ТУҒАН КҮНІҢМЕН, ТЕКЕЛІ!

Уақыты: 25.09.2018
Оқылды: 1269
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тау етегіндегі Текелі тұрғындары тамаша мерекені атап өтті. Күн санап жаңарып, жаңғырып келе жатқан кеншілер қаласының бүгінгі бедері бір бөлек. Қала күні мерекесіне жиналған жұртшылықтың жүзінде – шаттық, бойында – қуаныш. Жыл сайын кең көлемде аталып өтетін дәстүрлі думан биыл жаңа рәуіште, өзгеше қалыпта ұйымдастырылған. Орталық алаң мен саябақтарды, жағалауларды жайлаған мерекелік көңіл-күй бізді де қуантпай қоймады. Құбылмалы ауа райы мереке басталар сәтте шаһар жұртшылығы үшін шуағын шашты. 

Айналасы ажарланып, төңірегі тамашаға бөленген «Текелі – бақ мекен» атты жағалаудан бастау алған мереке лебі кеншілер қаласының экономикасына елеулі үлес қосқан кәсіпорындар көрмесімен жалғасты. Шатырлар тігілген алаңда әр мекеме өзінің тарихы бедерленген кестелер қойып, қолдан шыққан дүниелерін паш етті. Қала әкімі Бақтияр Өнербаев аталмыш көрме кереметін көзбен көріп, өнеркәсіп өркендеуіне ризашылығын жеткізді. «Рухани қазына», «Мәдени даму», «Туған жер – туған ел», «Саналы азамат», «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша «Өлкетану»,  «Отаным – тағдырым», жобаларының жай-жапсарын біліп, «Текелі-Асар» әлеуметтік сөрелеріне оң бағасын берді. Сондай-ақ, бау-бақша өнімдері орналасқан алаңға барып, түрлі көкөністердің көрмесімен танысты. Мереке мерейіне бөленген халық щаһар басшысына қошемет білдіріп, еленген еңбек нәтижесін сездірді. Артынша орталық алаңға табан тіреген тұрғындар мерекелік шараның шаттығына кенелді. Үлкен ұйымдастырушылықпен көрініс тапқан концерт сахнасының өзі өзгеше сәнделген. Шара шымылдығы жасөспірімдердің топтық биімен бастау алып, тау етегіндегі шаһар әспеттелген суреттің шарға байланып әуеге көтерілуімен жалғасты. Соңынан қала әкімі Бақтияр Әлтайұлының алғысөзі жұртшылыққа жетті. Аталмыш мерекенің әр азаматтың қалаға деген құрметін қалыптастырып, ыстық ықыласын оятатынын жеткізген шаһар басшысы өз сөзінде: 
– Биыл қаламыз  толайым табыстарға толды. Соның бір айғағы – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Су құбырлары, жылу жүйелері қайта қалпына келтірілді. Алты көшеде кәріз жүйесі жаңартылды, – деп атқарылған істерден аңдатпа беріп өтіп, мұның бәрі жақсы іске жұмыла жеткен тұрғындардың берекелі тірлігі екенін сөзге қосты. Сондай-ақ, Текелі тамашасын арттырып жүрген азаматтарға арнайы алғыс айтып, шаһар тұрғындарын мерейлі мерекесімен құттықтап өтті. Сөз соңында қала көркін асырып жүрген бірқатар азаматтарды арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Шағын қалалар арасындағы республикалық байқау жеңімпаздарын да кеншілер қаласының мақтаныштары деп атап, жүлделерін тапсырды. Артынша әуелеген ән, күмбірлеген күй Текелі төрін таңғажайып тебіреніске салды.  
Мереке барысында қалпына келтіру жұмыстары аяқталған қалалық аурухананың ашылу салтанаты да аталып өтті. Былтыр желтоқсан айында бастау алған құрылыс нысаны толығымен аяқталып қайта қолға алынды. Көрген көз сүйсінетіндей сәнімен бой көтерген аурухана алаңына жиналған ақ халаттылардың қуанышында шек жоқ. Алаңына дейін жөндеуден өтіп, әкімшілік ғимарат, терапия бөлімі, рентгенкабинет, рудничный ауылдық округіне тісті аурухана ғимаратына дейін заман талабына сай қалыптасқан. Сөз алған қала әкімі Бақтияр Өнербаев бұл Елбасының, депутаттардың, облыс әкімі Амандық Баталовтың еңбегі екенін ерекше жеткізіп, дәрігерлер қауымын құттықтап өтті. Сондай-ақ, «Фуд-МС» ЖШС жүргізген жұмыстардың жүйелі екендігін айтып, бас директор Сейітжан Хусайновқа алғысын жеткізді. Жалпы құны 564 млн. теңге бөлінген нысанның салтанатты лентасын қию Бақтияр Әлтайұлы мен Сейітжан Жұмаханұлына бұйырды. 
Қаланың «Достық» шағын ауданындағы балалар ойын алаңының ашылуы да мереке мәнін арттыра түсті. Аталмыш аймаққа арнайы барған шаһар басшысы тұрғындарды қала күнімен құттықтап, ойын алаңы жайында айтып өтті. Аталмыш орында жастардың уақытын тиімді пайдалану үшін алтыбақаннан бастап, белтемірдің түр-түрі орналасқан. Жүзінен шаттық байқалған балалар арнайы қойылым қойып, мереке сәнін еселей түсті. Әндерін арнап, алғысын жеткізген оқушылардың өнері тұрғындарды сүйсінтті. Қуанышты жүздері бал-бұл жанған жергілікті жұртшылық биылғы мерекенің маңызы артықтығын аңғартты. Бірлігі бекем тұрғындардың тірлігі әрқашан да осындай берекелі болары анық.

Құралбек  СӘБИТОВ,