Құт қонған Қаратал

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 1971
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақта «Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізді» деген сөз бар. Қаратал ауданының қырық күнге тең мерекесі детектив жанрының негізін қалаушы, жазушы Кемел Тоқаевтың саябағын ашудан басталды. Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ  арнайы барып ашқан саябақ көптің көз қуанышына айналды.

Салтанатты шарадан кейін облыс әкімі саябақты аралап, шараға келген қала тұрғындарының лебізі мен өтінішін тыңдады. Аудан әкімі Рауан Рақымбеков алдағы атқарылатын жұмыс жоспарын да баяндап берді. «Алдағы уақытта саябақтың қасынан балаларға арналған кафе салынбақ. Онда тек балаларға арналған балмұздақ, пицца секілді тағамдар ғана сатылады. Демалуға келген қала тұрғындары сол кафеден тамақтанып, кішкентай бүлдіршіндердің туған күн мерекесін атап өтетін болады», – деп аудан әкімі жағымды жаңалығымен бөлісті. Мұндай игі істі өңір басшысы құптап, сәттілік тіледі. 
Одан кейін аудан тұрғындары Амандық Ғаббасұлына риясыз көңілдерін білдіріп, алғысын айтты. Мұнымен қоса, аудан орталығында жаңадан пайдалануға берілген заманауи Қаратал ауданының «сервистік әкімдігін» аралап көрді. Елбасының Жолдауында айтылған электрондық форматқа көшу жұмыстарының іске асуын қадағалады.
Облыс бойынша мұндай сервис Қаратал ауданында ашылып отыр. Ішінде барлық қызмет электронды түрде атқарылады. Әр салаға бөлінген кабинеттер және өзіне-өзі қызмет көрсету орталығы да жұмыс істеп тұр. Барлық талапқа сай салынған жаңа қызмет көрсету нысанын аралап көрген Амандық Ғаббасұлы ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, алдағы уақытта да бұл жұмыстарды қарқынды атқаруды тапсырды. Тойға келген қонақтар да аудандағы көңіл көншітерлік жұмыстардың куәсі болып, дүбірлі той алдында бір серпіліп қалды. 
Иә, «Жас келсе іске» деген осы. Техниканың даму үрдісіне ілесіп, ауданын көштен қалдырмай, жаңа технологияны іске қосып отырған аудан әкімінің Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындауы – іскерліктің белгісі екені анық. Ел экономикасына үлес қосатын ғимаратты аралап көргеннен кейін облыс басшысы тойға келген қадірменді қонақтармен бірге аудан орталығында ұйымдастырылған үлкен мерекелік шараға қатысты. Орталық алаңдағы мәдени шараны бастамас бұрын ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көрсететін көрмені аралады. Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан қазақ үйлерде шағын және орта бизнес саласындағы жетістіктер көрсетіліп, табиғат байлығы паш етілді. Қасиетті мекен тұлғаларының өмірбаяны мен қолөнер шеберлерінің туындылары да тамашаланды. Облыс әкімі ілкімді іске өз бағасын беріп, орталық алаңда ұйымдастырылған дүбірлі тойдың шымылдығын түрді. 
Мәдени шараны тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтар көп жиылды. Әсіресе, ауылдан, ауданнан түлеп ұшқан жерлестер бір-бірін көріп, шаттық көңілмен қауышып жатты. Әжелер сол баяғы қалпынан таймай, қазақы көңілмен келген ұлдарының маңдайынан иіскеп, қыздарының бетінен сүйіп, құшырлана құшағына қысып, ыстық ықыласын білдіруде. Туған жер деген қандай тамаша, қанша алыстасаң да кіндік қаның тамған жерге деген сезімің жүрегіңнің түпкірінен шығып, ескірмейтін естелік пен қимас жастық шағың ойыңа оралып, сағынышыңды бір басасың. Арман қуып, алысқа аттанған ұл-қыздарын туған жердің топырағы жатсынбады. Мейірлене құшақтап, бауыр ет, бөлшегі келгендей бауырына тартып, мауқын басты. Осылайша туған жерім деп келген қадірменді қонақтар төрге озып, елдің тойын тамашалауға кірісті. Қасиетті мекеннің мерекесіне арнайы келген облыс әкімі Амандық Баталов ортаға шығып, құттықтау сөз сөйледі.
