ЖҮЛДЕМЕН КЕЛДІ ЖАС АҚЫН

Уақыты: 19.10.2018
Оқылды: 1146
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мимырт тірлікте тұтанып бір ой,
Өрнегін салды өмір әр таңға.
Әдемі қала атанып жүр ғой,
Талдықорған да сенің арқаңда, – деп үлкен жолға қанат қақтырған алақандай шаһарды әдемі өлеңімен әспеттеп, жыр қағаны Жұматай Жақыпбаевтай махаббат лирикасын тебірене толғап жүрген жас ақын Мұхтар Күмісбек жетісулық оқырмандарға жақсы таныс десек, еш қателеспейміз. Ардакүрең өнерді ауыздықтап, талант жолындағы ізденісте жүрген жас шайырдың мөлдір туындылары шынайылығымен, мазмұндылығымен, жел жыртқан жебедей өткірлігімен өлеңсүйер жерлестерінің жүрегінен орын алып үлгерді. Жалпақ жұрттың жаршысы «Жетісу» газеті баптап отырған сол ақынымыз күні кеше Қарағанды қаласында өткен Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық мүшәйрада жүлделі 3-орын иегері атанды. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбайдың қолынан марапатталған жас марғасқамыздың бұл жеңісі жетісулықтар үшін ортақ жетістік. Әріптесімізге  алар асуың бұдан да биік болғай деген ақеділ пейілімізді арнап, дүниеге келер талай Қасымнан десі басым ақын бол деген ізгі тілек білдіреміз.

«Жетісулықтар»