Қос ауданның әкімі тағайындалды

Уақыты: 17.10.2018
Оқылды: 1239
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталов Ақсу, Сарқан аудандарында актив жиынын өткізіп, жаңа әкімдер тағайындады. 

Осы күнге дейін Ақсу ауданын басқарып келген Әділбек Далбағаевтың қызметтен өз еркімен кетуіне байланысты аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, Ақсу ауданының әкімі қызметіне ұсынылған Есім Базархановтың кандидатурасына келісім берілді.
Жиында облыс әкімі Амандық Баталов «Әділбек Егеубекұлы ауданды 5 жыл басқарды. Осы мерзімде өздеріңізбен бірлесе отырып, ауданның ауылшаруашылығы, халықты жұмыспен қамту, шағын кәсіпкерлік, өнеркәсіп салаларының дамуына өзіндік үлесін қосты», – дей келе жақында Әділбек Егеубекұлына басқа қызмет берілетіндігін айтып өтті. 
Есім Сейілханұлы Базарханов 2014 жылдың сәуір айынан осы уақытқа дейін Ақсу ауданы әкімінің орынбасары  қызметін атқарған. Бүгінгі таңда басшылыққа тағайындау меритократия принципі бойынша іске асырылатынын айтқан Амандық Ғаббасұлы Есім Сейілханұлының осы күнге дейін іскерлік қасиетімен  танылғанын, болашақта осы күнге дейін жинақтаған тәжірибесін қолдана отырып,  ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Амандық Ғаббасұлы қант зауытын іске қосуда кездескен кедергілер, оны екі жыл бойы жүргізу барысында атқарылған жұмыстар жайында жан-жақты айтып өтті. Бұдан кейін ауданның Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Айтбаев мінбеге шығып, Әділбек Егеубекұлының ауданда атқарған оңды істері жайлы айта келіп, жаңа әкімге «әкім бол – халқыңа жақын бол» дей келе ел-жұрттың алдында абыройлы болуын тілеп, ақ батасын берді. 
***
Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбековтің зейнеткерлікке шығуына байланысты ауданға жаңа әкім тағайындалды.  Аталмыш ауданда сегіз жыл аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Марат Разбеков аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен аудан әкімі қызметіне тағайындалды. 
Облыс әкімі Амандық Баталов Ерғазы Қошанбековтың осы күнге дейінгі атқарған жұмысына жоғары баға берді. Қай жерде, қандай қызмет атқарса да жауапкершілікпен жұмыс істегенін  айтып, ризашылық білдірді. Марат Разбековтің ауылшаруашылығы саласын жақсы білетіндігіне тоқталып, аграрлы аймақта егін шаруашылығы, мал өсірудің негізгі орында тұрғанын айтты. Биыл ауданда  қант қызылшасының аумағы 2 мың гектарға жеткен. Енді соны төкпей-шашпай жинап алу аудан басшыларының жауапкершілігіндегі шаруа.  
Жиын барысында Ерғазы Қошанбеков облыс әкімі Амандық Баталовтың ауданға жасаған жақсылығы мен қамқорлығына тоқталды. «Бірінші, отыз жыл бойы жөндеу көрмеген аудандық ауруханаға 1 млрд. 600 млн. теңге қаржы бөлдіріп, жөндеу жұмысын жүргізіп бердіңіз. Екінші, 16 шақырымдық айналма жолды жөндеуге қаржы бөлдірдіңіз. Үшінші, Молалы – Балқаш көлі жолын жөндеуге республикалық бюджеттен 28 млрд. теңге бөлдіртіп бердіңіз», – деп халықтың атынан алғысын білдірді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадал Жанысбеков ауданды бес жылға жуық уақыт басқарған Ерғазы Қошанбековке сарқандықтардың атынан ақ жол тілеп, жаңа әкім Марат Разбековке ақ батасын берді.

Гүлжан ТҰРСЫН