Баспана кілті табысталды

Уақыты: 19.09.2016
Оқылды: 1867
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күні кеше ғана Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Федотов пен Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Мырзағұл Абдығұловқа  пәтер кілтін табыс етті.

Қаскелең қаласындағы Сайран көшесінде үшқабатты  кең  әрі  жарық, қазіргі заман талабына сай бой көтерген үйде енді елі үшін аянбай тер төккен, қиын-қыстау заманда ертеңгі болашақты ойлаған ақсақалдар тұратын болады. Аталған баспана ауданы          30, 2 және 29, 7 шаршы метрді құрайды. Жаңа пәтер кілтін иеленгендердің ерлігі ерен. 
Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруіне қатысқан Федор Маркиянович бүгінде 94 жасқа келсе де, аудандық, қалалық, тіпті, облыстық қоғамдық жұмыстарға  белсене  араласады. Өңірдің белсенді жастары ұйымдастырған түрлі басқосуларда ақыл-кеңес беруден шаршаған емес. Ал тәуелсіздік жолында тер төккен Мырзағұл Абдығұлов өмірлік жары Қазнагүл екеуі ұзақ жылдан бері Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Ұлан ауылында тұрған. Өмірге төрт ұл әкеліп, олардан үш немере көріп, ардақты ата, әже атанған қос бәйтеректің қуанышында шек жоқ. Дегенмен, өткен күндерден қалған жүректегі сызат әлі күнге дейін өшпеген. Бұл әулеттің отағасы солақай саясаттың салдарынан жеті жылын қапаста өткізген. Тіпті, «ұлтқа төнген жау» деген айыппен өлім жазасына да кесілген. Бірақ үміт жібін үзбей ертеңіне сенген батыр түбі ақталып шықты. Ойлаған мақсаты, арманы орындалды. Өмірлік серігін жолықтырып, шаңырақ  көтерді. Жақсылық пен жамандық қатар жүретін мына дүние ешкімнің айтқанына көнбесі анық. Үкілеп өсірген қызы мезгілсіз өмірден өтіп,  асқар таудай әке мен аяулы ананың қабырғасын қайыстырды. Сонымен бірге күтпеген сыйлықтар болатыны секілді облыс басшысының қолдауымен берілген пәтер оларға қуаныштың көз жасын сыйлады. Қос қуаныш иелері отбасының атынан Елбасына, облыс, аудан басшыларына алғыс айтып, Тәуелсіздік мерекесімен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтады. 
Өз тілшіміз. 
Қарасай ауданы.