Үлескерлердің ұпайы түгел

Уақыты: 19.09.2016
Оқылды: 1128
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халқымыз: «Үйі бардың – күйі бар» деп тегін айтпаса керек. Кейінгі жылдары елімізде, әсіресе, облысымызда тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қауырт қолға алынды. «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы Жол», тағы да басқа  бағдарламалар арқылы  бой көтерген тұрғын үйлер бүгінде көптің қуанышына айналды. Сондай-ақ, жеке салым есебінен де баспана мәселесін шешіп алғандар жеткілікті. Бұл іске отандық құрылыс компаниялары да белсене атсалысты. Сол компаниялардың үлескері атанып, үйлі болғандардың қатары да көбеюде.

Еліміздің басқа өңірін айт­пағанның өзінде, бір ғана облыста атқарылған жұмыстың ауқымы кең. Алматы қаласының маңындағы облысқа қарасты жерлерге бүгінде зәулім үйлер мен коттедждер салынып, дала көркін шырайландыра түсті. Қарасай ауданына қарасты «Алтын Орда» базары мен Алатауды бөктерлей салынған үйлердің дені үлескерлердің қаржысымен бой көтергенін біреу білсе, біреу білмес. Десе де, бүгінгі жанға жайлы тұрғын үйлердің қатарынан қаз тұруының өзі оңай болмағаны белгілі.

 Осыған дейін құрылыс саласында үлескерлердің қаржысын жымқырып, түрлі келеңсіздікке жол беріп, аңқау елді алдап соғатын жағдайлар жиі орын алды. Соның  салдарынан қаңқасы қаланып, құрылыс жұмысы тоқтап қалған тұрғын үйлердің айналасындағы дау­-­шар үлескерді де, жергілікті билікті де, Үкіметті де әуре-сарсаңға салды. Бұл жағдай біздің өңірде де тіркелді. Облыстық құрылыс басқармасы мен «Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС-нің ақпараты бойынша, 2008 – 2009 жылдар аралығында облыста 4129 үлескері бар 21 проблемалық нысан болған.

Осы мәселені шешу үшін «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы»  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы №1039 Қаулысына сәйкес 2009 жылдың 6 сәуірінде үлескерлердің қатысуымен жүргізілетін тұрғын үй құрылысы бойынша Алматы облысы әкімдігінің өкілетті ұйымы «Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС құрылды. Аталған ұжым үлескердің мүддесін қорғап, олардың қаржысының кім-көрінгеннің қалтасында кетпеуін қадағалап отырды. Нәтижесінде 2009 жылы мемлекеттік қаржыландырудың көмегінсіз 12 нысан бойынша 1553 үлескердің мәселесі шешілген.  Одан кейін де   2706 үлескері бар 9 нысан бойынша мәселе ойдағыдай шешімін тауыпты. Сол қатарда 2012 жылы Талғар ауданындағы жалпы ауданы 10,2 мың шаршы метрді құрайтын 57 пәтерлі «Бесағаш-2» тұрғын үй кешені (57 үлескер) қолданысқа берілсе, 2014 жылдың маусым айында жалпы  ауданы 239,9 мың шаршы метрді құрайтын 2175 пәтерлі  29 тұрғын үйлі «Премьера» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілді. Айта кетерлігі, «Премьера» кешеніне 831 үлескері бар «Премьера», 728 үлескері бар «Елімай», 410 үлескері бар «Шығыс», 14 үлескері бар «Өркен», 146 үлескері бар «Аксайское предгорье», 146 үлескері бар «Яблоневый сад» кешені біріктіріліпті. Сонымен қатар сол жылдың желтоқсан айында жалпы ауданы 83,7 мың шаршы метрді құрайтын 358 үлескері бар 339 пәтерлі «Елисейские поля» коттедж қалашығы қолданысқа берілген. Демек, биліктің қадағалауымен түйткілді мәселе осылай шешімін тауып отырды.

Бұдан өзге, мемлекеттік қаржылық қолдаудың арқасында тағы 34 кешеннің құрылысы аяқталып, нәтижесінде 9 нысан бойынша 2576 үлес­кердің мәселесі шешімін тапты. Бұл мақсатқа бюджеттен 34,588 млрд. теңге бөлінген, оның 34,009 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен қаржыландырылса, 0,579 млрд. теңге жергілікті бюджеттен қарастырылған. Осының арқасында барлық қажетті инженерлік жүйелері тартылып, 355 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй бой көтеріпті. Үлес­керлердің мәселесі бойынша соңғы нысан саналатын Қарасай ауданындағы «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталды. Аталған кешенде жалпы аумағы 20,922 мың шаршы метр болатын 114 пәтерден тұратын 51 жеке тұрғын үй тұрғызылыпты. Коттеджді қалашық саналатын нысан көркімен көз тартады. Екіқабатты үйлерден құралған кешен құрылысы арқылы 105 үлескердің мәселесі оңды шешімін тапты.      

Міне, 2009 жылдан бері  үлескерлердің тұрғын үй мәселесін шешу облыс басшылығының үнемі бақылауында тұрғандықтан қордаланған мәселе араға біраз жылды салып барып толық шешімін тапты. «Ештен кеш жақсы» деген халық даналығы осыны аңғартса керек. Үлескерлердің қатысуымен құрылыс жүргізу жұмыстарына жауапты облыс әкімдігінің уәкілетті органы болып табылатын «Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС-нің директоры Нүгірбек Абулғазиннің мәлімдеуінше, бүгінгі күні Алматы облысында үлескерлік құрылыс мәселесі толықтай шешімін тапқан. Сонымен қатар, 2010 – 2012 жылдары аталған нысандарды  инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдармен қамту үшін қазандық, су, электр, жылу, газ, кәріз жүйелері салынды. Бұл да биліктің тұрғындардың көрікті кешенде көңілді тіршілік етуіне жасаған тағы бір көмегі болды.

Жетісулық үлескерлер тәуелсіздіктің 25 жылдығын осындай жайлы баспанада жарасымды көңіл-күймен қарсы алатын болды.

Қажет Андас