Көлдерімен көрікті, адамдарымен ардақты

Уақыты: 25.09.2018
Оқылды: 1725
Бөлім: КҮЛТӨБЕ
Алакөл ауданының 90 жылдық тойы дүбірлеп өтті. 
Бұл той тек ауданның ғана емес, ынтымағы жарасқан елдің, берекесі шалқыған жердің мерекесі. Мерейлі мерекеге еліміздің түкпір-түкпірінен жиналғандардың қарасы көп болды. Бәрі туған жер, өскен ортасының жетістігіне қуанып, ертеңгі болашағы кемелді болатынын бағамдап қайтты. Ауданның мерейтойы Үшарал қаласындағы           Д. Қонаев ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ақан ӘбдуӘлиев қатысып, көпшілікке облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізді. 
Алакөл ауданының тарихын тұтас ел тарихынан бөліп қарауға болмайды. Ықылым замандардан бері Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Алакөл өңірі бүкіл түркі жұрты мен қазақ халқының сан ғасырлар бойы басынан өткен қуаныш-қайғысының бәрін де көрді. Алайда 1928 жылы 17 қаңтарда Алакөл, 1928 жылы 17 шілдеде Андреев ауданы құрылып, 1997 жылы мамырда екі аудан қосылып, Алакөл ауданы болып бірікті. Содан бері дамудың даңғыл жолынан ауытқымаған қасиетті мекен бүгінде жұрт сүйсінген, әлем таныған деңгейге жетіп отыр. 
Рас, аудан өзінің айнадай жарқыраған көлдерімен алты Алашқа әйгілі. Маржандай тізіліп жатқан Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл, Қоржынкөл, Жалаңашкөлдер басқа өңірдің маңдайына бітпеген баянды бақыт десе де болады. Демек, Алакөлдің еліміздегі туризм саласында бәсі басым. Зейнеп Қойшыбаева атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында аудан әкімі Әлібек Жақанбаев осы жайлы баяндады. Әсіресе, ауданның тарихы, оны басқарған басшылар, Алакөлдің мақтаныштары, бүгінгі экономикалық әлеуеті таныстырылды. Өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, әсіресе, туризм саласының дамуындағы жақсы табыстарға айрықша тоқталды. 
– Биыл алакөлдіктер үшін аспаннан байлық жауған жыл болды. Жазғы шомылу маусымында Алакөлге 1 миллионнан астам турист келіп, ақылы қызметтен түскен қаржы өсті. Жыл басында 1500 орынға арналған 18 демалыс орны қолданысқа беріліп, барлығы 2123-ден астам адам маусымдық жұмыспен қамтылды. Бұл жетістіктер жерлестеріміздің мерейтойға жасаған тамаша тартуы, – деді аудан әкімі.
Айта кетсек, өткен жылы Алакөлге  753 мың турист сапарлай келіп, нәтижесінде 3,5 млрд. теңгенің ақылы қызметі көрсетіліп, мемлекет қазынасына қомақты салық түсті. Бұл алдымен әлеумет әлеуетінің еселенуіне, көл жағалай қоныстанған ағайынның жағдайын жақсартуға оң әсер еткені анық. Шипалы судан ем іздеп, сергіп қайтуға келген қонақтарға 195 демалыс орны қызмет көрсетті. Олардың 19-ы былтыр ашылды. Қазіргі таңда Алакөл маңында 214 демалыс орны бар.
– Мерейтой қарсаңында Ақши ауылында жылына 30 мың туристі қабылдайтын бесжұлдызды «Көктем Гранд Ресорт» қонақжай кешені ашылды. Осы тұста дәл осындай ауқымды жобаны жүзеге асырғаны үшін жерлесіміз, кәсіпкер Мұрат Әділхановқа ерекше алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, жерлесіміз, меценат Сауат Мыңбаев Үшарал қаласынан «Тарлан» атты әмбебап денешынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызып берді. Оның да тұсаукесері мерейтой қарсаңында өткеніне баршаңыз куә болдыңыздар,  – деді Әлібек Жақанбаев.
Аудан әкімінің баяндамасынан кейін жарыссөзге шыққандар өңірдің 90 жылдық тарихынан әңгіме өрбітті.  Онда ауданды басқарған азаматтардың іскерлігі, өңір экономикасын дамытудың бағыттары, осы жылдар аясында жұртқа танылған азаматтар, Алакөлден түлеп ұшып, республикаға, әлемге танылған өнер, мәдениет, білім, денсаулық, тағы да басқа саладан шыққан зиялы азаматтар жайлы сыр бөлісті. Олардың сөздерінен «Ауылын көріп, азаматын таны» деген нақылдың шынайы құдіретіне қанықтық. 
Әрине, Алакөл десе, алдымен белгілі қазақ кәсіпкері, меценат, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспановтың еске түсетіні анық. Осыған дейін бизнестің сан саласына қан жүгірткен кәсіпкер енді Алакөл өңірінің тарихын түгендейтін жұмыстарға қолдау танытып жүр. Айта кетсек, Алакөлден шыққан кәсіпкер азаматтар біраз жылдан бері қаржы бөліп, қазба жұмыстарын жүргізуге демеу көрсетіп, өңірдің 6 мың жылдық тарихын айғақтайтын жәдігерлер тапты.
– Бірнеше жыл көлемінде жұртқа танымал тарихшыларды қаржылай қолдап, Петербург, Мәскеу, Орынбор, тағы да басқа  қалалардағы архивтерден көптеген құжат алғыздық. Соның ішінде Алакөл өңірінде Мұхамеджан Тынышпаев  атамыз бастаған Алаш Орда көшбасшылары осы жерде алғаш Алаш полкын құрып, төрт-бес жыл өзін-өзі  басқарып, еркін ел болуды бастан өткергені туралы дәлел жеткілікті. Бұл тек Алакөлдің ғана емес, қазақ тарихын тануға мол септігі тиеді. Мұны өңірдің мерейтойына жасаған тартуымыз деп қабылдаңыздар. Қазір жерлесіміз, меценат Сауат Мыңбаев екеуміз бірлесіп, Алакөл өңірінде Орта Азияда баламасы жоқ етті бағыттағы ірі қара тұқымын өсіру жобасын жүргізудеміз. Сондай-ақ, сортты тұқымды 100 мың қой, таза қанды 10 мың жылқы өсіретін үлкен орталықтың жұмысын бастадық. Бүгінде жылқы түлігінің саны 4 мың бастан асты. Бұл жұмысымыздың нәтижесін ауданның 100 жылдық мерейтойына тарту ретінде ұсынбақпыз – деді меценат.

