Көп қорқытады, терең батырады

Уақыты: 19.09.2016
Оқылды: 2547
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жол жүру деген жақсы. Адамдарды жақын­да­с­ты­ра­ды. Танымайтын жандар өза­ра білісіп, ортақ таныстар тауып жатады. Әсіресе, пойыз­бен жүру бір ғанибет. Плацкарт вагондағы бір күн­дік тірлік  бір үйдің тыныс-тіршілігіне қатты ұқсайды.

Біз екеу едік. Құрдаспыз. Жасымыз қырыққа келсе де сырт көзге әлі бала секіл­діміз. Себебі, бірімізді-біріміз қалжыңмен қажап, тұр­қы­мыз­ды кемсітіп, әрбір қимыл бен әрекетті күлкіге айнал­дырып келеміз. «Құрдастың құны бір» деген. Қашанғы күле береміз, бір кезде құр­дасым кәдімгідей мұңайып қалды. «Оу, не болды?!» –  деп сұ­ра­ғанымша болмады, бір күр­сініп алды да:

– Үйлену керек еді... – деп тұжырды.

– Енді не ғып жүрсің? Алмайсың ба алатын әйе­ліңді.

– Кейде саған қарап: «Осы үйленбей жүргенім дұрыс па?!» – деп ойлай­мын. Бала-шаға бағу, әйелге кере­гін әперу, азық-түлікпен қам­тамасыз ету секілді проб­ле­малармен бас ауырт­пай­сың.

– Әйелге берген тамақты түсте жылытып жей саласың, – дейтінің де бар еді ғой?!.

– Ә, қойшы соны. Әлгі бір бәдік әндегі: «Енді маған кім тиеді кемпірден басқа» деген жол тіліме орала береді...

Осылай әңгімелесіп отыр­ға­нымызда ұзыннан-ұзақ дәліз секілді вагонға жұрт жиналып қалды. Біздің сө­зі­мізді естіген әлдекім күліп барады. Енді бір әйел жана­шырлықпен қарайды. Жас қыз­дардың жүзі бал-бұл жанып, біз жаққа көзінің қиы­ғын тастап қояды. Бірнәрсе айтқысы келетіндей.

Дәл ортасымен ары-бері адамдар ағылғанымен алты орынды кішігірім бөлмедей мекенге екеумізден басқа тағы төрт әйел орналасты. Жалпы вагонда ерлер аз, нәзік жандылар басым. Жасы ересек апай өзінің көпті көргендігін білдіріп, ортақ дастарқанды жайна­тып жіберіп, бәрімізді шайға ша­қырды. Бірнеше күннен бері жылдам пісетін кеспе мен шұжық, консерві, нан, көкөніс секілді құрғақ тамақ­ты жапы­рып келген екі құр­дас бор­ша-борша терле­генше шай іштік. Содан әңгі­ме бас­тал­ды. Кімнің қайдан шығып, қайда баратындығы анық­талған соң ортақ тақы­рып табуға тырыстық. Бұл өмір­дегі мәңгілік тақы­рып­тардың бірі – әйел мәсе­лесінен бастап халық саны­ның өсуіне кедергі келтіретін тағы да нәзік жандылар екендігін растадық. Екі құр­дас бұқара санының өсуі мемлекеттің әлеуметтік-эко­номикалық тұрғыдан жылдам дамуына әсер ететінін дә­лелдедік.

