Білімнің шамын жаққан

Уақыты: 08.10.2018
Оқылды: 1344
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Білім және ғылым қызметкерлерінің Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымы ұстаздарға арнап салтанатты қабылдау шарасын өткізді. 
Шараның мақсаты – ұстаздарға және сала ардагерлеріне құрмет көрсету. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының жарқын болашағын баянды ету жолында атқарған қажырлы еңбектеріне алғыс айту.
Салтанатты жиынға ардагерлер мен өңірімізге белгілі ұлағатты ұстаздар  қатысты.
Алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов сөз алып, құттықтау тілегін жолдады.
– Ұстаз қашанда ұлы тұлға. Оның атқарған жұмысы ел жадында мәңгі сақталмақ. Оны бала тәрбиесінің бағбаны десек артық айтпағынымыз болар. Білімнің шамын жаққан ұлттың нағыз жанашырлары осылар. Шәкіртін жетістікке жеткізу үшін жан алып, жан беретін ақеділ жандарға айтар алғысымыз шексіз. Жұмыстарыңызға сәттілік, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деді ол. Одан кейін Талдықорған аумақтық ұйымы жанынан құрылған педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесінің төрайымы Райхан Серғазынова сахна төріне шығып, мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы ойын ортаға салды.
Шара барысында ұзақ жылдар білім саласында қызмет еткен ұстаздарға Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров «Ы. Алтынсарин» төсбелгісін, «Еңбек ардагері» медалін, ҚР Кәсіподақтар федерециясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» және «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін табыс етті. Сондай-ақ кәсіподақ белсенділеріне Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықтар ұсынды.
Жиын соңынан І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің білімгерлері ұстаздарға арнап әннен шашу шашты.


Қабыл ИСА