Қазақта «Той қәдесіз болмайды» деген сөз бар. Сондықтан алакөлдіктер ауданның 90 жылдық мерейтойына орай «Алты Алаштың Алакөлі» атты кітап-альбом құрастырыпты. Аталмыш туындыны құрастырған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ахмет Кендірбекұлы кітаптың құрастырылуы, оның құндылығы, жаңашылдығы, жалпы сипаттамасы туралы айта келіп, аудан тарихын түгендеуге қатысты бірқатар ұсынысын ортаға салды. 
Өткеннің жетістігін таразылап, келешек бағытын бағдарлаған жиын соңында Алакөл ауданының 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шаралардың қорытындысы шығарылды. Алдымен осы өңірден түлеп ұшып, еліміздің өркениетіне, дамуына, ел бірлігіне, экономикасының өркендеуіне үлес қосқан, ауданды бірнеше жыл басқарған Оралбек Жақиянов, облыстық ІІД басшысы генерал-майор Мұрат Ұрымханов, «Байқожанов» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Байғожановтарға «Алакөл ауданының Құрметті азаматы» атағы табысталды. Сондай-ақ, ауданның жаңа эмблемасын жасауға орай өткізілген суретшілер байқауы мен «Алакөл – киелі мекенім» атты республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Жасынан қылқаламды серік еткен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ермахан Жүнісханның жұмысы осыдан былай Алакөл ауданының эмблемасы ретінде қолданылатын болды. Ал қаламды қару, өлеңді қанат еткен ойы ұшқыр, қаламы жүйрік ақындар бақ сынаған жарыстың салмағы да төмен болмапты. Әділқазылардың айтуынша, шын жүйрік пен кіл жүйрікті таңдап алуда оңайға түспеген. Бірақ қазылар жан-жақтылы таразылай келіп, ақын, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым мен Түркістан облысының ақыны Ғылымнұр Кәдірбайұлы үшінші, ақын, «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіман екінші, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жангелді Немеребай бірінші, ақын Олжас Қасым бас жүлдеге лайықты деп танылды. Олар аудан әкімінің Алғыс хатымен, ақшалай жүлделермен марапатталды. Жүлдегерлерді жұрт тани жүрсін деген ниетпен зал толы көрерменнің алдына шақырып, бәйгеге қосқан өлеңдерін оқытып, көптің талқысынан тағы да бір рет өткізді. 
Салтанатты жиыннан кейін көпшілік аудандық Мәдениет үйінде өткен республикалық ақындар айтысын тамашалады. Айтысқа Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Түркістан облыстарынан және Астана, Алматы қалаларынан арнайы келген ақындар мерейтойға арнаған жыр-шумақтарын тарту етті. Айтыстың бас жүлдесіне Сара Тоқтамысова ие болып, 1,5 млн. теңге ақшалай жүлдені қанжығасына байлады. Тілінен құс ұшырған Айнұр, Балғынбек, Жандарбек, Сырым, тағы да басқа  ақындарға ақшалай және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жырмен сусындап, өлең өрнегіне елітіп, жаны жадырап, көңілі көтерілген көпшілік кешке қарай Үшарал қаласындағы «Сымбат» стадионына жиналып, «Туған күніңмен, Алакөл» атты қазақ эстрада жұлдыздарының концертін тамашалады. Сол қатарда Алакөлден шыққан өнерпаздар да туған жер, өскен ел туралы туындыларын орындап, жерлестерінің мерейін асырды. Концерттің соңы отшашумен аяқталды.
Ат спорты десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Қазақтың тойы да ұлттық ойындарсыз өтпейтіні белгілі. Осыны ескерген алакөлдіктер ұлттық ат спортының бірнеше түрінен жарыс ұйымдастырып, өңірдің осы саладағы табысы мен жетістігін шартарапқа паш етті. Ертесі ертемен Көкиірім жотасына жиналған көпшілік жасыл шалғын үстінде көрсетілген түрлі ұлттық спорт түрлерін тамашалады. Кең даланың қаражонын ат тұяғымен шаңдатып бәйге шапса, қарулы жігіттер ат үстінде аударыспақ жасап, тақымы мықты азаматтар көкпар тартып мерейтойдың шырайын аша түсті. Соңында ұлттық ат спорты түрлерінің қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. 
Тауларымен тұлғалы, көлдерімен көрікті, өзенімен өрнекті, адамдарымен ардақты Алакөлдің 90 жылдық мерейтойы осындай игі істермен әспеттеліп, алқалы жұрттың асқақ көңілімен қорытындылады. 

Алакөл ауданы

Қажет АНДАС