Шынында халқы көптің сесі басым, десі артық. Он­дай­ды қазекең «Көп қор­қы­тады, терең батырады»  де­ген бірауыз сөзбен түйін­деген. Құдайға шүкір, соңғы жыл­дары еліміздің халқы өсіп келеді. Биылғы ақпан айында Статистика комитеті таратқан ақпарат бойынша Қазақстан тұрғындарының саны 17 мил­лион 693,5 мың адамға жеткен. Бұл ресми мәлімет. Ең қызығы, халықтың көп шоғырланған аймағы Оң­түс­тік Қазақстан облысы болса, одан кейін Алматы облысы, Жамбыл облысы, Солтүстік Қазақстан облысы кезек ала­ды. Ал халық аз аймақтарға Қызылорда, Ақтөбе, Маң­ғыс­тау облыстары жатады. Осы көрсеткішке қарап, қазақы қалпы басым аймақ – Оң­түс­тік Қазақ­стандағы өсімнің озықтығын байқай аламыз. Бұл бала­сының көп бол­ғандығын қа­лайтын қазақы ұғымның әлі де басым екен­дігіне айқын дәлел. Себебі, қазіргі күні күйеуге тиген ке­лін­шектер: «Құлын мүсінім бұзылады, әрім қашады, сұлу­лығыма нұқсан келеді» деген сыл­тауларды алға тартып, жаһан­данудың азғыруына ілесіп кеткенін байқамайды. Ра­сында солай ма?! Әлде...

Еліміз тәуелсіздік ал­ғаннан кейін үйіміздің төрінен ойып тұрып орын алған теле­ди­дар­ды шаршатқан көбікті сериал­дардың көпшілікті тәр­бие­легені жасырын емес. Кішінің үлкенге құрметінің кетуі, үл­кеннің кішіге ықы­ласының азаюы, ерге әйелдің сенім артуының  толастауы осыдан екендігін жоққа шы­ғару күнә болар. «Ауруын жа­сырғанды өлім әшкерелейді» деген бар. Келін мен ене арасындағы салқындық, ата мен баланың араздығы, қыз бен ана дауы секілді хал­қы­мыздың ұлттық ұғымына ерсі қылықтар сырт­тан енген әдет екендігі бел­гілі. Әсіресе, жап-жас қыз­дар­дың көлденең жүріске түсуі, тұрмысқа шық­паған бойжет­кеннің аяғы ауыр­лап қалуы, осының бәрі тұр­мыс құруға, ерлі-зайып­тылыққа бейжай қараудан, жігіттердің жауап­кершілігіне сезінбеуден туын­дап жатады. Шындығында ұлтты тәр­бие­лей­тін, ұрпаққа дұрыс тәлім беретін Әйел-ана! Арқыраған күйеуін жөнге са­лып, түзу жолға түсіретін де Әйел-ана! Қыс­қасы, қоғамның дұрыс дамып, ел мен жердің өркен­деуі нәзік жыныс­тылар­дың қолында. Осыны білме­ген қыздарымыз бетімен ке­тіп, келіндер ұрпақ санын шек­­теп отыр. Бұл дұрыс емес.

Әрбір әйел – Ана атануға құқылы һәм қақылы. Одан тәннің сұлулығы артпаса ке­мі­мейді. Тіпті, баланы көп тапқан әйелдің мүсіні ажар­ланып, қаны жаңарып, сүйегі балбырай түсетіндігін дәрі­герлер баяғыда-ақ дәлел­деген. Алайда оны теріс тү­сін­діру мен керісінше ұғын­дыру әлдекімдерге керек. Сол себепті біздің ұл-қыз­да­ры­мыз­дың санасын  сырт елдің қаңсығы тәрбиелеп жатыр. Сенбесеңіз, теледидар қосып, шетелдік газет-журналды ашып, смартфон мен қал­та­фон­ды түртіп қалыңыз. Қы­зылды-жасылды жарнамасы жанарды арбайды, жанды еліктіреді. Байқамай интернет желісіне кіріп кетесіз. Осының кесірінен 2 балалы отба­сы­лардың саны артып, одан ар­тық бала табу тоқтап тұр. Бұл ел болып, ұлт болып ой­ла­на­тын нәрсе. Расында екі бала әкесі мен шешесінің орнын басатыны бұлтартпас ақиқат. Ал бір бала өскенде не әке­сінің, не шешесінің үңірейген орнын толтырады. Бос қалған бір орынды қайтеміз?! Сол себепті, әйелдер өз алдына кемі 5 баладан табуды мақсат етіп қоюы керек. Сонда ғана халқымыздың саны өседі. Әйтпесе, кері кеткеніміз кет­кен...