– Қазақтың қасиетті де киелі өңірі Қаратал ауданының 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Қаратал – Жетісудың құт қонып, бақ дарыған өңірі. Бұл жер – ел басқарған көсем, сөз бастаған шешен, батыр бабаларымыздың ерлігіне куә болған жер. Тоқсан жылдық тарихы бар бұл өлке – шежіресі мол аймақ. Әр төбесі, әр тасы ғасырлардан сыр шертіп тұрады. Қазақ тарихының тамыры тереңде жатыр. Тәуелсіз еліміз аты аңызға айналған ұлы билері мен батырларының есімін, олардың ерлігін ұмытқан емес. Қазақтың көрнекті билері, дана абыздары Ескелді, Балпық, Айту би, Қарымбай әулие, Жолбарыс, Бақай, Мықтыбек батырлар, Жәлменде мен Пышандай болыс сазгер секілді өз заманының айтулы тұлғалары – осы қасиетті Қаратал жерін мекендеген. Қасиетті Қараталдың бойына шыбық қадаса тал болады. Қаратал өзенінен «күндіз күміс, түнде алтын» ағады дейтініміз де тегін емес. Ежелден құт-береке дарыған халқымыздың бірлігі, ынтымағы ешқашан ортайған емес. Қаратал – достығы жарасқан этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған жер. Олай болса, ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекеннің 90 жылдық мерекесі құтты болсын, – деп сөзін түйіндеді ол.
Өңір басшысынан кейін ортаға аудан әкімі Рауан Рақымбеков шығып, көптеген жыл ауданның экономикасын көтеруге үлесін қосып, түрлі салада еңбек еткен қызметкерлерге «Қаратал ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін табыс етті. Қажырлы еңбегімен еліне сыйлы болған азаматтардың көшін бастап, ортаға Талдықорған қаласы мәслихат аппаратының басшысы Тимур Биғожанов шықты. Ол аудан әкімінің қолынан «Қаратал ауданының Құрметті азаматы» деген куәлік пен төсбелгіні алды. Бұдан кейін зейнеткер ұстаз Ұлбосын Досмолданова мен Ботагөз Жүнісова, балабақша меңгерушісі Елизавета Шин, «Жалдыбаев» шаруа қожалығының басшысы Оразғали Жалдыбаев, ұзақ жыл ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған Кенесбай Мұстафаев, «Данияр» шаруа қожалығының басшысы Орынбек Сағымбаев марапатталды. Марапатқа ие болғандар аудан әкіміне және аудандық мәслихатқа ыстық ықыластарын білдіріп, қараталдықтарды айтулы мерекесімен құттықтады.
Бұдан кейін ортаға аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған өнерлі қыз-жігіттер шықты. Ең алдымен, аудан тарихынан сыр шертетін сахналық қойылымға кезек берілді. Төбе би аталған Ескелді, Балпық, Қабан жыраудың бейнесі сомдалды. Елінің ынтымағын ойлап, жерін жаудан қорғаған тұлғалар ортада салтанат құрып, өздерінің ақ батасын арнады. Қаумалаған қалың жұрт үш бидің өсиетіне құлақ түріп, даналығы мен мол қазынасынан сусындағандай күй кешті. Әрине, сахналық қойылым демесеңіз, көрген көрерменге шынайы өмірдей әсер қалдырды. Кәсіби театр әртістері болмаса да, ауданның өнерлі азаматтары абыз аталарының бейнесін асқан шеберлікпен ойнап, шынайылықты көрсете білді. Артынша тоғыз жолдың торабы, Үштөбе стансысының «Түрксіб» теміржолының бойында жатқандығы, кешегі дара тұлға елінің қамқоршысы болып, өзен мен көлдің арасын жалғағандай ен жатқан қазақ ауылдарының тамырына қан жүгіртіп, теміржол тартқан Мұхаметжан Тынышпаев жайлы қойылым көрсетілді. Онда халық теміржол тарту жұмысына кірісіп, алаңда қызу еңбек басталды. Құдды бір еңбек майданына түскендей шаңқылдаған балғаның соққысы, атан түйеге жүк болған қой тастар тасылып, бірлесе жүріп, білек сыбана кіріскен жұмысшылар болат жолды орнатып өтті. Қарапайым шаруа адамдарының басын біріктіріп, ісінің аяқталуына дейін елмен бірге маңдай терін төккен Мұхаметжан Тынышпаев та қызу тірлікке араласты. Біртуар азаматтың ерлігін жоғары дәрежеде көрсете білген әртістер халықтың қошеметіне бөленді. Біткен іске сүйсіне қарап, қазақ даласына келген алғашқы пойызды қарсы алған үштөбеліктер бөркін аспанға атып, қуана білді. Бұл көрініспен қатар ауданнан шыққан 31 Социалистік Еңбек Ерінің де есімі аталып, кейінгі жас ұрпақтың көкейіне сіңді. Соғыс жылдарын да еске алып, ауданнан шыққан төрт Кеңес Одағы Батырының есімі жаңғырды. Тарихи кезеңді ретімен сахналаған өнерпаздар қойылымын тәуелсіздіктің ақ таңымен түйіндеді. Артынша аудан халқына әншілердің дайындаған ән-күйі мен мың бұралған бишілердің биі орындалып, келген жұрттың көңілін тасытты. 
