердің ерекше дайындығы. Алғашқы сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов жарысқа қатысушыларды құттықтап, әр жыл сайын қарқындап келе жатқан спорт түрінің өзектілігін тілге тиек етті. Еліміздің әр өңірінен жиналған қатысушылардың қадамына сәттілік тіледі. 
Екі күнге созылмақ сайыстың ашылу салтанаты өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша үздік танылғандарды құрметтеумен  басталды. «Өрт сөндіру-құтқару спортына 60 жыл» мерейтойлық медалімен облыстық спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев, ҚР ерлер ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Сәкен Орынбаев, спорт ардагері Мұса Райынбеков және ҚР өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әйелдер ұлттық құрама командасының мүшесі Ақмарал Баяхметова марапатталды. 
Келесі сөз кезегін алған ҚР «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Дәурен Данаев аталмыш шараның ауқымдылығын айтып, қатысушыларға табыс тіледі. Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы азаматтық қорғау полковнигі Дарынбек Байсариев өрт сөндіру-құтқару спортшыларына деген сенімнің жыл сайын артып келе жатқандығын жеткізді.  
Көрермендер назарына ұсынылған өрттен құтқару көрінісі  айрықша назар аударды. Сатымен жүгіріп қабатқа көтерілу, суды дәл бағыттау, биіктерден секіріп өту сынақтарынан сүрінбегендер ептілігімен, шымырлығымен тәнті етті. Сондай-ақ, өңір өнерпаздары ортаны әнге бөлеп, шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
 
Құралбек  СӘБИТОВ