Осындай ағыл-тегіл ойды жан-жақтан келген мәлі­мет­термен толықтыра отырып дәлелдеген екеуміздің әң­гімеміз бүкіл вагонға естілген болуы керек, жина­лу­шы­лар­дың қарасы көбейіпті. Сонда да болса біздің сөзімізді еріккендердің ермегі ретінде қабылдап, қолын бір сілтеп кетушілер бар. Ондайға сөз шығындап қайтеміз?! Қата­ры­мыздан алыстамайтын екі ке­лін­шек пен екі қыздың құ­ла­ғына айтарымызды айтып жатырмыз. Бір тыныстағанда астыңғы орынға орналасқан сары қыз:

– Оларды бағуды айт­саңшы... – деп жымия күр­сін­ді.

Міне, халық санының өсуі­не кедергі келтіретін фак­тор­дың бірі осы. Аш қалады, бағу қиын, киімін кім табады, қалай өсіремін деген қалың сауал­дың жауабы жалғыз – «Бір қозы туса, бір түп жусан ар­тық шығады». Мұны айтқан халқымыздың даналығын та­лай ғұлама, талай ғалым мойын­даған. Алайда оны ескеретін қалалықтар болмай тұр. Мысалы, былтырғы есеп бойынша еліміздегі халықтың 10 миллион 036,2 мыңын қа­ла­лықтар, 7 миллион 594,5 мыңын ауылдықтар құраған. Бұл қалаға қарағанда ауыл­дағы халықтың саны басым екендігінің айқын дәлелі. Оның үстіне, ауыл тұрғындары қалалықтар секілді «Балам аш қалады, екеуіміз бірдей жұ­мыс істемесек пәтерақыны төлей алмаймыз» деген сөз­бен бас қатырмайды. Ауылды жерде бәрі қолжетімді әрі таза, табиғи жолмен өнді­рі­леді. Ішкен-жегеніне химия­лық қоспа араласпаған. Со­ның әсерінен деннің сау­лы­ғына нұқсан келмейді. Таза ауа, көркем табиғат, ауыр жұмыс, бәрі-бәрі адамның еркін, сабырлы болып қа­лып­тасуына әсер етеді. Қазақы дүниетанымның әсерімен баланың көп болуын тілейтін ауыл азаматтары ешкімнің нәпақасыз қалмайтынын жақ­сы біледі. Соған сай денсау­лығы көтерсе көпбалалы аналардың қатарын толтырып, «Алтын алқа» аларына сенімі ұлғаяды. Есесіне аралары тетелес келетін балалар бір-бірін жетелеп, бірінің киімін бірі тоздырып, бар мен жоқ­тың айырмасын біле жүріп, есейеді, бой жетеді. Ондай отбасында өскен бала мейі­рімді, қайырымды, жана­шыр­лы­ғы басым азаматқа ай­на­ла­ды.