Түстен кейін торқалы тойдың жалғасы аудандық Мәдениет үйінде ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Мәдениет үйінің фойесіне ауданнан шыққан ақын-жазушылардың кітаптары қойылып, аудандық кітапхананың қызметкерлері қонақтарды мол қазынамен қарсы алды. 
Конференцияны аудан әкімі Рауан Рақымбеков пен мәслихат хатшысы Бақыт Смайлов жүргізді. Бірінші болып, Рауан Тұрданғазыұлы қысқаша баяндама жасап, ауданның тыныс-тіршілігіне тоқталды. Одан кейін мерекеге арналып шыққан «Атыңнан айналайын, Қараталым» атты кітаптың тұсауын кесті. Одан кейінгі кезек жерлестерге берілді. Бірінші болып сөзді Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев алды. Наурыз ата талай жыл басқару қызметінде жүріп, биік белестерден өткен азамат ретінде, ауданда қызмет істеген ерлердің еңбектерін екшелеп, бүгінгі мен кешегі өмірді салыстыра отырып, есіл ерлердің есімін биікке көтерді. Артынша ақын, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Алматы облысының Құрметті азаматы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты  Әміре Әрін шығып, өзінің «Айқабақ» атты жыр жинағынан туған жеріне арналған «Қараталым» атты өлеңін оқыды. Әңгіменің басын поэзиямен бастаған Әміре Әрінұлы ауданның жетістігін айқындап жеткізді. Кешегі бабалардың өсиеті мен даналығын келтіре отырып, жердің қасиетіне, халқының мейрбан, бауырмашыл мінезіне тоқталып, халықты бір серпілтіп алды. Тоқсан жылдыққа арналған кітап авторы Қараша Қараман сиясы кеппеген жаңа туынды жайлы сөз қозғап, асыл қазынаның ішіне енген тарихи толғаулар мен жылы жазбаларға кеңінен тоқталды. Артынша сахна төріне көтерілген халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жанат Елшібек туған жеріне деген ыстық ықыласын жеткізді. Сөз соңында ауданның кітапханасына бірнеше кітабын табыс етті. Көрнекті спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы да ақжарқын тілегін ақтарды. Конференцияның соңында ауданның тойына құрметті қонақ болып келген қадірменді меймандарға аудан әкімі шапан жауып, естелік сыйлықтар табыс етті.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Қаратал ауданы 90 жылдығын атап өтеді дегенді естіген атбегілер жарғақ құлағы жастыққа тимей дүбірлі тойдың көрігін қыздыратын ат бәйгесіне сәйгүліктерін сайлағаны белгілі. Мерейтойдың жалғасы ертесіне ат додасымен жалғасты.
  Қазақтың қай тойын көрсең де тұлпар жарысынсыз өтпеген. Ендеше Қаратал ауданы да өздерінің торқалы тойының нүктесін ат спорты ойындарымен түйіндеуді жөн санапты. Бұл күні атшабарға сәйгүлігін сайлап келген атбегілер көп болды. Орал мен Алматы, Қордай мен Өскеменнен келген тұлпарлардың қарасы көп. Той болады, жүлдеден дәмеліміз деген шабандоздар тізгін тартып, жарыстың басталуын асыға күтті. Сонымен, бірінші болып құнан жарысы өтті. Шашасына шаң жұқпаған тұлпарлар додасында Әлнұр Назарбаевтың құнаны бәйгелі болды. Жүлдеге тігілген автокөлікті қанжығасына байлап, киелі мекеннен олжамен қайтты. Топ бәйгеде де Әлнұрдың қанжығасы майланды. Ұшқан құстай зулаған қара қасқа тұлпары жеке дара келді. Ат төресі – аламан бәйгеде бабы келіскен тұлпардың бағы жанып, жүлдеге тігілген «Лада Гранта» автокөлігін иесіне сыйға тартты. Тұлпарлар сайысынан кейін алпамсадай алпауыт жігіттер қошқар көтеріп жарысса, көкпаршылар көкпар тартып, тойдың көрігін қыздырды.
Осылайша қасиетті Қаратал ауданының мерейтойы көпке дейін көрген жұрттың тамсана айтатын әңгімесіне айналды.
 
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