Бауырлас елдер бірлігі

Уақыты: 08.10.2018
Оқылды: 1157
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысынан келген делегация мүшелерімен кездесті. Басқосу барысында қос тарап ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумға қол қойды.

Алыстан ат терлетіп жеткен қонақтарға ерекше ықылас таныта отырып, сөз сөйлеген Амандық Ғаббасұлы: 
– Құрметті қонақтар, жер жаннаты Жетісу жеріне қош келдіңіздер! Өздеріңіз білесіздер, Алматы облысы Елбасының туған жері. Бұл аймақ Қытай елі мен Қырғыз Республикасымен шекаралас жатыр. Өңіріміз, сондай-ақ, Алматы қаласымен де іргелес. Облыста 17 аудан, 3 қала бар. Халқының саны 2 млн.-нан асады. Сонымен бірге, бұл жер аграрлы аймақ болып саналады. Инвестициялық әлеуеті де жоғары. Сондықтан, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, өндіріс салалары қарқынды даму үстінде. Өздеріңізге белгілі, қазақ елі мен қырғыз елінің президенттері ел экономикасын дамыту бағытында ынтымақтастықты нығайту жөнінде кездесу өткізген болатын. Міне, соның жалғасы ретінде біз сіздермен жүздесіп отырмыз. Сіздерде Ыстықкөл, бізде Алакөл мен Балқаш көлі бар. Тау-тасты аймақтарымыз бен тарихи жерлеріміз өте көп. Осы бағытта Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жұмыс істеуде. Ұлы Жібек жолы біздің облыс аумағы арқылы өтеді. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы бар. Құрғақ порт осы аймақтың басты бөлігі саналады. Жолдарымыз да біртіндеп жасалып жатыр. Міне, осылардың бәрі Жетісу жерінің экономикасын ілгерілетуге айтарлықтай ықпал етуде. Біздің сіздерден үйренеріміз көп. Алдағы уақытта ойға алған жоба-жоспарларымызды іске асыру мақсатында тығыз қарым-қатынаста бірлесе жұмыс істейміз деген сенімдеміз, – деді. 
Келесі сөз Қырғыз Республикасы Үкіметінің Ыстықкөл облысындағы өкілетті өкілі Ақылбек Осмоналиевке берілді. Ақылбек Шәріпұлы өз ойын ортаға салып, Алматы облысына келгендегі әсерімен бөлісті. 
– Құрметті Амандық Ғаббасұлы, бізге ерекше ілтипат білдіріп, күтіп алғандарыңызға үлкен рахмет! Жер жаннаты Жетісу жері деп бекер айтылмапты. Табиғаты тамаша өңір экономикасының қарқынды дамып жатқаны бірден байқалады. Жолдарыңыз да тақтайдай түзу. Біздің осы кездесуіміз арқылы көптеген мәселеміз оң шешімін табады деген ойдамыз. Ыстықкөл облысы сіздердің өңір сияқты үлкен емес. Небәрі бес аудан бар. Халқы да шағын, бар-жоғы жарты миллион. Аймағымызда ауылшаруашылығы мен туризм саласы жақсы дамуда. Бұл бағыттағы әлеуетіміз күшті. Алма, алмұрт, өрік, қарақат сияқты жеміс-жидектер мен картоп дақылы көптеп өсіріледі. Оларды шет мемлекеттерге экспортқа шығарамыз. Экологиялық жағынан таза өнімдер де көптеп өндіріледі. Мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар да жолға қойылуда. Ет, сүт өндірісінің қарқыны да жаман емес. Әсіресе, туризм саласы дамудың даңғыл жолында. Бұл бағыттағы мүмкіндіктеріміз мол. Біз бұрыннан туысқан халықпыз. Сондықтан, сіздермен бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз, – деді ол.  
Бұдан соң Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Кәрім Көкірекбаев сөйлеп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту бағытында іске асырылып жатқан жұмыстарға шолу жасады.   
Қырғызстандық қонақтар бұл күні Салтанат сарайында да болды. Бұл жерде кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырылып, бизнес-форум өткізілді. Алдымен жиынға қатысушылар таныстырылып, бұдан соң сөзге кезек берілді. Форумда Амандық Ғаббасұлы аймақ экономикасын дамыту бойынша, соның ішінде ауылшаруашылығы, әлеумет, мәдениет, туризм, кәсіпкерлік, өндіріс салалары бойынша іске асырылып жатқан ауқымды істерді жан-жақты әңгімеледі. Бұл бағыттағы жұмыстар телекөрсетілім арқылы баяндалып, көпшілік назарына ұсынылды. 
Облыс әкімі өңірде шағын және орта бизнес пен құрылыс саласының жақсы дамып, «Қайнар» АКБ, «Филипп Моррис» сияқты ірі-ірі кәсіпорындар санының артып келе жатқанын, сондай-ақ, аймақта жеміс-жидек пен көкөніс, бақшалық дақылдардың көптеп өсірілетінін, апорт алмасын өсірудің қайта жандана бастағанын, құрылыс саласының өркендей түскенін, автокөлік жолын салу жұмыстарының жанданғанын, елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқын алғанын, сонымен бірге халықты тұрғын үй және таза ауызсумен қамту, жаңа технологияларды енгізу, туризмді дамыту, инвестиция тарту, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» секілді бағдарламаларды орындау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың аз еместігін сөз етті.    
Жиында Қырғыз Республикасынан келген мәртебелі меймандар да сөз сөйлеп, ойларымен бөлісті. Қырғыздар Ыстықкөл облысының негізінен туристік өңір екенін, сол себепті бұл аймаққа шетелдік қонақтар мен демалушылардың көптеп келетінін, денсаулықты нығайту бағытында жұмыс істейтін емдеу-сауықтыру кешендері секілді орындардың көп екенін, экологиялық жағынан таза өнімдер өндіру істерінің жақсы жолға қойыла бастағанын, сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп, соның ішінде тігін өндірісінің жақсы дамып жатқанын айтып өтті. 
Келесі кезекте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаев, облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшынбаева хабарлама жасады. Жиын соңында қос тарап екі жақты ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумға қол қойды.

Айгүл Байбосынова,
“Жетісу”