ТУРИЗМ - ДАМУ ДРАЙВЕРІ

Уақыты: 12.11.2018
Оқылды: 1195
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақтың Қызылжарында тарих қойнауына өзіндік ерекшелігімен енген өңіраралық форум өтті. Басқосу Ресей мен Қазақстан арасындағы туристік байланысты жандандыру және халықаралық озық жобалармен танысу мақсатында ұйымдастырылды. Форумға Ресей Федерациясының Президенті Владимир ПУТИН мен Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ келді. Жиын нәтижесінде қол қойылған 200-ден астам келісімшарт екі ел арасындағы сауда саласына тың серпіліс сыйламақ. Сонымен бірге, форумға қатысқан Президенттер өңірдегі білім-ғылымды, мәдениетті өркендетуге оң ықпалын тигізіп отырған бірқатар нысанды аралап көрді.

Халықаралық жиындағы кіріс-   пе сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің баяғыдан сенімді серіктес екенін еске салып, экономика саласындағы жемісті жұмыстарға тоқталды. Елбасы өз сөзінде Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы сегіз айдың ішінде 11 миллиард доллардан асып кеткенін айтты. Алдағы екі ай ішінде бұл көрсеткіш тағы 7 миллиард долларға толығады деп күтілуде. Бұл – көңіл тоғайтар көрсеткіш. Бүгінде екі ел арасында 60-қа жуық инвестициялық жоба жүзеге асқан. Ресейліктердің қатысуымен Қазақстанда 9 мыңнан аса кәсіпорын өнім шығарады. Осындай ірі жобалардың ішінде туризмнің де алатын рөлі зор. Мәселен, әлемде туризмнен түскен табыс экономиканың 10 пайызын құрайды. Туризмге тек ел аралап, сауық-сайран құру шарасы деп қарауға болмайды. Бұл сала – әлемдік дағдарыс кезінде елдің әлеуетін ілгері бастыруға септігін тигізетін бірден-бір драйвер.
– Ресейдегідей Қазақстанда да туристердің демалысты жақсы өткізіп, тамашалауына лайықты көптеген көрікті жер бар. Мысалы, ресейліктер, әсіресе, елдің Батыс Сібір бөлігіндегі тұрғындар демалу үшін жазда біздің елдегі Бурабайға, Балқаш пен Алакөлге, қыста Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортына және басқа да жерлерге келеді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Форум атқарылған шараларды көрсетумен шектелген жоқ. Маңызды жиында туризмді дамытудың жаңа тәсілдері таныстырылды. Оның ішінде, ғарыштық туризмді қолға алудың маңызы зор. Сондай-ақ, екі ел арасындағы әуе рейстері, білім беру ошақтары, көлік-логистикалық құрылымдар, шекарадан туристерді өткізу тәртібі мәселелері де көтерілді. Атап айтсақ, қазіргі таңда Ресей мен Қазақстан арасында 38 бағытта әуе рейсі қатынайды. Қазақстандық оқу орындары Ресейдің 93 университетімен әріптестік байланыста. Елбасы Қазақстан тарапы туризмді дамыту шеңберінде бесжылдық мемлекеттік бағдарлама дайындап жатқанын жеткізді. Бұл жоспар іске асса, Қазақстанға келетін туристер саны тағы 13 миллион адамға дейін көбеймек. Тарихы терең Қызылжар өлкесіне табаны тиген Ресей Президенті Владимир Путин алғашқы сөзін Елбасына алғыс айтудан бастады.
– Ресейдің 76 субъектісі Қазақстанның барлық аймағымен тығыз қарым-қатынас жасайды. Қаңтар-қазан аралығында 50-ден астам ресейлік делегация келді. Көптеген бизнес-миссия, жастар бағдарламасы ұйымдастырылды. Ғылым, білім, мәдениеттің өзекті мәселелері қамтылды. Екі елде де туристердің ерен қызығушылығын тудыратын ғажайып жерлер тұрғанда алыс елдерге саяхаттаудың өзі қисынсыз. Әлемде тартымды туристік орталықтардың бары талассыз. Бірақ Қазақстан мен Ресейдегідей табиғи әралуандылықты кездестіру қиын. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жандандыру керек. Туристік индустрия елеулі экономикалық әлеуетке ие, – деді Ресей басшысы.
Ресейге жыл сайын 3,6 миллион қазақстандық қыдырыстап барады. Ал Қазақстанға 3 миллион ресейлік сапарлайтын көрінеді. Алдағы уақытта турист алмасу көрсеткіші бұрынғыдан да арта түспек. Өз ойын осылай өрбіткен Владимир Путин қос тараптың тарихи-мәдени құндылықтарымен, дәстүрлерімен саяхатшыларды таныстыратын арнайы бағдарлама құруды ұсынды. Ресей басшысы ескерткіш пен мемориалдық орындарға танымдық саяхатты күшейтуді жөн деп есептейді
Қазір көпшілік қалалық жердегі көрікті нысандарға қызықпайды. Керісінше, экологиялық таза туризмге ерекше ықылас танытады. Туристер ауасы саф табиғат аясын іздейді. Ол жағынан Қазақстан мен Ресейде мүмкіндік мол. Владимир Путин сөз түйінін табиғат аясындағы інжу-маржандарымызды ұтымды пайдалану жайымен қорытындылады. Келесі кезекте мінберге көтерілген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы отандық туризмге сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын, соған сай қызмет ету шараларын жетілдіру жолдарын алға тартты. Министр ресейліктер тарапына Байқоңыр ғарыш айлағында туризмді дамыту факторларын атап көрсетіп, қолдау білдіруді сұрады. Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі Имантау-Шалқар курортты аймағы туралы сөз қозғап, Елбасы тапсырмасымен демалыс кешенін дамыту жоспары құрылғанын әңгімеледі. Отырыста баяндама жасап, ұсыныс-пікірлерін білдірген РФ Экономика министрі Максим Орешкин, Астрахань губернаторы міндетін атқарушы Сергей Морозов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Алтай Республикасының басшысы Алексей Бердников туризмді дамыту аясындағы нақты тәжірибелерімен бөлісті.
Форумда Президенттер Ресей мен Қазақстанның 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. Шара соңынан қос елдің басшылары ІТ жүйесімен жұмыс істейтін зертханалармен, оқу кеңселерімен, мәдени нысандармен танысып шықты. Сондай-ақ, Елбасы жұмыс сапары барысында Солтүстік Қазақстан облысындағы теміржол, телемеханика, байланыс және қауіпсіздік құрылғыларын көріп, қарқынды жұмыс үстіндегі зауыт пен цехтарды аралады.
Сапар кезінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың есебі тыңдалып, нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе, бұл өңірде ғана емес, Қазақстан бойынша ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісі кенжелеп тұр. Осы орайда Елбасы: «Мен ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі есеге көтеру міндетін қойдым. Бұл сіздердің облысқа да тікелей қатысты», – деді.
Халықаралық форумнан кейін Мемлекет басшысы қызылжарлық тұрғындармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме өрбітті. Аймақ жұртшылығы ұдайы қамқорлық танытып отыратын Елбасына алғыстарын жаудырды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР
Солтүстік Қазақстан облысы