Жасыл алаң жаңғырды

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 1378
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көксу ауданында Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадион қайта жаңғырып, тұрғындар игілігіне берілді. 

Елбасының әр жылғы Жолдауында басты тақырыптың бірі болып саналатын салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамытып, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің санын көбейту Көксу ауданында жүйелі жүргізіліп келеді. Көп жылдан бері жаңаша бой түзеуді қажет етіп тұрған Батыржан Оңғаров атындағы стадион бүгін адам танымастай өзгеріп кетті. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен күрделі жөндеуден өткен стадионның ашылу салтанаты кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Алмас Әділ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Батыржан Оңғаровтың зайыбы Тұрсынхан апай және ауданның Құрметті азаматтары мен спорт саңлақтары көп жиналды. Алыстан менмұндалайтын стадионның лентасын аудан әкімі Алмас Әділ мен Тұрсынхан апай қиғаннан кейін әжелеріміз шашуын шашып, келген жұрттың көңілі бір серпіліп қалды. Сыртқы қақпадан орталық алаңға дейін ауданның жас спортшылары қос қапталға тізіліп, дәліз жасап тұрған өрендер келген қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Қайта жаңғырған стадионға көрермен көп жиылыпты. Тұрғындар мен қонақтар алдында бірінші болып аудан әкімі Алмас Әділ сөз алды.  
– Бүгінгі күн аудан өмірінің тарих беттеріне алтын әріппен жазылатын қуанышты сәт, – деп бастаған Алмас Әділ жиналған жұртты стадионның ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, Көксу ауданы талантты спортшыларымен аты шыққан өлке екенін де тілге тиек етті. Қасиетті Көксу өзенінің бойынан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Маулен Мамыров, гір спортының майталманы Әмірбай Рысқұлов, Жұмахан Күзбаев, қол күрестен қарсылас шақ келтірмеген Әбдуәли Тастанов, самбо күресінен жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдос Қаңлыбаев, футбол саңлақтары Рауан, Саят Сариевтарды мақтанышпен айтуға болады. Жалпы аудан бойынша спорттағы жасалып жатқан ауқымды істерді саралап өткен аудан басшысы жаңа стадионда шыныққан жас өрендер ертең еліміздің намысын көтеретін спортшы болатынына сенім білдіріп, сәттілік тіледі. 
Заман талабына сай жаңғырған стадионда 840 орынды 2 трибуна, «ЛЭД» экран, футбол алаңы, жүгіру жолы, волейбол, гимнастика, ұзындыққа секіру және 2 үстел теннисінің алаңы бар.
Мұнан кейін ортаға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев шығып, құттықтау сөзін арнады. Бүгінгі есігін айқара ашқан стадионның күрделі жөндеуден өтуіне үлкен қолдау көрсеткен облыс басшысына алғысын білдірді. Барлық талапқа сай салынған жасыл алаң жастардың, спортты серік еткен болашақ чемпиондардың тұрақты орнына айналмақ. Бұл қуанарлық жайт. Бұл алаңда үлкен спорттық шара мен дүбірлі дода өтеді. Аудан тұрғындары жарқын жеңістердің куәсі бола алады. Осы арқылы біз жас ұрпақты салауатты өмір салтына тартамыз және Елбасының нақты тапсырмасын іске асырамыз деп сөзін түйіндеді. Есімі еліне танымал мемлекет және қоғам қайраткері Батыржан Оңғаровтың зайыбы Тұрсынхан апай да сөз сөйлеп, үлкен істі қолға алған облыс азаматтарына алғысын білдірді. 
Салатантты шараның соңы аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының ән-күйіне ұласып, келген жұртты бір серпілтіп тастады. Одан кейін жасыл алаңда Мұқыры ауылының «Мұқыры» футбол командасы мен ауданның жастарынан құралған «Жастар» командасының арасында жолдастық кездесу өтті. Екі команда да жасыл алаңда барын салып, тамаша ойын өрнегін көрсетті.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ,
“Жетісу”