ҚОЖАЛЫҚТАҒЫ ҚЫЗУ ЕҢБЕК

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1144
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көксу қант зауытының іске қосылуы ескелділіктердің үмітін үкілей түсті. Олардың тіршілігіне тәнті боласың. Аталған ауданның қант қызылшасы алқабындағы қызу жұмыс пен Бақтыбай ауылындағы «Дүйсенбінов» шаруа қожалығының игілікті істерін көргенде осындай ойға келдік.

Қазіргі күнде қант қызылшасы жетісулықтардың төл дақылына айналды десек артық айтқандық болмайды. Өйткені, диқандар осы дақыл түрін егу, баптау, өсіру арқылы мол өнім алудың әдісін жетік меңгерді. Оған облыстағы қызылша өсірушілердің жыл сайын көбейіп келе жатқаны дәлел. Осы тұрғыда ескелділіктер білек сыбана еңбек етуде. Ескелді ауданында қант қызылшасын жинау науқаны аяқталып қалды. Қазірдің өзінде жоспар артығымен орындалатыны белгілі болды.
 – Биыл аудан бойынша 2236 гектар жерге қант қызылшасы егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 350 гектарға артық. Жыл басында 82600 тонна қызылша жинау жоспарланып еді. 7 қараша күнгі есеп бойынша шаруалар Көксу, Ақсу қант зауыттарына 81400 тонна  қант қызылшасын өткізді. Алдағы уақытта әлі де 450 гектар жердің қызылшасын жинап алуымыз керек. Демек, биыл қант қызылшасын еккен диқандар мол табыс таппақ, – дейді Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әпеков.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің есебі бойынша, биыл Ескелді ауданындағы 141 шаруа қожалығы тәтті түбір егіпті. Солардың бірі – үш жылдан бері тәтті түбір өсірумен айналысып келген «Сариев» шаруа қожалығы. Басында 20 гектар жерге қызылша егіп, жұмыс бастаса, биыл оның аумағын 60 гектарға жеткізіпті. Алдағы уақытта 150 гектарға дейін өсіруді жоспарлауда. 
– Нұрмолда Алдабергенов атамыздың тұсында қант қызылшасының гектарынан 350 центнерден өнім алу  үлкен жетістік саналатын. Қазір гектарынан 500 центнер өнім жинаса, ешкім таңғалмайтын болды. Біз де биыл гектар берекелілігін   600 центнерден асырамыз де-ген ойдамыз, – дейді «Сариев» шаруа қожалығының төрағасы  Серік Сариев. 
Ауданда қызылша өсіретін техника да толық қарастырылған. Бүгінде 16 комбайн, 80-нен аса жүк көлігі дамылсыз қызылша жинап, тасып жатыр. Мұның сыртында 500-ден аса маусымдық еңбеккерлер осы жұмыстың басы-қасынан табылуда. Ауа райы қолайлы болса, қарашаның соңғы онкүндігінде науқандық жұмыс толығымен аяқталады.
Ескелділіктерді Қарабұлақ қант зауытының тоқтап тұрғаны қынжылтады. Десе де, оның да шешімін табар күн алыс емес екен.
– Аудан басшылығы алдағы уақытта Қарабұлақ қант зауытын қайта қалпына келтіруді қолға алды. Келесі жылдан бастап қант қызылшасын қабылдау пунктін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ойдағыдай болса, аталған зауыттың қайта іске қосылуына сенім мол, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ермек Әпеков.
Облыс әкімі Амандық Баталов Қарабұлақ қант зауытын іске қосуға қолдау білдіретінін  жеткізген. Жоспар орындалса, ескелділіктердің ауылшаруашылығы саласындағы жетістігі еселене түсері хақ. Сонымен бірге, кейінгі жылдары Ескелді ауданында мал шаруашылығы саласы да өркендеп келеді. Оған өңірімізде ірі кәсіпорын ашуға бел буған шетелдік инвесторлардың ірі жобалары түрткі болуда.
Сол қатарда былтыр Еуропа нарығының 25 пайызын иеленген Германияның «Бауман» компаниясы өңірімізден ет өңдейтін үлкен кешен салу туралы облыс әкімдігімен келісімге келді. Бұл аймақтағы мал шаруашылығын өркендетуге сеп болады деп күтілуде. Осы мүмкіндікті мықты игерген ескелділік «Дүйсенбінов» шаруа қожалығының төрағасы Айдын Қасымұлы биылдан бастап мал өсіре бастады. 
Бақтыбай ауылында кеңес кезінде салынып, тоқырау жылдары қаңырап қалған базды Айдын Қасымұлы сатып алып, биыл қалпына келтірді. 700 бас тоқтыны бағуға алды. Алдағы уақытта ұсақ мал басын 1500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қираған үйлерді бүтіндеп, жерасты суын шығарып, 9 гектар аумақты қоршап, абаттандырды. Тағы да ірі қара ұстайтын қораны жаңалап, алдағы уақытта 100 бас «Алатау» тұқымды сүтті сиырларды кіргізбекші. Оның санын алдағы уақытта 400 басқа жеткізуді ойластыруда. Оның 200 басын сүтті, қалғанын етті бағытта өсірмек. Тіпті келесі жылы тауарлы-сүт фермасын құрып, жұмыс ауқымын кеңейте түспек.
– Өткен жылы кәсіпкер Бауман өңірімізге келіп, ірі ет өңдеу кәсіпорнын құратыны жайлы облыс әкімдігімен келісімге отырған соң біздің шаруашылыққа арнайы ат басын бұрып, мүмкіндігімізбен танысты. Бизнес жоспарымызды көріп, жол көрсетті. Ет өңдейтін ірі кешен құрылса, жұмысымыздың ілгері басатынына сеніміміз кәміл. Демек, қорадағы малымызды қайда апарып өткіземіз деп қиналмаймыз, – дейді Айқын Қасымұлы.
Бұл жұмыстардың бәрін Айдын Қасымұлы өз қаражатымен жасауда. Әкесі Қасым қарт кезінде шаруамен айналысып, ауылдастарына қайырымды болыпты. Айдын да әкесі салып кеткен сара жолды жалғастырып келеді. Бүгінде Айдынға тиесілі 500 гектар суармалы жер бар. Оны өңдеуге қажетті техникалар да жеткілікті. Осы жерден мал азығын өндіріп,  арпа, бидай, қызылша егіп шаруасын шалқытуда. Бұрын оның шаруашылығында 30 шақты адам жұмыс істесе, мал бордақылау алаңына тағы да біраз ауылдасын жұмысқа қабылдапты.
– Бір ауылда Айдындай бір  азамат болса, сол ауылдың бағы деп білген жөн. Еңбекақымызды да ай сайын кешіктірмей береді. Науқан кезінде жұмысшылар еңбекақысын пайызбен алып тұрады. Бұрын егінмен айналысушы едік, енді мал шаруашылығына беттедік. Осы арқылы тағы да біраз азаматқа жұмыс табылды, – дейді Бақтыбай ауылының тұрғыны Арғынбай Кенжебаев.
Айдынның алдағы жоспары да көп. Қазіргі мақсаты – қолда бар қаражатын тиімді пайдаланып, мал бордақылау алаңының жұмысын дамыту. Келесі жылдан бастап тауарлы-сүт фермасын құрып, оның көлемін ұлғайтып, көптеген жұмыс орнын ашып, өскен ауылына өзіндік үлесін қоспақ ниетте.

Қажет АНДАС
Ескелді ауданы