Есті ұрпақ - ел ертеңі

Уақыты: 19.09.2016
Оқылды: 1528
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ұлан-ғайыр жеріміздің асты да, үсті де толған байлық. Сұлулығы да таңдай қақтырмай қоймайды. Географиялық орнымыз, мұхиттардан шалғай жатқандығымыз, өзен мен көл, бау мен бақша еріксіз менмұндалап тұрады. Содан да болар, «ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деп ержүректеріміз барымызды ғасырлар бойы қызғыштай қорып, бүгінгі күнге дін аман жеткізгендігі.

Өзің емес, ұрпағың үшін, бүгінгің емес, келешегің үшін күн кешу керектігін ата-бабамыз санамызға мықтап сіңіртіп кетті. Сол үшін қиылмаған жан, төгілмеген қан қалмады. Құдай оңдап, «Көп тілеуі көл болып», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» келді. Осы орайда ертеңімізге деген нық сенім болу үшін әуелі көңіл алаңдататыны – бала тәрбиесі. Бала тәрбисі мықты болса, жоғарыда айтқандарымызды келешекке алаңсыз аманаттар едік. Бұл тұрғыда өзгелерден алар үлгі-өнегеміз аз емес. Мысалы, жапон халқын алар болсақ, қазіргі кезде технологиясы қарыштап дамып, экономикалық өрлеудің үздік үлгісін көрсетіп келеді. Тарихқа көз жүгіртсек, сонау Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң жаппай атом бомбасының құрбанына айналды. Елі де, жері де бүлінді. Алайда, еңсесін түсірмей ғылым мен білімге ден қойып, жетістігінің жемісін жеп келеді. Кішігірім аралын қаншама табиғи апат жайласа да ұлттық рухын төмендетпеді. Бұның барлығын неге айтып отыр десеңіз, «тәрбиенің талбесіктен басталатынына» бұл ұлт қатты мән берген. Әйел демей, ер демей тынымсыз тіршілік етеді. Арнайы баласына бөлетін уақыты болмағасын нәрестені арқасына немесе алдына байлап алып, бір оқпен екі қоян атуға даяр тұрады. Сондағысы қандай жұмыс жасаса да, қандай адаммен тілдессе де жеткіншек бәрін көріп, тыңдап жүреді. Тілі шықпаған баласымен үздіксіз сөйлесуді де әдетке айналдырған. Сондағы нәтижесі балалардың аяғынан бұрын бірінші тілі шығады екен. Жастайынан зерек, әр нәрсеге құмар келетін баланың болашағы жарқын болады. Ол тек өзінің отбасын ғана емес, елін алға жетелеп көш бастайды. Олардың балалары үздіксіз ұрыс-керісті көрмейді, жаман әдеттен ада болып, сыпайылық пен әдептілікті жолдас етіп ержетеді. Қарап тұрсаңыз, өздерін ұстауы, сөйлеу мәнері мен дауыс ырғақтары асқан кішіпейілдікті аңғартады.
Ал біз ертелі-кеш жұмыстан босай алмай, жан бағыстың қамымен жүйткиміз келіп. Тіпті, баламызды балабақшадан алып қайтуға уақытты әзер тауып жатамыз. Тілдеспек түгілі қарауға мұршамыз келмей, шаршап жатып қаламыз. Баламыз күні бойы не істейді, бос уақыты қалай өтеді, қандай достармен сөйлесетінінен бейхабармыз. Нәтижесінде ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық сынды әрекеттер жиілеп кетті. «Ауруын жасырған өледі» демекші, темірді қызған кезінде ұра алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Ес кіре жаргон сөздерді жаттап, тығылып шылым шегетін жас буын жетілуде. Ауып келгенде ұлттың қамын ойлайтын да солар. Бұл көріністер буынсыз жерден пышақ ұрғанмен бірдей-ақ. Дерттің асқынып, ушығатыны секілді, бұрыс тәрбие де дәл солай. Қазір темекіге әуестенсе, ақыр аяғы нашақорлыққа дейін жеткізеді. Жетесіздер көбейсе жиған-тергеннен не пайда? Ал ғасырлық мұра көзден бұл-бұлша ұшпайды ма?
Жалпыға топырақ шашу жарамас, түлкі кейіпке енген заманды тазыша шала алмай келуімізге көптеген себептер табылады. «Заманына қарай адамы» демекші, баға жетпес байырғымызды қазіргі қалыпқа кіргізіп, айла-әрекет жасауға мүмкіндік көп. Мысалға, жөргектегі сәбиден бастап бозбала жігітке дейінгі ұлттық тәрбиемізді заманауи құрал-жабдыққа кірістірсек... Ұлттық ойындарымыз смартфоннан табылса, атыс-шабыстардың керегі де болмай қалады. Өйткені асыққа, жылқыға деген құмарлық қазақтың геніне біткен. Классик жазушыларымыздың шағармаларына кино түсірілсе, шетелдің фильмдері сана уламас еді-ау. Бердібек Соқпақпаевтың туындыларынан бала біткен бас алмай қалар ма еді, кім білсін? «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, көшіміз жүре түзелер. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген баба өсиеті қайта жанданып, батыс мәдениетіне ауған көңіліміз кері қайтар. Көптеген кемшіліктеріміздің орнын жаңбырдан кейінгі кемпірқосақтай көкжиекке көтерілген жақсы жаңалықтарымыз болып, жарқын күнге деген қадамымыздың нық басарымызға сенім мол. 
«Үлкеннің жолын кеспе» деп жөн сілтейтін қарияларымыз ертеде балаға ертегі оқып, жыр-дастан жаттататын еді. «Ұлық болсаң, кішік бол» деп ұлттың малын емес, қамын жейтін текті ұрпақты өсірді. Жамандыққа – жақсылық етуді үгіттеп, таспен атқанды аспен ату керектігін ескертті. Әкесін көрген оқ жонып, анасын көрген тон пішті. Қыздары қырық үйден тыйылып, етек-жеңін қымтап өсті. Көркі қылығынан байқалып, сылдыры шолпысынан аңғарылады. Әкесі тұрып ұл сөйлегеннен, шешесі тұрып қыз сөйлегеннен безді. Көп сөзді көмір санап, аз сөзді алтынға балады. Жауы жағадан, бөрісі етектен алғанда да мойымай, ынтымақ түбін береке еткесін ХХІ ғасырдың әр таңы тәуелсіздікпен атып келеді.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген қазақ болашаққа үлкен үміт артады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп «жаманын жасырып, жақсысын асырады». «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» деген қазақтың әрбіріміз үшін емешегі үзілуге даяр. Ал сенімге селкеу түсірмей, келешектің қамын ойлау біздің мойнымызға артылған жүк.

Мәулен Әнербай