Елдің ертеңі осындай тұл­ғаларға тиесілі. Өйткені, мем­лекет болашағының жарқын болуы отаншыл, елшіл адам­дарға тікелей байланысты. Ал қаладағы балабақшада, мек­тепте тәрбиеленген бір үйдің еркесі көп ретте өзінен басқа ешкімді елемейтін эгоистке айналады. Айналасына жұ­ғымы жоқ ондай жан тұлға болып қалыптасу кезеңінде көп қиындық көреді. Қасын­дағы әріптестерінің ықылас-пейіліне жұғыса алмай, өзін жоғары ұстауының арқа­сында ұлтына да қара күйе жағады. Қысқасы, қаланың қасаң тәр­тібі мен қатыгез талабы адам мінезіне үлкен өзгеріс әке­леді. Бір қара­ғанда қара­пайым құлық, солай болуы тиіс әдет секіл­ді. Алайда ұлттық бейнеден ада, Отан, Ел мен Жер атты қастерлі ұғым­ды мойындай алмайтын дүба­ра қалып­тасқанын байқа­май­мыз. Он­дайлар шет мем­ле­кет­тердің қаңсығын таңсық көреді, өз ұлтының жақсысын ман­сұқ­тап, жаманын әшке­релейді. Оның ақыры мем­ле­кеттің дамуына кедергі кел­тіріп, шетел асуға апарады. Өзінің бойындағы бар дары­нын туған елі мен же­рінің өр­кендеуіне жұмсамай, әл­дебіреудің тастаған сүйегі мен құйған сорпасына көзін сатады. Бұл бүгінгі күннің шындығы. Оған дәлел бар. Мысалы, былтырғы қаңтар-мамыр айларында Қазақ­станнан 8 мың 928 адам қо­ныс аударса, 6 мың 827 адам көшіп келген. Жылы жерін суытып, өзге елдерге бет алғандардың көпшілігі көр­шілес Ресейге сіңіп ке­туді жөн көреді. Алайда он­да­ғы­лар дәл өзіміздің: «Орал­ман, қытай, моңғол, қа­ра­қалпақ, өзбек» деге­ні­міз­дей оларды да: «Сен қа­зақ­сың!» – деп кем­сіт­пе­сіне кім ке­піл?!

Қалай болғанда да хал­қымыздың санын көбейту, азаматтарымыздың қатарын толтыру керек-ақ. Ол үшін бойдақтар тез арада бас құрап, жалғыз бастылар тұр­мысқа шығуы тиіс. Оның үстіне, халықтың саны көп болған сайын кәсіпорын мен өндіріс көбейіп, сауда-саттық жанданады. Себебі, тұр­ғындардың көп болуы тұ­тыну­шылар санының артуы­на сеп. Сол арқылы барлық саланың жұмысы жүріп, әр­кім өзінше еңбектенуге, күнін көруге тырысады. Бұл ха­лық­тың бәсекеге қабі­лет­ті­лігін арттырмаса кемітпейді.

Еліміздің демографиясын зерттеп жүрген маман­дар­дың айтуынша, келешекте Қазақстандағы бала туу көр­сеткіші төмендей бастайды. Осыдан үш жыл бұрын ар­найы брифинг өткізіп, халық санына қатысты болжам жасаған Статистика агент­тігінің төрағасы Әлихан Смайы­лов келтірген дерек­тер бойынша 2015 жылдан бастап дүниеге келер сәби­лердің саны азая бастауы тиіс. Сол себепті Үкімет бала тууды ынталандыратын шараларды қолға алу керек­тігі де ұсыныс ретінде орта­ға тасталған болатын. Алай­да жөргекпұлға қосылған үсте­меден өзге нақты шара­лар­ды көре алмай отыр­мыз...

Осы тұсқа келгенде жа­нары оттай жайнап, бәріне кінәлі мемлекет екендігін тапқандай қуана көзі күлген сары қыз:

– Міне, міне, енді жөн әңгімеге көштіңіз. Үкімет жағдаймызды жасап, тапқан сәбиіміздің қажетін толық өтеген тұста бала табуға кірісетін шығармын. Оған дейін жүре тұрармын, – деп тұжырды. Алматыдағы тойға Қарағандыдан шыққан әдемі қыздың тосын пікірі бәрімізді селк еткізді. Келесі аялдама «1-Алматы» бекеті екен. Жо­ғары орында қызу әңгімені мұқият тыңдап, алақанына иегін сүйеген қара қыздың көзіне тұнған сезім – Ана, Ұлт, Жер, Ел, Әке, Бала деген ұғымдарды әспеттеп жат­қандай еді. Қасымдағы сүр­бойдақ құрдасым сары қыз­дың телефон нөмірін алып жатты...

Бір үйдің баласындай тату-тәтті тіршіліктегі бір күніміз осылай өтті. Оның парқын ажырату сіздің ен­шіңіз­де, құрметті оқырман!

Мәди Алжанбай