Күріш орағы аяқталуға жақын

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 1526
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күріш дақылы – таптырмас тағам әрі дертке шипа. Соны бағамдаған Жетісу жұрты «ақ маржанды» күтіп-баптаудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінде күрішті ору науқаны аяқталуға жақын. Астықтың басым бөлігі қамбаға құйылды. Түсім  мол болғанымен ауа райының күрт төмендеуі өнімділікке кедергі келтіріп жатқан сыңайлы. Оған қарамастан шаруалар алға қойған жоспарды межелі күнге дейін бітіруді көздеп отыр.

Ақ күріш – Балқаш ауданының байлығы.  Қазір де шаруалар күннің қолайсыздығына қарамастан жаздай күтіп-баптаған дақылдарын күзгі жауын-шашынға ұрындырмай жинау үстінде. Жалпы, биыл аудан бойынша 8900 гектарға жуық  жерге күріш егілген. Бұл дақылға орақ салған диқандар қазір егіс алқабының 8000 гектарын дестелеп, қалған 7800-дей гектар жерді бастырып  үлгерді. Оның өнімділігі 40 центнерден айналуда.   
– Ауданымыздың ауыз толтырып айтар мақтанышының бірі осы. Егіншілікті қолға алған шаруалардың ешқайсысы ерінген емес. Десе де биылғы ауа райы күріш үшін қолайсыздау болып отыр. Көктемнің кешігіп келуі көп кедергісін келтірді. Қазір күннің күрт суытуы да адамдардың дегбірін қашыруда. Соған қарамастан өнімді жинау науқанын аяқтап қалдық, – дейді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев
 Жетісу өлкесінде ақ күріштің басым бөлігі Балқаш ауданында өсіріледі. Ол үшін аудан бойынша 67 комбайн мен 80-нен аса тасымалдау техникасы жұмылдырылған. Сонымен қатар,   жиын-терін уақытында  егіншілер Үкімет тарапынан жанар-жағармайды нарықтағы бағадан 25 теңгеге арзан алады.  Олардың қатарында ауданда ұзақ жыл бойы күріш өсірумен айналысып келе жатқан «Өтес-Ақдала» шаруашылығы да бар. Осы орайда аталмыш шаруашылықтың бригада басшысы Исатай Жүнісбаевпен тілдескен болатынбыз. 
– «Өтес-Ақдалада» 18 жыл жұмыс істеп келемін. Шаруашылық жағдайы жаман емес. Заман ағымына қарай техникамыз да түрленіп келеді. Жаңа техникалар жұмысты ілгерілетуге өз ықпалын тигізуде. Сондай-ақ, жұмысшыларға да сеп,  – деген ол шаруашылықтың қазіргі жай-күйімен таныстырды.
«Өтес-Ақдала» шаруашылығы 1998 жылдан бері егінмен айналысып келеді. Құрылымы заман талабына сай кешен қазір өңірімізді күрішпен толықтай қамтамасыз етуге күш салған. Озық үлгідегі неміс технологиясымен жабдықталған зауытта техника тілін жетік білетін 21 адам қызмет істейді. Олардың орташа жалақысы 70 мың теңге көлемінде. Кәсіпорынға тиесілі 10 мың гектар суармалы жер бар. Онда жыл сайын 2 мың гектарға күріш егіліп, өзге де дәнді дақылдар себіледі. 
– Үшінші жыл қатарынан «Анаит» сортын егудеміз. Қазір 1000 тоннаға жуық өнім келіп түсті. Соны өңдеп жатырмыз. Күріш сұранысқа ие дақыл. Көпшіліктен әзірге шағым түскен емес. Тұтынушылар тәттілігі мен жұмсақтығын жарыса айтуда,  – дейді зауыт меңгерушісі Ақмарал Нұрланқызы.
Иә, ала жаздай төгілген тердің өтеуі – бітік өскен әрбір дәнді ысырапсыз жинап алу қажет. Бұл жауапты науқанда қамшы салдырмастан  абыроймен жұмыс атқарған басқа да шаруашылықтар жетерлік. Атап айтсақ «Бірлік» ЖШС, «Динара» ӨК, «Өркен Дала» ЖШС. Сонымен қатар, жекелеген шаруашылықтар да егін орағын ойдағыдай аяқтады.
 Өңір диқандары алдағы уақытта ішкі нарықты қамтып қана қоймай, күрішті  көрші елдерге экспорттауды да жоспарлап отыр.

Мұхтар КҮМІСБЕК,
“Жетісу”

Балқаш ауданы