Меценаттар марапатталды

Уақыты: 15.10.2018
Оқылды: 1340
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда Рухани жаңғыру орталығында аймақтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге оң ықпалын тигізіп жүрген ең үздік жыл меценаттары марапатталды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шарада мұқтаждарға көмек көрсетіп, қайырымдылықты дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанды.

Салтанатты басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ сөз сөйлеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл сайын елде әртүрлі номинация бойынша жеңімпаздарға сыйлық тапсыру рәсімдерінің өтетінін және соның бірі «Жомарт жүрек» сыйлығы екенін айтып өтті. 
– Бүгінде қайырымдылық жасау бизнесмендердің жеке әлеуметтік жауапкершілігі және жетістіктің символы саналады. Биыл облыста меценаттардың арқасында 326 миллион теңгенің 70 әлеуметтік маңызды жобасы жүзеге асты. Қай кезде де көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жақсылық жасау үлкен сауапты іс. Сондықтан, аймақ дамуына күш салып, қайырымдылық жасаудан жалықпаған жандарға деген алғысымыз шексіз. «Жомарт жүрек» сыйлығы – соның нышаны, – деді Лаззат Махатұлы.   
Балқаш ауданы Бояулы ауылындағы жергілікті кәсіпкер Азамат Молдақасымов көшелерді асфальттау, медресе мен аулалардағы алаңдарды жөндеу, түнгі жарықтандыру, басқа да маңызды жұмыстарды іске асыруда «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша марапатталды. Осы номинация негізінде ауылдықтарға өз қаражаты есебінен баспана тұрғызған «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Еламан Шайнүсіповтің қосқан үлесі аталып өтілді. 
«Жыл меценаты» номинациясы бойынша Қаратал ауданындағы аз қамтылған отбасына демеушілік көмек көрсетіп, өзінің туған ауданына футбол алаңын салған Серікжан Жексембиновке біріншілік пальмасы бұйырды. 
Жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға материалдық қолдау көрсетіп, Кербұлақ ауданының Тастыбастау ауылында бастауыш мектеп құрылысын жүргізген кәсіпкер Хасан Абуев «Туған өлке» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. 
Шара барысында, сондай-ақ, әлеуметтік жауапкершілігі зор бизнесте қайырымдылық ісін дамытуға үлес қосып жүрген басқа да кәсіпкерлердің есімдері аталды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА