Сатыдағы спорт алаңы

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 1109
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Кеген ауданындағы Саты ауылында көк майсасы төселген, заманауи тамаша футбол алаңы ашылды. Бұл шын мәнінде шалғай ауылда спортты дамытуға жасалып отырған зор қолдау. Енді ауыл жастары, мектеп қабырғасында өсіп келе жатқан жас ұрпақ спорт алаңында уақыттарын мәнді де мағыналы өткізіп тұратын болады.

Кеген ауданының әкімі Талғат Байедилов, облыстық мәслихаттың депутаты Аян Айтжанов, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев футбол алаңының лентасын қиып, ауыл тұрғындары мен спортсүйер жастарға құтты болсын айтты. 
 Осынау қуанышты оқиға Саты ауылының тумасы, ұлағатты ұстаз, спорт жанашыры Өмірхан Асылбековты еске алуға арналған шағын футболдан турнирге ұласты. Асылбековтер әулетінің атынан Айдын Асылбеков сөз алып, футбол алаңының ашылу салтанатын еске алу турниріне ұластыруға қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді. 
 Бірнеше сағатқа созылған жарыстың қорытындысында Талдықорған командасы 1-орынды жеңіп алды. Жаркент командасы 2-орынды иеленсе, Жалаңаш ауылының командасы 3-орыннан көрінді. Кеген ауданы әкімі аппаратының командасы 4-орынды еншіледі. Жарыс жеңімпаздарының барлығына кубок, диплом, қаржылай, заттай сыйлықтар тапсырылды. Оның жүгін Өмірхан Асылбековтердің ұрпағы көтеріп алды. Сөйтіп, Саты ауылының орталығына көрік берген жаңа футбол алаңының ашылуы дүбірлі жарысқа ұласып, көпшілік бір серпіліп қалды. Әсіресе, ауыл жастарының қуанышын айтсаңызшы?! Қуаныш ұзағынан сүйіндіре берсін!
 

Қанат БІРЖАНСАЛ,
“Жетісу”

Кеген ауданы